Тоқаев аруларды төл мерекесімен құттықтады
Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аруларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды janabastau.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Халқымыз ежелден анасын ардақтап, қыздарын қадірлей білген. Көптеген аруларымыздың есімі төл тарихымызға алтын әріппен жазылған, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде әйелдер түрлі кәсіппен айналысып, бизнесте және қоғамдық қызметте зор табысқа жетіп жүргенін атап өтті. Ең бастысы, олар әр салада биік белестерді бағындырып қана қоймай, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Барлық әйелдердің адал еңбегі ең жоғары бағаға лайық. Осы сәтті пайдаланып, Қазақстандағы аналар мен арулардың бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Тоқаев.
Құттықтау сөзінде Президент мемлекет тарапынан әйелдердің құқығын қорғауға және барша азаматтың жан-жақты дамуына баса назар аударылып отырғанын тілге тиек етті.
Жанашырлық, жауапкершілік, жасампаздық сияқты асыл қасиеттерді бойына сіңірген әйелдер қауымы еліміздегі ауқымды өзгерістерді жүзеге асыруға зор үлес қоса береді деп сенемін, – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.
Пікірлер (0)