Қауіпсіздіктің кепілі – әрбір азаматтың жауапкершілігі

Жаңалықтар
view 126
news

Сурет: Ашық дереккөзден

2024 жылдың желтоқсан айында еліміздің барлық аймақтарында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды профилактикалық шаралар қолға алынды. Бұл туралы Ақмола облысы ТЖД Мемлекеттік өрт басқару басқармасының басшысы Жақсыбаев Досбол брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметінен. 

Айлық барысында облыс көлемінде бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіліп, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінген. Әлеуметтік әлсіз топтағы отбасылар мен бұрын қауіпсіздік ережелерін бұзған тұрғын үйлер қайта тексеріліп, 39 мыңнан астам жеке үй мен 99 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Осы үйлердің көбі автономды жылу жүйесімен жабдықталғандықтан, оларда өрт қауіпсіздігіне қатысты алдын алу шаралары ерекше назарда болды.

«Өрт қауіпсіздігі айлығы» аясында 500-ден астам газ және түтін детекторлары орнатылды. Бұл құрылғылар үйде өрт шығу қаупі болған жағдайда дер кезінде ескерту жасап, тұрғындарды қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 800-ден астам жылу пешінің түтін жолдары тазартылып, 1000-нан астам ақпараттық-насихаттық материалдар тұрғындарға таратылды. Осы арқылы адамдарға қауіпсіздік ережелері мен сақтық шаралары жайлы еске салынды»,- деді Досбол Жақсыбаев. 

Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында қалалар мен ауылдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін арнайы дайындық жұмыстары жүргізілді. 545 нысан, соның ішінде мектептер, мәдениет үйлері, мейрамханалар мен кафе тексерілді. Мұнда 157 заңбұзушылық анықталып, олар шұғыл түрде түзетілді. Мерекелік іс-шаралар барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 20 жедел топ құрылып, 15 бірлескен оқу-жаттығу өткізілді. Бұл іс-шаралар өрт сөндірушілер мен басқа да төтенше жағдайлар қызметінің үйлесімді жұмысын қамтамасыз етті.

Айлық аясында пиротехникалық бұйымдардың заңсыз саудасына қарсы рейдтер де жүргізілді. 160 рейдтің нәтижесінде 279 заңсыз пиротехникалық бұйым тәркіленіп, 80 әкімшілік хаттама толтырылды. Бұл шаралар арқылы азаматтарды қауіпсіздікке жатпайтын пиротехникалық өнімдерден қорғау мақсатында маңызды қадамдар жасалды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдерімен арнайы дөңгелек үстел өтті. Онда мейрамханалар, кафе мен клуб иелеріне өрт қауіпсіздігіне қатысты нақты кеңестер мен ұсыныстар берілді. Бұл шара кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Спикер сөзін түйіндей келе «Өрт қауіпсіздігі айлығы» барысында атқарылған жұмыстар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шаралар болғанын айтты. Тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *