Аида Балаева көші-қон саясатын жетілдірудің басым бағыттарын түсіндірді
Фото: Ашық дереккөз
Қазақстанда көші-қон саясаты түбегейлі трансформациядан өтіп, әкімшілік сипаттағы құралдан экономикалық дамудың маңызды тетігіне айналады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Министр Президент Жарлығын іске асыру аясындағы Үкіметтің негізгі тәсілдері мен басым бағыттарын кеңінен түсіндіріп өтті. Оның айтуынша, бұл құжат көші-қон саясатын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам және оны жүзеге асыру барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді.
«Қарапайым тілмен айтқанда, біз бұрынғы күрделі әрі шектеулерге толы жүйеден біртіндеп бас тартып, ашық әрі икемді модельге көшіп жатырмыз. Басты мақсат – отандық экономикаға қажетті мамандар үшін қолайлы көші-қон жүйесін қалыптастыру», деп атап өтті Аида Балаева.
Көші-қон саясатындағы төрт негізгі бағыт:
1. Сервистік мемлекет қалыптастыру:
Бұл бағыт мемлекеттік қызметтердің қарапайым әрі қолжетімді болуын көздейді. «Бір терезе» қағидатын кеңейту, процестерді толық цифрландыру және ведомствоаралық келісімдерді қысқарту арқылы мәртебе рәсімдеу мен жұмысқа рұқсат алу біртұтас жүйе арқылы жүзеге асырылады.
2. Бюрократиядан арылту:
Әкімшілік процестердің тиімділігін арттыру мақсатында өтініштерді қарау мерзімдері қысқарып, рәсімдер оңтайландырылады. Цифрлық бақылау құралдарын енгізу азаматтар мен мемлекет үшін уақыт пен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
3. «Алтын виза» және адами капиталды тарту:
Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар үшін «Алтын виза» тетігі енгізіледі. Бұл өндіріс немесе инфрақұрылым саласындағы инвесторларға ұзақ мерзімді тұрақты қызмет ету мүмкіндігін береді. Сондай-ақ инженерия, IT және медицина саласындағы мамандардың еңбек нарығына шығуы жеңілдетілмек.
4. Еңбек нарығының икемділігі:
Кадр тапшылығы бар және жоғары технологиялық салаларда кәсіби біліктілікті тану рәсімдері жеңілдетіледі. Кей жағдайларда біліктілікті растау мерзімдері айтарлықтай қысқартылып, бұл ретте сапа мен қауіпсіздік талаптары толық сақталады.
Министрдің айтуынша, мемлекет реттеуді әлсіретпейді, керісінше оны нақты, дәл және технологиялық тұрғыдан тиімді етеді. Стратегиялық тұрғыдан бұл реформалар Қазақстанның инвестиция, технология және адами капитал үшін жаһандық бәсекедегі орнын күшейтуге бағытталған. Бұл білімге негізделген экономиканы дамыту мен сапалы өсуді қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болмақ.
Пікірлер (0)