Ақмола облысында мобильді байланыс сапасы төмен аймақтардың 80%-ы қамтылды

Жаңалықтар
view 54
news

Фото: Ресми дереккөзден

Ақмола облысында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. Өңірде жаңа байланыс нысандары салынып, талшықты-оптикалық желілер тартылып, мобильді интернеттің қамту аймағы кеңейтілуде. Жыл басынан бері байланыс сапасы төмен 90 учаскенің 72-сіндегі мәселе шешілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Инфокоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және жобаларды басқару бөлімінің басшысы Мөлдір Баймағанбетова мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында облыстың 281 ауылдық елді мекеніне талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту көзделген. Тағы 23 ауылда спутниктік интернетке қосу жоспарланып отыр. Бүгінде 2,4 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық желі тартылып, Starlink және OneWeb спутниктік жабдықтарының 80-ге жуық жиынтығы орнатылды. Сонымен қатар байланыс операторлары 60 жаңа нысан салып, қолданыстағы 80 базалық станцияны жаңғыртты. Жұмыстар Көкшетау, Қосшы, Атбасар, Щучинск қалаларын және облыстың басқа да елді мекендерін қамтыды.

Әлі де 18 проблемалық учаскеде жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар Көкшетау, Атбасар, Ерейментау қалаларында, сондай-ақ Бурабай және Зеренді аудандарында орналасқан. Кейбір аумақтарда байланыстың сапасын жыл соңына дейін, қалғандарында 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында жақсарту жоспарланған. Осындай жұмыстардың бірі — Егіндікөл ауданындағы Буревестник ауылында жүзеге асты. Мұнда шамамен 90 адам тұрады. Аудан әкімдігі мен Beeline операторының бірлесуімен салынған жаңа базалық станция 5 қазанда іске қосылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары мобильді байланыс пен интернетке қол жеткізді.

Бүгінде облыстағы 511 жалпы білім беретін мектептің барлығы интернетпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар Smart Aqmola жүйесінде интернет жылдамдығын күнделікті бақылау пилоттық режимде іске қосылды. Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, оларды жедел жоюға мүмкіндік береді.

«Біздің басты міндетіміз - тіпті шағын және шалғай ауылдардың тұрғындарын да тұрақты байланыспен қамтамасыз ету. Сонымен қатар интернеттің жай ғана қосылып тұруы емес, қажетті жылдамдықта жұмыс істеуі маңызды», - деді Мөлдір Баймағанбетова.

Облыстың барлық ауданында байланыс желісін дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары жалғасуда.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *