"Қазақ жігітінен көрмеген бақытты кәріс азаматынан таптым": Гүлжан Ким
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстандық Гүлжан Кимнің өмір жолы желіде қызу талқылануда. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында алғашқы некесінің сәтсіз аяқталуы, шетелге табыс табуға кетуі, кәріс азаматына тұрмысқа шығуы мен қазіргі отбасылық өмірі туралы баяндады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Гүлжан Ким Тараз қаласының тумасы. 12 жасынан еңбек еткен ол арман қуып Алматыға оқуға келген. Сымбат академиясын тәмамдаған соң қазақ жігітімен тұрмыс құрған. Алайда тұрмыс құрғаннан кейін көп ұзамай ерлі-зайыптылардың арасы суып, отбасылық жанжалдар жиілеген. Күйеуі көңілдесінің көзінше оны қорлап, тіпті қол көтермек болған. Осындай ауыртпалықтан соң Гүлжан ажырасу туралы шешім қабылдаған.
Ажырасқаннан кейін Гүлжан сіңлісінің шақыруымен Кореяға жұмыс істеуге кеткен. Екі баласын анасының қолына қалдырып, шетелге тәуекелмен аттанған. Қиындықтарға қарамастан, ол табыс тауып, кейін балаларын да өзіне алдырған.
Шетелде жүргенде ол қазіргі күйеуімен танысады. Бастапқыда араларында жай ғана сыйластық болғанымен, уақыт өте келе қарым-қатынастары махаббатқа ұласқан. Кәріс азаматы оның екі баласы бар екенін білгенде де райынан қайтпаған. Балалармен де жақсы тіл табысып, толыққанды әке бола білген.
"Қызым бірден оны 'әке' деп атап кетті. Ұлым да кейіннен жылы қабылдады. Күйеуім балаларды зорлықпен емес, олардың өз еркімен бауыр басуына мүмкіндік берді", — дейді Гүлжан.
Гүлжанның айтуынша, күйеуі отбасылық өмірде әйеліне де, балаларына да үлкен қамқорлық көрсетеді. Барлық үй шаруасы мен құжат жұмыстарын өз мойнына алған. Балалардың білім алуына да ерекше көңіл бөледі.
Күйеуінің бірінші некесінен де екі баласы бар. Бірінші әйелі өмірден өткен соң, Гүлжанның күйеуі вазэктомия жасатқан. Бұл — жоспарланбаған жүктіліктің алдын алатын ота. Гүлжанның айтуынша, мұндай оталар Кореяда қалыпты жағдай саналады, ал қазақтар арасында түсініспеушілік тудырады.
Бүгінде Гүлжан кейбір желі қолданушыларынан жағымсыз пікірлер еститінін айтады. "Қазақтан таппаған бақытты айдаладағы кәрістен таптым" деген ол, өз таңдауына өкінбейтінін жеткізді.
Пікірлер (0)