Халық Кеңесінде Тоқаев жазушыларға: қала жастарын «асфальт қазағы» деп бөлуге болмайды
Фотосурет ашық дереккөзден
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында жазушыларды қала тақырыбына арналған шығармаларды көбірек жазуға шақырды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ halyq-kenesi.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. Президент бұл мәселені урбанизация үдерісімен және қазіргі қазақ қоғамының өзгеруімен байланыстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдың қазақ қоғамындағы орны ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар қазіргі кезеңде қала мәдениеті мен қала өркениетін дәріптеуге де назар аудару қажет екенін айтты.
«Біз ауыл туралы көп айтамыз. “Ауыл – халқымыздың алтын бесігі” деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма?
Бәрімізге белгілі, дүние жүзінде “урбанизация” атты жаһандық үрдіс болып жатыр. Бүгінде өмірдің қызығы – қалада. Бұл да – шындық. Қазірдің өзінде біз қалада жиналып отырмыз. Сондықтан алдымызда тұрған маңызды әрі өзекті міндет: қала өркениетін дәріптеуіміз керек. Бұл істе өркениеттің озық талаптарына сай болуымыз қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қалада өмір сүретін жастарға қатысты қоғамда қалыптасқан кейбір түсініктерге де тоқталды.
Оның айтуынша, кейбір жазушылар қалада тұратын жастарды «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ» деп атап, оларды ауыл жастарына қарсы қоюға бейім.
Президент мұндай бөліністі дұрыс емес деп бағалады.
«Қазіргі таңда қалаларда өмір сүріп жатқан жастарымыз қазақ мектептерінде қазақ тілінде сапалы білім алуда. Сондықтан біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осы мәселеге байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігіне арнайы тапсырма бергенін де айтты.
Президенттің сөзінше, алдағы уақытта жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби байқаулар өткізу қажет.
«Жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби сайыстар өткізуіміз керек. Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қазіргі қазақ қоғамының бейнесін әдебиетте көрсету барысында ауыл мен қаланы бір-біріне қарсы қоюдан гөрі, өзгеріп жатқан өмір салтын, жаңа буынның болмысын және заманауи қала мәдениетін көркемдік тұрғыдан бейнелеуге басымдық берген жөн.
Пікірлер (0)