Құтқарушылар ақмолалықтарға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салды
Фото: Ресми дереккөзден
Ақмола облысының су айдындарында мұз қату кезеңінің басталуымен жазатайым оқиғалардың орын алу қаупі артады. Құтқарушылар тұрғындарды әлі толық қатпаған мұз үстіне шықпауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Аслан Нұрқанов мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
ТЖД мәліметінше, өткен жылы мұз қату кезеңінде құтқарушылар мұз астына түсіп кеткен екі балаға көмек көрсеткен. Тағы бір оқиға қайғылы аяқталған: жұқа мұз үстінде балық аулау кезінде бір адам қаза тапқан.
Құтқарушылардың ескертуінше, бір адамның қауіпсіз жүруі үшін мұздың қалыңдығы кемінде 10 сантиметр, ал бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін кемінде 25 сантиметр болуы қажет. Сонымен қатар бір су айдынының өзінде мұздың қалыңдығы әркелкі болуы мүмкін. Әсіресе ағысы бар жерлер, көпір маңы мен қамыс өскен аумақтар аса қауіпті.
Мамандар балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударуды сұрайды. Ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмау және қатып қалған су бетіне шығудың қауіпті екенін түсіндіру ұсынылады. Сондай-ақ балықшыларға жұқа мұз үстіне шықпауға және аулау үшін өз өмірлерін қатерге тікпеуге кеңес беріледі.
Оқиға орын алған жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласып, көмек сұрау қажет.
Пікірлер (0)