«Жастар» театрындағы «1001 түн» қойылымының жаңаша түрленуі
Фото: Амангүл Тілейқызы
Астаналық «Жастар» театры өз маусымын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург Ермек Аманшаевтің «Қыр астындағы сол бір ғажайып әлем» әфсанасы бойынша жазылған «1001 түн» қойылымымен ашты. Ертедегі күншығыс ертегілерінің сиқырлы әлемі мен мәңгілік махаббат, даналық пен өмірдің мәні жайлы ой толғамдарға құрылған «1001 түн» қойылымы көрерменді уақыт пен кеңістіктен тыс, ғажайып өзге әлемге жетелейді. Сахна шымылдығы түрілген сәттен-ақ, көрерменді шығыс әуезімен баурап алып, заманауи театр тілінде көне аңызды қайта өмірге әкелуге тырысқан режиссерлік шешімдерді де байқадық.
Автордың жеткізуге тырысқан философиялық астарға толы туындысы, режиссердің толғамды жұмысымен үндесіп, жаңа тыныс тапқан. Қалың көпшілікті өмір, махаббат, сенім және үміт жайлы терең ойларға назар аудартқан. Қойылымның құрылымы мен драматургиясы таяу шығыс елінің фольклорлық стиліне негізделгенімен онда қазақы бояу мен қайталанбас үн бар. Сахнаның жоғарғы жағындағы декорациялық түрлі-түсті ромб пішінді кілемшелер мен әшекей бұйымдар шығыстық мозаика өнерін еске салады. Сонымен қатар, ұсақ детальдарға да мән берілген соның айқын көрінісі ретінде арба дөңгелегін айтсақ болады – шығыс немесе көшпенділер мәдениетін меңзейтін символ.
Қоюшы режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Қойылымға ертегі атмосферасын сездірту үшін жұмсақ мүсіндерді де қолданғанын. Әр актердің қолында екі мүсіннен орналастырып, би ырғағына сай қол қимылдарымен қуыршақтарды да қоса қимылдатып жатты. Жалпы қуыршақтар күрделі эмоциялар мен адам жете бермейтін кемелдіктің метафораларын жеткізуге мүмкіндік беретін дербес көркем бейне ретінде қолданылды. Бұл – шығармашылық ойлауды, қиялды дамыту құралы, сондай-ақ сахнада сиқырлы әрі эстетикалық тұрғыдан ғажайып әлем жасаудың бір түрі. Осы арқылы режиссер көрерменге осы бір бейнені өз қиялынша елестетіп сөйлетуге мүмкіндік берген.
Басты кейіпкер Әбілқасан рөлінде Жандаулет Батай өнер көрсетті. Билікке күтпеген жерден келген Әбілқасан жүрек пен ақыл, шындық пен жалған ортасында күй кешеді. Одан бөлек сенім мен күмәннің арасындағы арпалыс кезінде қозғалысы ширақтау, дене сыны бұзыла түсуі, бет-жүзінде белгісіздік болуы ықтимал. Оның осы бір эмоцияналдық тербелісін актер Жандаулет Батай шеберлігінің арқасында шынайы алып шықты. Режиссер қоғамға актуалды болу үшін бүгінгі «сленгтерді» әзіл ретінде қолдануға тырысқан. Сол арқылы қойылымның сатиралық мазмұны күшейіп, көрерменге жеңілдік сезімін береді. Актердің сахнада кейіпкер бейнесіне толық енуі бүгінде үлкен сиректік, ал Жандаулет Батай пластикасы мен ойлы көзқарасының арқасында мақсатына жете алды.
Әбілқасанның жары Зухра бейнесін актриса Мадина Май сомдады. Зухра кейіпкері сырттай ғана емес, ішкі жан дүниесіне еніп, оның аналық мейірімін, адалдығын, еріне деген сенімін жүрегімен сезініп ойнаған. Ол – залда отырған көрерменнің әр эмоцияны бірге бастан кешуіне жол ашады. Зухраның сахнада ерін арбамен сүйретіп алып жүруі – тек көрініс емес, символдық мәні өте терең шешім болған. Арбадағы ер кісі – тек физикалық әлсіз жан емес, ол әйел махаббатына, төзіміне тәуелді адам. Зухраның оны сүйретіп жүруі – әйелдің ерін тастамайтындығының, сүйгеніне деген сенімі мен жауапкершілігінің көрінісі. Бұл қарапайым мизансценадан әлдеқайда терең, метафоралық қадам. Режиссер әйел мен ердің қарым-қатынасын, махаббат пен төзімді осылай көрсету арқылы көрерменге: «Нағыз махаббат қиын кезде танылады» дегенді ұғындыруға тырысқан.
Қойылымда Мосыл қаласының саудагері әрі әміршінің рөлін сомдаған актер Азамат Есқұлов. Образ – Харун-ар-Рашид есімді тарихи тұлғаның негізінде жасалған. Азамат Есқұловтың кейіпкері сахнада екі түрлі болмыста көрінеді: алдымен – қарапайым саудагер кейпінде, кейін – әмірші, яғни биліктің иесі ретінде. Осы тұста актер ішкі трансформацияны сәтті жеткізе алған. Тақ — тағдыр емес, жауапкершілік. Кейіпкердің іс-әрекеттері – тақтың артында байлық емес, моральдық жауапкершілік тұрғанын ұғындырады. Азамат Есқұлов Харун-ар-Рашид рөлін тек тарихи тұлға ретінде емес, психологиялық-философиялық бейне ретінде ашып берген. Бұл — актердің шеберлігі мен рөлге деген үлкен дайындықтың жемісі.
Қосалқы рөлдерде уәзірлері Ернар Жұматаев, Данияр Уразаев, Шыңғыс Жақыпбай, Сүндет Сәрсен сынды әртістер бой көтерді. Ернар Жұматаев бір сахнасында уәзір болса екінші сахнасында жындыхана бастығы рөлін сомдайды. Бір сәтте күзетші де басшы да бола жүріп тез құбылады. Осы бейнелерді бір өзі сомдай отырып, әрқайсысына өзіндік мінез, бояу беріп, актерлік шеберлігін көрсетті. Мұндай көпқырлы рөлдерді орындау — үлкен кәсіби шеберлікті, икемділікті, сахна тілі мен пластикасын жоғары деңгейде меңгеруді талап етеді. Ернар Жұматаев әр рөлде өзінің актерлік ауқымын кеңінен ашып, көрерменге түрлі кейіпкерлер арқылы әсерлі образдар ұсынды.
Осы жолы Шыңғыс Жақыпбай рөлі оның театрдағы өзге рөлдеріне ұқсап кетіп жатқанын байқап отырмыз. Актердің амплуасы (рөлдік типтің) қайталанып отырғандығының белгісі. Режиссер актердің бұрын ойнаған рөлін көріп, дәл сондай сипаттағы кейіпкерге қайта шақыруы ықтимал. Бұл жағдайда актер өзіне үйреншікті образды қайта сомдайды, ал ол көрерменге "бұрын да көргендей" әсер қалдырады. Актер уәзір рөлін бұрынғы рөлдерден бөлек, жаңа қырынан ашуға тырыспаған болса, онда рөл бір сарынмен шығуы мүмкін. Шыңғыс Жақыпбай талантты актер екені сөзсіз, бірақ уәзір рөлін бұрынғы рөлдерінен ерекше етіп ашу мүмкіндігі толық пайдаланылмаған болса, ол көрерменге жаңалық сыйлай алмайды.
Жалпы сахна кең, түрлі деңгейлі декорациялар мен жарық арқылы көркем безендірілген. Көпшілік сахнада белсенді қозғалыс үстінде болды. Көпшілік сахна— жақсы ойластырылған, эстетикалық және хореографиялық жағынан үйлесімді шешімдер өте көп. Олар сахнаның көркемдік құрылымын толықтырып, оқиға атмосферасын жеткізуге маңызды үлес қосты. Сахнадағы қозғалыс аяқталып кейіпкерлер арасында өрбитін диалогтар кей сәтте темпоритімнің түсіп кетуіне себеп болды. Кейіпкерлер ұзақ сөйлейді, бірақ көрермен назарын ұстайтын қозғалыс, тосын шешімдер болмай қалған кездерді де байқадық. Бұл актерлік, режиссерлік және техникалық топтың ортақ шешімін қажет ететін мәселе. Болашақта осы тұстармен жұмыс жасалса деген тілек бар көңілде.
