Қазақстан мен Қытай 25 млрд долларға 60 келісімге қол қойды

Жаңалықтар
view 85
news

Фото: kursiv.media

Қазақстан мен Қытай жалпы сомасы 25 миллиард АҚШ долларына жуық шамамен 60 түрлі келісімге қол қойылды

Елордада «Орталық Азия – Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Бұл туралы Janabastau.kz ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытай жалпы сомасы 25 миллиард АҚШ долларына жуық шамамен 60 түрлі келісімге қол қойылды. Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, басқарма мүшесі Мадияр Сұлтанбек мәлім етті.

 

— Бүгінгі форум аясында ынтымақтастық туралы келісімдер мен меморандумдар ғана емес, инвестициялық келісімдер, инвестициялық шарттар және басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды. Бұл — толық тізім емес. Форум аясында қол қоюға өтінімдер саны бұдан да көп болған, алайда барлық құжат келісу рәсімінен өтіп үлгермеді, — деді Мадияр Сұлтанбек.

Уақытты үнемдеу мақсатында форум барысында құжаттармен алмасу рәсімі өтті. Құжаттарға қол қою үш кезеңнен тұрды, оның екеуі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың қатысуымен өтті, яғни ең маңызды келісімдер. Солардың бірі бүгін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басшысы қол қойған құжат.

— «KAZAKH INVEST» компаниясының міндеті — инвесторды сүйемелдеп, жобаны ұлттық компаниямен немесе мемлекеттік органмен бірлесе отырып қол қою рәсіміне дейін жеткізу, — деді Мадияр Сұлтанбек.

Оның айтуынша, қызықты жобалардың бірі — қытайлық Seraphim компаниясымен жүзеге асырылатын жасыл сутегі өндіруге арналған жоба.

— Жоба жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып өндірілетін экологиялық таза және болашағы зор отын түрі — жасыл сутегі өндіруге бағытталған. Бүгінде Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Германия және Сауд Арабиясы сынды елдер бұл технологияға ерекше көңіл бөліп отыр. Сутектік энергетика өз артықшылығын көрсете бастады, көлік пен авиация құралдары электр көліктерінен де тиімді нәтиже көрсетіп отыр, — деді Мадияр Сұлтанбек.

Елордада «Орталық Азия — Қытай» екінші индустриялық-инвестициялық ынтымақтастық форумы өтіп жатыр. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Орталық Азия елдерінің делегациялары, қытайлық және өңірлік ірі компаниялардың, сондай-ақ даму институттарының басшылары қатысады.

Форум аясында жалпы сомасы 10 миллиард АҚШ долларынан асатын 50-ден астам екіжақты және көпжақты құжаттарға қол қою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ іс-шара бағдарламасына пленарлық бөлім және негізгі бағыттар бойынша панельдік сессиялар кіреді: цифрландыру және IT, көлік және логистика, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *