Қытай Ресей дрондарының НАТО еліне басып кіруіне байланысты мәлімдеме жасады

Жаңалықтар
view 121
news

Фотосурет: unn.ua

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы барысында Қытайдың тұрақты өкілінің орынбасары Гэн Шуан Ресейдің ұшқышсыз ұшақтарының Польша әуе кеңістігін бұзуы Украина төңірегіндегі «дағдарыстың» күрделі жағдайын көрсететінін айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі «Укринформға» сілтеме жасап.

Пекин өкілі мұндай оқиғалар жалпы тұрақсыздықтың көрінісі екенін атап өтіп, қақтығыстың одан әрі өршуіне жол бермеу үшін барлық тарапты ұстамдылыққа шақырды. Ол қайшылықтарды шешуде диалогтық тәсілдің маңызын айтып, қақтығыстың кеңеюіне жол бермеу және шиеленісті азайту қажеттігін жеткізді.

Сондай-ақ Қытай дипломаты кез келген түсінбеушілік немесе жағдайды қате бағалау тараптар арасындағы сенімсіздікті одан әрі тереңдетуі мүмкін екенін, ал қарсыластық сипаттағы мәлімдемелер тек эскалация қаупін арттыратынын айтты.

Гэн Шуан Қытайдың қағидатты ұстанымын мынадай үш негізгі аспект бойынша белгіледі:

  • Біріншіден, қақтығыстың Украина шегінен тыс таралуына жол бермеу;
  • Екіншіден, шиеленістің ушығуынан сақтану;
  • Үшіншіден, кез келген тараптың арандатуы мен қақтығысты өршітуіне жол бермеу.

Сондай-ақ ол дәл қазір бұрынғыдан да артық – қастық емес, ізгі ниет пен ымыраға келуге дайындық қажет екенін атап өтті.

Пекин Ресей дрондарының Польша әуе кеңістігіне басып кіруіне қатысты «қарсыластық риторикасынан» бас тартуға шақырып, эскалация қаупін ушықтырмау қажеттігін жеткізді.

Еске сала кетсек, 10 қыркүйекке қараған түні Ресей әскерилері Украинаға жаппай соққы жасаған кезде шамамен 20 дрон Польша шекарасын кесіп өткен. Бұған жауап ретінде Польшаның ӘӘК жойғыш ұшақтарын көтерді. Бұл – Украинадағы соғыс басталғалы алғаш рет ресейлік дрондардың НАТО елінің аумағында атып түсірілуі.

Ресей Қорғаныс министрлігі Польшадағы нысандарды «ниеттеніп» атпағандарын мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей дрондарының Польша әуе кеңістігіне басып кіруін «қателік болуы мүмкін» деп болжады.

Ал НАТО ресейлік дрондардың басып кіруінен кейін шығыс флангтағы күштерін күшейтуге шешім қабылдады. Альянс бас хатшысы Марк Рюттенің айтуынша, алдағы күндері НАТО өз шығыс-еуропалық мүшелерін қорғау үшін «Шығыс сақшысы» миссиясын орналастырады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *