Мас жүргізушілерге қайта мүмкіндік беріле ме? Министр не деді?
Фотосурет ашық дереккөзден
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов "Ауыл" партиясының бетін қайтарып тастады. Бұған дейін партия депутаттары "ішіп алып рөлге отыратындарға кеңшілік жасайық" деген-тін.
Министр мас күйде көлік жүргізгендерді кешіру немесе жазасын жеңілдету қоғамға жасалған қиянат деп отыр.
"Көлікті ішімдік ішіп басқарғандарға қатысты қазіргі жаза әділ әрі заңды құрметтеуге тәрбиелейтін шара. Жеңілдік жасауға негіз жоқ", – дейді министр.
Кезінде мас күйінде көлік басқарғандар 1 жылға дейін "праводан" айырылатын. Соңғы өзгерістерден кейін бұл мерзім 7 жылға дейін ұлғайтылған еді.
Соның арқасында кейінгі кезде мас күйде көлік жүргізгендер саны 14 пайызға азайыпты. 2019 жылы 28 мың оқиға болса, биыл бұл көрсеткіш 24 мыңға дейін төмендеген.
"Заңдағы жазаның қатаңдығы қоғамды тәртіпке шақырып, апаттың алдын алуға сеп болып отыр", – дейді министр.
Айтуынша, дамыған елдерде көлікті ішіп айдайтындарға аяушылық танытпайды. Жапонияда мас жүргізушінің өзін ғана емес, көлікке бірге отырған жолаушыларды да жазаға тартады. Малайзияда тіпті жүргізушінің жұбайын да қамап тастауы мүмкін. Қытайда ажалға себеп болған жүргізушіге өлім жазасы қолданылады. Беларусьте тап сол арада көлікті тәркілеп, мемлекеттің балансына өткізеді екен.
Осылайша көлікті ішіп айдағаны үшін "правасынан" айырылған қауымның үміті үзілді. "Мәшнеге отырмай тұрып, ойлану керек еді" дейді министр Сәденов.
Министрдің пайымы дұрыс па, сіз қалай ойлайсыз?
Пікірлер (0)