Конституциялық түзетулер мен референдум мәні - сарапшылар не дейді
Жаңалықтар
234
ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетін толықтырулар енгізу туралы бастама көтерген болатын. Осылайша, Ата заңның 33 бабына түзетулер әзірленді, бұл - оның үштен бір бөлігіне өзгерістер мен түзетулер енгізіледі деген сөз. Президент 5 маусымда республикалық референдум өткізу жөнінде жарлыққа қол қойды. Енді Конституцияға өзгерістер мен түзетулер енгізіле ме, жоқ па, оны халықтың өзі шешеді. Мамандар мұндай конституциялық реформа барлық мемлекеттік модельді кешенді түрде өзгертуге бағытталып отыр дейді. Осы тұста референдум не үшін керек, азаматтар неге қатысуы тиіс? Конституцияға нақты қандай түзетулер енгізіледі, жалпы халық үшін бұл толықтырулар не береді деген сауалдарға жауап алу мақсатында материал дайындауды жөн санадық. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында. Жалпы 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарлануда. Енді бұл қандай өзгерістер дегенге қысқаша тоқталсақ, Конституцияда «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен ықпалды Парламенті және есеп беретін Үкіметі бар президенттік республикаға түбегейлі көшу, мәслихаттардың ықпалын арттыру, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделін енгізу көзделіп отыр. Сонымен қоса Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекіту, Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу секілді мәселелері қамтылған. Бұдан бөлек құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мемлекет басшысы өз сөзінде мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатқанын, алдағы конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін баса айтып өткен еді. «Конституция үш нақты мақсатқа бағытталып отыр» ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, з.ғ.д., КазГЮУ профессоры Индира Әубәкірова да қазір еліміздің бүкіл саяси ландшафты өзгеретін тарихи кезеңде тұрғанымызды атап өтті. Оның айтуынша, Конституциядағы өзгерістер заңның үстем болуына, барлық салада тәртіп пен әділеттіліктің орнауына бағытталып отыр. Осы тұста «түзетулердің мәні неде?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған сарапшы былай деп жауап берді: «Біріншіден, Конституция біріктіруші, топтастырушы рөл атқаруы керек. Ал Мемлекет басшысының ниеті – «Жаңа Қазақстанды» бірге құру. Конституцияны жаңарту міндеті де қоғамдағы сенімді арттыру. Осы тұрғыдан алғанда жаңартылған Конституция үш нақты мақсатқа бағытталып отырғанын көреміз. Олар - заңның үстемдігі, демократиялық үдерістерді нығайту және биліктің бөлінісі мен тепе-теңдік тетігін күшейту. Айта кетерлігі, Екінші Республиканың ең маңызды құндылықтары заңмен, тәртіппен, әділдікпен байланысты. Конституция қоғамдық қатынастарға нақты әсер ету рөлін атқаруы керек. Кез келген қоғамда әділетсіздік экономикалық теңсіздіктен де ауыр қабылданады. Екінші Республикада қоғам өмірін анықтау үшін мемлекеттің функциялары әділеттілікке негізделуі керек»,-деді профессор. Оның пайымынша, әділ мемлекет – ең алдымен, тең мүмкіндіктер мемлекеті. «Мүмкіндіктер теңдігі – қоғамдағы барлық лауазымдарға жеке жетістіктер, еңбек, талантты болу арқылы іріктелу және саяси бәсекелестік нәтижесінде қол жеткізу. Ал адамның әл-ауқатының артуы, экономикалық әл-ауқатының артуы, жоғары мәртебеге, лауазымға көтерілуі бастапқы қызметіне байланысты емес, оның жеке сіңірген еңбегіне, еңбекқорлығына, іскерлігіне негізделуі керек»,-деп толықтырды. Сондықтан да оның айтуынша, конституциялық түзетулердің негізінде тең жағдай жасау идеясы жатыр. «Құқық үстемдігі дегеніміз не? Бұл, ең алдымен, адам құқықтарының үстемдігі. Конституцияға түзетулер енгізу арқылы адам құқықтары кепілдіктерінің нақты институционалдық жүйесі белгіленеді. Жүзеге асырудың нақты құралы бар жерде құқық бар. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмі бар жерде құқық бар»,-деді Индира Әубәкірова. Бұл пікірді PhD, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ Экономика жоғары мектебінің доценті Икболжон Корабоев та бөліседі. Ол соңғы жылдары әлем елдерінде болған жағдайларға көз жүгіртіп, конституциялық реформалар легитимділік аспектісінің үш өлшеміне сәйкес болу керек екенін атап өтті. «Біз әлемдік қауымдастықтардың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп жүргенін көріп жүрміз. Кейде қазіргі заманауи кедергілерге қарсы тұрып, проблеманы шешу үшін Конституцияға өзгеріс енгізу қажет. Мәселен, 2015 жылы Парижде болған терактіге байланысты халық француз үкіметін ішкі және халықаралық терроризммен күресу үшін Конституцияға өзгеріс енгізуді талап етті. Бұл жерде тек кейбір бөлімдеріне ғана өзгеріс енгізу мәселесі көтерілді. Ал кей елдерде тіптен жаңа Конституция жазылу керегі де айтылып жүр. Оған мысал ретінде бауырлас ел Түркияны келтіруге болады. Жалпы конституциялық реформалар легитимділік аспектісінің үш өлшеміне, атап айтқанда демократиялық, құқықтық және ғылыми критерийлерге сәйкес болуы тиіс. Сонда ғана Конституцияны өзгерту тиімді болмақ, сонда ғана демократиялық құқық пен конституциялық тәртіптің орнауына ықпал етеді»,-деді сарапшы. Референдум: әлемдік тәжірибе Ал Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина референдумды ұйымдастыруда халықтың белсенді болуы маңызды екенін атап өтті. Сонымен қоса әлемдік тәжірибеге тоқталды. «Халықтың референдумға қатысу белсенділігі өте маңызды. Өйткені Конституцияға енгізілетін өзгерістердің барлығы референдумның нәтижесіне тікелей байланысты. Жалпы референдум – үлкен саяси оқиға. Әлем елдеріне назар аударсақ, соңғы жылдары біраз мемлекетте референдум өткені белгілі. Мәселен, соңғы екі жылда Батыс елдерінде референдум 149 рет өткен. Ал Таяу Шығыста - 93 рет, Азия мемлекеттерінде - 30 рет, АҚШ-та - 49 рет ұйымдастырылған. Жалпы 799 референдум өткен. 2014 жылы Шотландияда референдум өтті. 2016 жылы Ұлыбритания, Әзербайжан мемлекетінде, 2017 жылы Түркияда ұйымдастырылды. Бүгінде референдум саяси институт ретінде шет мемлекеттерде халықтың пікірін ескеруге бағытталған механизм ретінде танымал екенін көрсетіп отыр»,-деді ол. «Адам құқығы құнды мемлекетте өлім жазасынан бас тарту – үлкен жетістік» Айта кету керек, өлім жазасына тыйым салуды Конституцияда бекіту туралы ақпарат халық арасында әртүрлі топшыланып жүр. Осы тұста ҚСЗИ маманы адам құқығы мен бостандығы құнды мемлекетте өлім жазасынан бас тарту – үлкен жетістік екенін айтты. «Өлім жазасына толыққанды тыйым салып отырмыз. Бұл біздің мемлекет үшін үлкен өзгеріс болмақ. Бірақ әлеуметтік желілердегі жазбалар мен БАҚ-тағы материалдарға назар аударсақ, азаматтарымыз мұны әлі толықтай түсінбей отыр. Өйткені «өлім жазасына тыйым салсақ, қылмыс саны артып, жағдай ушығып кетуі мүмкін» деген пікір айтылып жатыр. Көп мемлекетте, мәселен, Сингапур, Малайзия, Иран секілді елдерде нашақорлыққа қатысты қылмыстарға өлім жазасы қолданылады. Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, өлім жазасы қолданылатын мемлекеттер өте көп қателік жібереді екен. Мысалы, АҚШ-та 1973 жылдан бастап осы кезге дейін 184 қылмысқа қатысты өлім жазасы қате кесілген. Кейін белгілі болған соң ғана оларды өлім жазасынан босатқан болатын. Бұл құқықтық қателік болуы мүмкін. Адам құқығы мен бостандығы құнды мемлекетте өлім жазасынан бас тарту – үлкен жетістік»,-деді сарапшы. Жалпы азаматтардың кейбірі өлім жазасынан бас тартудың салдары ауыр болуы мүмкін екенін, яғни қылмыс саны артуы мүмкін екенін алға тартады. Алайда Алуа Жолдыбалинаның айтуынша, ғылыми зерттеу мүлдем басқа нәтижені көрсетіп отыр. «Өлім жазасы қоғамдағы қылмыс деңгейіне әсер етпейді екен. «Бас тартсақ, қылмыс артады» дейді, бірақ зерттеулер олардың бір-бірімен байланысы жоқ екенін көрсетіп отыр. АҚШ-тың кей штатында өлім жазасы бар, кейбірінде жоқ. Статистикаға сүйенсек, ешқандай айырмашылық жоқ екен. Тіпті, өлім жазасы жоқ штаттарда адам құқығымен байланысты істер құпия әрі дұрыс қаралады екен. Міне, Қазақстанның өлім жазасынан «жаза» ретінде бас тартуы – үлкен жетістік деп айтуға негіз бар»,-деді ол. Сауалнамаға қатысқандардың 66,4%-ы референдумға қатысуға ниетті Бұдан бөлек, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов 9-12 мамыр аралығында институт Қазақстан азаматтарының конституциялық реформалар мен референдумға көзқарасын анықтау мақсатында телефон арқылы әлеуметтік сауалнама жүргізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, сауалнамаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және барлық облыстардан 1200 респондент қатысқан. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 66,4%-ы референдумға қатысуға ниетті екені белгілі болды. Еске салайық, заң бойынша сайлаушылардың 50%-дан астамы қатысқан жағдайда референдум өтті деп есептеледі. «Ал біз қазірдің өзінде 66,4% туралы айтып отырмыз. Жалпы, сауалнамаға сәйкес, қазақстандықтардың 77%-ы алдағы жалпыхалықтық референдум туралы естіген. Сонымен қоса Президенттің референдум өткізу туралы бастамасын қазақстандықтардың 76,4%-ы қолдаған. Яғни, қазақстандықтардың басым көпшілігі жүргізіліп жатқан өзгерістердің маңыздылығын түсінеді. Респонденттердің 15,4% референдум идеясын қолдаған жоқ. 8,2%-ы әлі өз таңдауы туралы шешім қабылдамаған», - деді институт директоры. Референдум өткізуге 16 млрд 400 млн теңге бөлінеді Қаржы министрлігінің мәліметінше, Конституциялық референдум өткізуге республикалық бюджеттен 16 млрд 400 млн теңге бөлінеді. Орталық сайлау комиссиясы тиісті есеп-қисапты ұсынды. Үкімет осыған байланысты Қаулы қабылдап, қаржы республикалық бюджеттен, Үкімет резервінен бөлінеді деп жоспарланған. Айта кетейік, елімізде 10 013 референдум учаскесі іске қосылады. Учаскелерде дауыс беру үшін барлық жағдай жасау тапсырылды. Ал референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне тоқталсақ, 15 мамырдағы ақпарат бойынша, бұл тізімге 11 млн 722 мың 536 адам енгізілген. Жергілікті атқарушы органдар учаскелердің дауыс беру күніне дайындық мәселесін бақылауда ұстайды. Мүгедектігі бар адамдар үшін барлық жағдайды қамтамасыз ету бағытында қажетті іс-шаралар жүзеге асады. Осы орайда оларға ыңғайлы болуы үшін инвотакси тарту мәселелері және басқа да қадамдар қосымша пысықталады. Референдумда өңірлердің үштен екісінің халқы жақтап дауыс берсе, Конституцияға өзгеріс енгізіледі.
https://www.inform.kz/kz/konstituciyalyk-tuzetuler-men-referendum-mani-sarapshylar-ne-deydi_a3934351
Пікірлер (0)