Қазақстанда электрмобильдерге жасыл нөмір енгізілмек
Фото: magnific.com
Елімізде электрмобильдерге арнайы жасыл мемлекеттік нөмір беру ұсынылды. Ішкі істер министрлігі бұл бастаманы қолдап отыр, ал сарапшылар мұндай көліктерге қосымша жеңілдіктер қажет екенін айтады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Автокөлік жүргізушілері мен сарапшылар электрмобильдерге арнайы мемлекеттік нөмір енгізу ұсынысына пікір білдірді. Олардың айтуынша, жасыл түсті нөмірлер көліктерді тез анықтауға мүмкіндік беріп, жүйені автоматтандыруға жол ашады. Бастама парламенті мәжілісі деңгейінде көтеріліп, ішкі істер министрлігі тарапынан қолдау тапқан.
Электрмобиль жүргізушісі Марат Сәрсеков осы бастаманы қолдайды. Оның айтуынша, арнайы нөмірлер көптеген мәселені жеңілдетеді.
Осылай ыңғайлырақ болады. Біз жыл сайын тұрақ компаниясынан жеңілдікті ұзартуды сұрамаймыз. Шымбұлаққа кіру үшін де әр жолы тізім жаңарғанда өтініш бермейміз. Мемлекеттік нөмірдің өзі электрмобильдің артықшылықтарын көрсетіп тұрады, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанда электрмобильдер саны қарқынды өсіп келеді. Қазір елде 31 мыңнан астам осындай көлік бар. Жаңа модельдер көбейгенімен, жүйелер кейде бұл өзгерістерге ілесе алмай жатыр. Кейбір өндірушілер бір модельдің электр және гибрид нұсқаларын қатар шығарады. Сырт көзге оларды ажырату қиын. Сол себепті жүргізушілерге құжат көрсетуге немесе дерекқор арқылы тексеруге тура келеді. Жасыл нөмірлер осы мәселені жеңілдетуге тиіс.
Ішкі істер вице-министрі Санжар Адиловтың айтуынша, мұндай тәжірибе Қытай, Ұлыбритания және Норвегия елдерінде бұрыннан бар.
Біз бұл мәселені қарастырдық және қолдаймыз. Заң қабылданғаннан кейін тиісті нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп, ел бойынша енгізіледі, – деді ішкі істер вице-министрі Санжар Адилов.
Алайда сарапшылар тек жасыл нөмірлер жеткіліксіз екенін айтады. Олардың пікірінше, электрмобильдерге қосымша жеңілдіктер қажет. Қазір мұндай көліктер көлік салығынан босатылған, жеңілдетілген тұраққа ие және кейбір табиғи аймақтарға еркін кіре алады. Бірақ бұл жеткіліксіз.
Қазір бізде электрмобильдерге небәрі екі-ақ жеңілдік бар. Олар аса тартымды емес. Егер, мысалы, электрмобиль иелеріне автобус жолағымен жүруге рұқсат берілсе, бұл әлдеқайда тиімді жеңілдік болар еді, – деді автосарапшы Алексей Алексеев.
Пікірлер (0)