Әсем Орынбай Қазақстанға Лос-Анджелес Олимпиадасының жолдамасын алып берді
Фотосурет
Қазақстандық мерген Әсем Орынбай 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына Қазақстан атынан қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялық жолдама жеңіп алды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан ISSF спорттық атудан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Әсем Орынбай әйелдер арасындағы «скит» жаттығуы бойынша финалдық кезеңде бесінші орынға ие болды.
Бұл нәтиже Қазақстан құрамасы үшін маңызды жетістік саналады. Әлемнің үздік мергендері бақ сынаған додада отандасымыз Олимпиадаға лицензия алуға мүмкіндік беретін нәтижеге қол жеткізді.
Әсем Орынбай іріктеу кезеңінде 125 нысананың 121-ін дәл атып, үздік сегіз спортшының қатарына енген болатын.
Айта кетейік, Олимпиадалық лицензия халықаралық ережеге сәйкес спортшының жеке атына емес, елдің Ұлттық олимпиада комитетіне беріледі. Олимпиадаға қатысатын спортшы кейін ұлттық іріктеу тәртібімен анықталады.
Әсем Орынбай – стенд атудан Қазақстан құрамасының тәжірибелі спортшыларының бірі. Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп, ел намысын әлемдік додаларда қорғап келеді.
Әлем чемпионаты 2026 жылғы 1–14 қараша аралығында Дохада өтеді. Жарысқа 90 елден 1000-нан астам спортшы қатысуда. Қазақстан атынан стенд атудан 12, нысана көздеуден 18 спортшы бақ сынап жатыр.
Дохадағы әлем чемпионаты – 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу кезеңінің алғашқы маңызды жарыстарының бірі. Бұл додада спорттық атудың 12 жеке жаттығуы бойынша барлығы 36 олимпиадалық квота қарастырылған.
Пікірлер (0)