“Бір әннің тарихы”: "Алтайдың ар жағынан келген ару" әні қалай пайда болды?

Жаңалықтар
view 432
news

Фото: Видеодан кадр

Талайдың көңілінен орын алған "Алтайдың ар жағынан келген ару" әнінің шығу тарихы туралы әртүрлі нұсқалар бар. Janabastau.kz сайты әннің авторы марқұм Тынышбай Рақымның өзі айтып кеткен нақты тарихты ұсынады.

Әннің әуенін де, сөзін де белгілі ақын-сазгер Тынышбай Рақым жазған. Бұл әнді көп жылдар бойы Сәкен Қалымов орындады. Тарихқа үңілер болсақ, 1991 жылы Қытай елінен Қазақстанға арнайы шақырумен әр түрлі өнер өкілдері келеді. Қытайдан келген делегация ішінде Әмина Еркешқызы есімді қазақ қызы жүреді.

Өзі Үрімші қаласындағы қазақ телевизиясында диктор болып қызмет етеді екен. Ол екі елдің арасында аудармашы болады. Бірақ екі ортада тек ресми әңгіме ғана болу керек. Салтанатты сара аяқталғаннан кейін, Әмина қайта-қайта артына қарап, атамекенін қимай жатады. Мұны сырттан байқаған Тынышбай Рақым қарындасына жаны ашып, қарындасымен тіпті, тілдесе алмағанына іштей өкініп жатады да, ішінен: «Қимайтын жан екенсің жат ұяға» деп айтады. Кейін үйіне келіп қалған өлең жолдарын жазып, күйсандыққа отырып, әуенін жазады.

«Алтайдың ар жағынан келген ару» әні көпшілік ойлағандай махаббатан туған ән емес. Тұңғыш рет 1993 жылы «Кеш жарық» бағдарламасында әнші Сәкен Қалымов шырқаған. Бұл ән өзге елде тұрып жатқан қазақ бауырлардың рухын көтеріп, «елге оралыңдар, бауырлар» деген үндеу іспетті болған еді.

Тынышбай Рақым (1946–1999) 12 қыркүйекте Өзбек КСР-і Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданы, Свердлов атындағы колхозда туған. 1963 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің ұлт аспаптары бөліміне оқуға түсіп, оны тамамдағаннан кейін Жаңатас қаласындағы мектептерде музыка пәнінен (домбыра класы) сабақ беріп, 1971 жылға дейін ұстаздық қызметте болған. ҚазМУ-ді бітірген.

Тынышбай Рақымның «Жаңатас көктемі» атты алғашқы әні мен сөзі 1965 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрген. Біраз әндері «Өнер» баспасынан шыққан әуесқой композиторлардың жинағында жарияланып, біраз әндері «Алтайдың аржағынан келген ару», «Бозорамал», «Алтайдан сәлем» т.б. эфирге шығып жүр.

“Алтайдың ар жағынан келген ару”
Cөзі мен әнін жазған: Тынышбай Рақым
Орындаушысы: Сәкен Қалымов

Қимайтын жан екенсің жат ұяға
Қарғам-ау, кез келдің-ау қапияда, шіркін
Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым
Сүйсіндім сымбатыңа, қабағыңа
Ұқсаттым асқар Алтай маралына, шіркін
Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым
Алтайдың ар жағынан келегн ару
Жарқ етіп қарағаның емге дәру, шіркін
Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым
Баянды болсын сенің құшар бағың
Қолыңды қош айтысып қыса алмадым, шіркін
Мөп-мөлдір жанарың-ай Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай
Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым
Мөп-мөлдір жанарың-ай
Жаз дидар жамалың-ай
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай Қасыңа бара алмадым
Сездің бе жан арманым
Еріксіз, қалқам саған ән арнадым

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *