ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КОМИССИЯСЫНЫҢ ОТЫРЫСЫНДА ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ ЖӘНЕ КӘДЕГЕ ЖАРАТУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Фото: Ресми дереккөзден
Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің Экологиялық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптау, қайта өңдеу және кәдеге жарату жүйесінің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
2025 жылы Қазақстанда шамамен 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзілген. Оның 1,5 млн тоннасы немесе 30,7%-ы қайта өңделіп, кәдеге жаратылған. Сонымен қатар еліміздегі 2 911 полигонның тек 577-сі (19,8%) ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкес келеді. Отырыс барысында қалдықтарды бөлек жинау инфрақұрылымын дамыту, полигондардың жағдайын жақсарту, қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыру және оларды қажетті шикізатпен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қазіргі уақытта қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы мақұлданған 71 жобаның 34-і қаржыландырылып, 12-сі пайдалануға берілген. Сонымен қатар Астана қаласында қалдықтардың қозғалысын есепке алу мен бақылауға арналған цифрлық жүйенің пилоттық жобасы таныстырылды. Қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және қалдықтарды бөлек жинау дағдыларын кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша 20 қарашаға дейін қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар пакетін әзірлеу тапсырылды.
Пікірлер (0)