ПРОЗАДАҒЫ ҮШІНШІ ТӨЛЕН

Жаңалықтар
view 111
news

Сурет: Автордан

Қазақ прозасында мен білетін қос Төлен бар. Алғашқысы - көзі тірі классик Төлен Әбдік болса, екіншісі - Төлен Қаупынбайұлы. Енді үшінші Төлен прозаның есігін ашып жатыр. Бұл - елге танымал журналист, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы, Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, әріптесім Төлен Тілеубай.

Төленге негізінен әдебиет әлемі таңсық емес. Журналистикаға ол өлең, мәртебелі поэзия арқылы келді. 2000-шы жылдардың басында «Жалын» журналының бір нөмері Қарағанды қаламгерлеріне арналды. Бұл өңірдің сол кездегі басшысы, әдебиетке көп қолдау көрсеткен Камалтин Мұхамеджановтың арқасында жүзеге асты. Журналдың сол нөмеріне Төленнің де өлеңдері енді. Оның жырларына композиторлар ән де жазды. Өзімен шығармашылық байланыста болған «Тамшылар», «Есіл ағады» және тағы басқа көптеген халықтың сүйікті әндерінің авторы, композитор, марқұм Ахмедияр Есмұханов «Көктемгі элегия», «Сенің бейнең» сияқты өлеңдеріне әуен жазғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл әндерді әнші-термеші, халықаралық ән байқауларының лауреаты Алихан Дүйсенбай жұртқа насихаттап жүр.

Арада, міне, ширек ғасыр өтті. Төлен Тілеубай бірнеше басылымда қызмет істеп, көптеген өзекті, көкейкесті мәселелерді көтеріп, қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Ғылым жолына түсіп, әлеуметтік ғылымдар магистрі атанды. Прозаға да таласы барын танытты. Соның жемісі - жақында Астанада тұсауы кесілген «Түлкілітаудың аспаны» атты кітабы. Бұған кітаппен аттас повесі мен әңгімелері енгізілді. Бұл - Төленнің төртінші, ал прозадағы тұңғыш кітабы.

Тұсаукесерді айтыскер ақын, ғалым-ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұл жүргізді. Салтанатты рәсімде абылайтанушы және мағжантанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық академиясының академигі, Төлен Тілеубайдың ұстазы Зарқын Тайшыбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр, ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, алаштанушы ғалым, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және саясаттану» факультетінің деканы Қайрат Сақ, ақын, бард, Қазақтың Сары тентегі, Төленнің рухани ұстазы Қуаныш Мақсұтов, ақын, журналист Айбатыр Сейтақ, алаштанушы ғалым, медиа сарапшы, Төленнің ұстазы Мейрамхан Жәпек игі тілектерін айтты. Оқырман қауым оларды ықыласпен тыңдап, автордың қолтаңбасы қойылған кітабын алды. 

Біз Төлен Тілеубайға прозаға басқан қадамы құтты болып, әдебиет қоржынын толтыра бер деген тілегімізді айтамыз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *