Мемлекет басшысы Тәжікстан Президентімен келіссөз жүргізді
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан көшбасшысына ілтипат білдіріп, бұл сапар екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
– Бүгін біз бауырлас мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы жөнінде толық негізде айта аламыз. Екіжақты ынтымақтастықта қандай да бір мәселе жоқ. Көпжақты байланыстарымызды одан әрі ілгерілету мақсатында қарастырып, шешімін табуды қажет ететін жайттар бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, өзара тиімді жобаларды іске асыру және қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау тұрғысынан тек алға қарай қадам басып келеміз. Қазақтар тарихы бай, төл мәдениеті мен рухани мұрасы байтақ көне ұлт ретінде тәжік халқына құрметпен қарайды. Сіздің парасатты әрі көреген саясатыңыздың арқасында Тәжікстан көптеген салада ауқымды реформалар жүргізіп, таңғаларлық табыстарға қол жеткізді. Осы өзгерістердің нәтижесі экономиканың орнықты өсімінен, халықтың әл-ауқатының артуынан көрініс тауып отыр, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның есімі қазіргі Тәжікстан тарихында ерекше орын алатынына тоқталды.
– Сізге күрделі, тіпті тағдыршешті деуге болатын кезеңде елге жетекшілік жасау және Тәжікстанды бейбітшілік, бірлік пен жасампаз даму жолына бастау сынды зор тарихи жауапкершілік жүктелді. Тегеурінді әрі парасатты басшылығыңызбен Тәжікстан өзінің мемлекеттілігі мен қоғамдық келісімді нығайтып, қарқынды өркендеу жолына бет алды. Сондықтан тәжік халқы Сіздің Отан алдындағы тарихи еңбегіңізді бағалап, Ұлт көшбасшысы деп атайды. Қазақстан жұртшылығы да Сізді өз халқына және күллі Орталық Азия елдеріне өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері санайды. Сіз рухани негіздерімізді нығайтуға, тарихи жадыны және ұлттық мәдени мұраны сақтауға ұдайы көңіл бөліп келесіз. Тәжік халқының тарихы мен мәдениетін, көрнекті ойшылдар мен шайырлардың шығармаларын насихаттау жөніндегі бастамаларыңыз зор құрметке лайық, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сан қырлы байланыстарды тереңдетуде айрықша рөл атқарғанына назар аударды.
– Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесіңіз – өлшеусіз. Баршаға мәлім беделіңіз, бай мемлекеттік тәжірибеңіз және бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясына деген берік ұстанымыңыз біздің аймақтағы өзара түсіністік пен сенімді бекітуге септігін тигізді. Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда – Қазақстан халқының Сізге және бауырлас тәжік еліне көрсеткен шынайы құрметінің белгісі. Осы рәсім елдеріміздің мызғымас достығының тағы бір жарқын нышанына айналады деп сенемін. Құрметті Эмомали Шарипович, Сізге сарқылмас күш-қуат, жауапты қызметіңізге толайым табыс тілеймін, бауырлас тәжік халқы Сіздің басшылығыңызбен бейбіт өмір сүріп, өркендей берсін, – деді Қазақстан Президенті.
t.me/aqorda_resmi
Пікірлер (0)