Жыл соңына дейін Ақмола облысы толықтай ауыз сумен қамтылады
Сурет: Ашық дереккөзден
Ақмола облысында су құбырларын жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс аяқталуға жақын. Бұл өңір тұрғындарын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақтыбек Жапаев мәлімдеді, деп хабарайды janabastau.kz ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, бағдарлама аясында 43 нысанның құрылысы, 44 су жүйесі қайта жаңғыртылуда. Сонымен қатар, шағын елді мекендер үшін 40 су тазарту блок-модулі орнатылды.
«Біз облыстың әрбір тұрғыны, қай жерде өмір сүрсе де, сапалы ауыз суға қол жеткізуі үшін жүйелі түрде жұмыс істеп келеміз», – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда қалалар мен көптеген ауылдық елді мекендер орталықтандырылған сумен қамтылған. Жыл соңына дейін Көкшетау, Қосшы, Макинск және Ерейментау қалаларында тағы төрт ірі жобаны аяқтау жоспарланып отырғаны туралы ерекше атап өтті.
Алты ауылда су желілерінің құрылысы толығымен аяқталса, тағы жиырмасында жұмыстар соңғы кезеңде. Жалпы, 10 мыңнан астам ауыл тұрғыны ауыз судың сапасын жақсарту мүмкіндігіне ие болды.
«Біз тек су жүйелерін кеңейтуді ғана емес, бар желілердің сенімділігін арттыруды да маңызды санаймыз. Ірі қалалармен қатар, шағын ауылдардың да қажеттілігін ескеріп, ешбір елді мекен назардан тыс қалмауы тиіс», – деп мәлімдеді.
Тамыз айында Көкшетау қаласында құны 7 миллиард теңге болатын жаңа су тазарту кешені іске қосылды. Бұл нысан қала тұрғындарын тұрақты сумен қамтамасыз етіп, қызмет көрсету сапасын арттырады және үзіліссіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Жалпы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде он мыңдаған тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл ауылдық өңірлердің тұрақты дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Пікірлер (0)