Дәл осы шығарма 20 жыл бұрын Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалармен жасөспірімдер театрында режиссер Н.Жақыпбайдың қолтаңбасымен сахналанған болатын. Араға біраз жылдар салып аталмыш туындыны Астана қаласының «Жастар» театырында қойды. Алғашында қойылым комедиялық мазмұнға жақын болып, костюмдерде тек шығыс стилінде көрсетілген. Ал бұл жолы режиссердің шығыс стиліне қазақы бояу қосу әрекеті – жай ғана эстетикалық таңдау емес, көркемдік көзқарастың тұтас философиясы. Шығыс әлемі мен қазақ мәдениеті бір-бірінен алшақ емес, керісінше, тамыры ортақ өркениетке жатады. Киім суретшісі Ерлан Тұяқов Көпшілік сахнада: көгілдір-көк шапан, кең жең, оюлы белдік – бәрі қазақы киім формасын сақтай отырып, шығыс ертегісіне рең берген. Екі иығына асылған дорбада бұрынғы көпестердің киім үлгісін еске түсіреді. Дәстүрлі немесе тарихи қойылымдарда көбіне дәуір мен тақырыпқа сай киімдер таңдалады. Бірақ театр-көркемдік эксперимент алаңы, онда режиссерлер уақыт пен кеңістікті, заманауи элементтерді енгізеді, сол себепті көпшілік сахнада джинсы мен ақ жейде киген болуы мүмкін. Бір жағынан ол қазір сіз бен біздің өмір сүріп жатқан қоғамның бейнесі. Басты кейіпкер Әбілқасым қою жасыл түстегі жібек киіммен хандарға лайық қысқа жеңді шапан киді, және өте ерекше тәж таққан болатын. Бұл образы ертедегі шығыс падишаларын еске түсіреді.
Қойылымным музыкалық шешімдері де көңілге қонымды болды. Дәстүрлі қазақ музыкасы мен шығыс фольклорының ұштасуы, заманауи аранжировка элементтерімен үйлеседі. Жандаулет Батайдың музыкалық шешімі – спектакльдің ұлттық және шығыс элементтерін органикалық түрде біріктіретін сәтті эксперимент. Домбыра мен қобыздың дыбысы шығыс әуендерімен қосылып, қойылымға ерекше әрі бірегей музыкалық көрініс береді.
Қорытындылай келе қойылым «Егер ғайыптан тайып, бір күні таңда патша болып оянсаңыз – не етер едіңіз?» деген бір ғана сұрақтан бастау алады. Бірақ бұл сұрақтың астары мен мағынасы қойылым барысында тереңдеп, биліктің сән-салтанат емес, ауыр жүк екенін көрсетеді. Қойылымның негізгі идеясы – биліктің жауапкершілікпен қатар келетіні, адамның таңдау жасаудағы ішкі күресі, әділеттілік пен ар-ождан сынды өмірлік мәселелер қозғалды. Кей диалогтар мен мизансценалар әлі де толықтырылса, символикалық элементтер арқылы көрерменге қосымша астарлы мағына бере түсер еді. Режиссердің басты жетістігі – ол көрерменді сырттан бақылаушы емес, оқиғаға тікелей қатысушы етіп сезіндіргендігі. «Жастар» театры бүгінде әртүрлі жанрлар мен мәселелерді көтеріп жүрген талантты театр. Болашақта да әрбір сахналық туындыларыңыз жүрекке жол тауып, көрерменнің рухани әлемін байыта берсін.
Арайлым ЗАМАНИЯНОВА,
Театртану факультетінің 2-курс студенті
Пікірлер (1)
Арайлым, жарайсың! «1001 түн» спектакліне жасаған талдауың өте терең, зерттеуің жүйелі шыққан екен. Театрға деген қызығушылығың мен кәсіби көзқарасың анық көрінеді. Шығармашылығыңа сәттілік!