ЗАҢ МЕН ТӘРТІП — ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІҢ НЕГІЗІ

Жаңалықтар
view 28
news

Фото

Құқық бұзушылықтың алдын алу — мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — қоғамның тұрақты әрі бейбіт дамуының маңызды шарттарының бірі. Заңдылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру — «Заң мен тәртіп» қағидатының негізгі бағыттары. Қоғамдық қауіпсіздік әр адамның күнделікті іс-әрекетінен басталады. Айналадағы адамдарға құрметпен қарау, белгіленген ережелерді сақтау, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау және құқыққа қайшы әрекеттерге төзбеушілік таныту қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ықпал етеді. Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алудың құқықтық негіздері 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңымен реттеледі. Аталған заң мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтардың құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы қызметінің құқықтық, әлеуметтік, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңызы зор. Оған түсіндіру жұмыстары мен профилактикалық кездесулер өткізу, құқыққа қайшы әрекеттердің себептерін анықтау және азаматтарға қажетті көмек көрсету жатады. Басым бағыттардың бірі — қоғамдық орындарда құқық бұзушылықтың алдын алу. Бұзақылық, қоғамдық тәртіпті бұзу, агрессивті мінез-құлық, бөтеннің мүлкін бүлдіру және төбелеске қатысу айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп қана қоймай, заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғады. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де ерекше назар аударуды қажет етеді. Буллинг, қорқыту, зорлық-зомбылық, бопсалау және кәмелетке толмағандарды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту мәселелері ата-аналардың, педагогтердің, мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен назарында болуы тиіс. Цифрлық қауіпсіздік мәселесі де өзекті. Интернет-алаяқтық, кибербуллинг, қорқыту және жеке деректерді заңсыз пайдалану азаматтарға елеулі зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және интернетте ақпарат тарату кезінде жауапкершілік таныту маңызды.

Құқық бұзушылықтың алдын алу тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Әрбір азамат қоғамдық тәртіпті сақтауға, құқық бұзушылық фактілері туралы тиісті органдарға хабарлауға және профилактикалық жұмыстарға үлес қосуға тиіс. Өмір мен денсаулыққа қауіп төнген жағдайда 102 немесе 112 нөмірлері арқылы шұғыл қызметтерге хабарласу қажет. Заң мен тәртіп — тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы өзара құрметтің, сенім мен қауіпсіздіктің негізі. Мемлекеттік органдар мен азаматтардың бірлескен жауапкершілігі арқылы ғана әр адамның құқығы қорғалатын, заң үстемдік ететін қауіпсіз қоғам қалыптастыруға болады.

Заңды сақтау — әр азаматтың өзінен басталады!

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *