2030 жылға дейін ет бағасы қайда барады? Үкіметтің жауабы
Сурет: Ашық дереккөзден
Қазақстанда ет бағасының қымбаттауына жаһандық факторлар әсер етуде, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі.
Елімізде ет бағасының күрт өсуіне сыртқы нарықтағы ахуал, әлемдік сұраныстың артуы және өндіріс көлемінің өзгеруі себеп болып отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) 2030 жылға дейін әлемде сиыр етін тұтыну жыл сайын шамамен 6%-ға өседі деп болжап отыр. «Бұл – жаһандық үрдіс», – деді ол.
Сонымен қатар, Шаққалиев ет бағасы өнімнің түрі мен сапасына да байланысты екенін атап өтті. Мысалы, стейк немесе дайын маринадталған өнім қарапайым еттен қымбат болмақ.
«Біз кінәлілерді іздеумен емес, нарықтағы әділдікті қамтамасыз етумен айналысамыз. Егер делдалдар бағаны негізсіз өсіргені анықталса, әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді министр.
Оның сөзінше, Үкімет бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар шараларды қолға алған. Атап айтқанда: ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу, тауарлық интервенциялар жүргізу және ұсыныс көлемін арттыру.
«Біздің мақсат – бағаны теңгерімді деңгейде ұстап тұру. Яғни сиыр етінің килограмы 3 500–4 500 теңге аралығында болуы тиіс», – деп түйіндеді Арман Шаққалиев.
Пікірлер (0)