Ерлан Қарин: «Құрылыс және тағы да құрылыс» – экономикалық саясат қана емес, идеологиялық ұстаным

Жаңалықтар
view 26
news

ФОТО

Қазақстанның болашағы тек экономикалық өсіммен емес, білім, ғылым және технологияның дамуымен өлшенеді. Алматыда өткен халықаралық симпозиумда Вице-Президент Ерлан Қарин Мемлекет басшысының «Халықтық құрылыс» бастамасының мәнін түсіндіріп, елді жаңғыртудың негізгі бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

Алматыда ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Этика. Болашақ» халықаралық симпозиумы өтті. Жиында Вице-Президент Ерлан Қарин Қазақстанның тарихи және рухани мұрасын зерттеу, отандық ғылымды дамыту және жаңа технологияларды игеру мәселелеріне назар аударды.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында келер ұрпаққа ғылымы дамыған, технологиясы озық, қуатты мемлекет қалдыру міндетін алға қойды. Осы мақсатта жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы елдің әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына тың серпін беруге бағытталған.

«Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында да келер ұрпаққа жоғары технологияға, білім мен ғылымға табан тіреген күшті Қазақстанды аманат ету қажет екенін ерекше атап өтті. Сол үшін де «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жариялады. Соның аясында еліміздің барлық аймағында жүздеген ғылым, мәдениет, спорт және басқа да әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар бой көтеретін болады. Бұл нысандар халықтың игілігіне қызмет етеді», – деді Ерлан Қарин.

Вице-Президенттің пікірінше, аталған бастаманы тек құрылыс нысандарын көбейту немесе экономикалық жобаларды жүзеге асыру деп түсінуге болмайды. Оның ауқымы әлдеқайда кең.

«Президенттің Жолдауда айтқан «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген үндеуі – Қазақстанның экономикалық саясаты ғана емес, бұл – белгілі бір дәрежеде идеологиялық формула. Себебі, бұл – жасампаздыққа бағыттайды. Бұл баршамыз жұмыла бірге еңбек етіп, саламыз, жасаймыз, құрамыз дегенді меңзейді», – деді ол.

Ерлан Қарин Мемлекет басшысының бастамалары экономикасы қуатты, технологиясы дамыған, білімі мен ғылымы озық, жасампаз мемлекет қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.

Симпозиумда көтерілген мәселелер Қазақстанның тарихи және рухани мұрасын зерделеу мен заманауи ғылыми дамудың өзара байланысын тағы бір мәрте күн тәртібіне шығарды. Ғылым мен білімге сүйенген даму – елдің ұзақ мерзімді болашағын айқындайтын негізгі бағыттардың бірі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *