Енді халықты алдап жүрген инфо-сығандардың жағдайы қиындайды: мәселе Парламентте қаралмақ
Сурет: Ашық дереккөзден
Сенат депутаты Геннадий Шиповских Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында заңсыз ойындар, лотереялар және онлайн жарнамалар жасап жүргендерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Алдағы бейсенбі күні Сенатта маңызды мәселелер қаралады. Солардың бірі – “инфо-сығандарға” қатысты мәселе, яғни түрлі ұтыстар мен ойындар ұйымдастырып, адамдарды алдап жүрген блогерлердің әрекеті, – деді депутат.
Оның сөзінше, жақында белгілі бір отбасы арнайы автокөлікке қатысты лотерея өткізген, оған көп адам қатысып, сенім артқан.
Алайда сол ұтысқа қатысу үшін адамдарға міндетті түрде арнайы курсқа жазылу қажет болған. Бұл – заңсыз әрекет, – деді депутат.
Сонымен қатар депутат тағы бір жағдайға назар аударды. Белгілі бір тұлға онлайн казино жарнамалағаны үшін бес рет әкімшілік айыппұл алғанымен, заңсыз жарнама жұмыстарын тоқтатпаған.
Ол бес рет айыппұл төлеп, бірақ әлі де заңсыз ұтыс ұйымдастыру және жарнамалау әрекеттерін жалғастырып жатыр, – деді Геннадий Шиповских.
Осыған байланысты депутаттар Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп тиісті шаралар қарастырмақ.
Алдағы уақытта заңға сәйкес жауапкершілік әкімшілік жазадан қылмыстық жазаға күшейтіледі, – деп айтты депутат.
Пікірлер (0)