Тіркеусіз зейнетақы: министрлік жаңа шектеу ұсынады

Жаңалықтар
view 77
news

Фотосурет: ашық дереккөзден

Қазақстанда тұрғылықты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы мен жәрдемақы төлеу уақытша тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Әлеуметтік кодекске міндетті әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына қатысты реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірледі.

Қолданыстағы Әлеуметтік кодекс бойынша, зейнетақы мен жәрдемақы ел аумағында тұрақты тұратын Қазақстан азаматтарына, қандастарға және шетелдіктерге төленеді. Алайда жүргізілген мониторинг нәтижесінде төлем алып жүрген 100 мыңнан аса адамның тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелмегені, ал 28 мыңға жуық азаматтың тек уақытша тіркеуі бар екені анықталған.

Осыған байланысты министрлік мемлекеттік органдардың ақпараттық базасында тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға әлеуметтік төлемдерді уақытша тоқтата тұруды ұсынып отыр. Ведомство бұл қадам бюджет қаражатын тиімді пайдалануға ықпал етеді деп есептейді.

Сонымен бірге, арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында (қарттар үйі, интернаттар) тұратын және түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерге де зейнетақы мен жәрдемақы төлемдерін уақытша тоқтату жоспарланып отыр. Министрліктің түсіндіруінше, мемлекет аталған санаттағы азаматтарды қамтамасыз етуге қомақты қаржы жұмсайды, ал қосымша төлемдер бюджетке қосымша салмақ түсіреді.

Жаңа нормаларды әзірлеу барысында халықаралық тәжірибе зерделенген. Құжат қазір «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *