Астанадан шығатын жолдар жабылды: жүргізушілерге шұғыл ескерту жасалды

Жаңалықтар
view 74
news

Фотосурет ашық дереккөз

Қазақстанның екі облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың бірнеше учаскесінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Әсіресе, Астанадан Щучинск пен Павлодар бағытында жолға шығуды жоспарлаған жүргізушілер сақ болғаны жөн деп, JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлайды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 8 қараша күні сағат 17:20-дан бастап Ақмола және Павлодар облыстарындағы бірқатар республикалық жолдарда жазғы дөңгелекпен жабдықталған көлік құралдарының қозғалысына уақытша тыйым салынды.

Ақмола облысында қозғалыс шектелген жолдар:

  • Астана – Көкшетау – Петропавл – Ресей шекарасы тасжолының 18–232-шақырым аралығы;

  • Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы тасжолының 16–200-шақырым аралығы;

  • Көкшетау – Атбасар автожолының 0–184-шақырым аралығы.

Павлодар облысында:

Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – Ресей шекарасы тасжолының 200–254-шақырым аралығында қозғалысқа шектеу қойылды.

Жолдар қашан ашылады?

Алдын ала мәлімет бойынша, көлік қозғалысын 9 қараша күні сағат 09:00-де қалпына келтіру жоспарланған. Дегенмен бұл уақыт ауа райы мен жол жағдайына байланысты өзгеруі мүмкін.

Мамандар жүргізушілерге алыс сапарға шығар алдында көліктің техникалық жағдайын тексеріп, қысқы дөңгелекке ауысуды және жолдағы шектеулер туралы ақпаратты нақтылауды ұсынады.

Жолдардың жағдайы туралы толық ақпаратты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының 1403 байланыс орталығынан алуға болады.

Дереккөз: «ҚазАвтоЖол», Kazinform, Inbusiness.kz.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *