Шетелдерде Абай Институттары ашылмақ

Жаңалықтар
view 38
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 25 маусым күні Абай әлеміне байланысты «Адамзаттың бәрін сүй...» атты халықаралық дөңгелек үстел болып өтті. Қатысушылардың қатарында онлайн форматта белгілі ғалымдармен қатар еліміздегі облыстық кітапханалардың қызметкерлері қатысты. 

Айтулы жиынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли ашып, ел басшысы Қ.К.Тоқаевтың руханиятты қолдау саясатының жүзеге асып жатқанын айта келе, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі және Абай облысы әкімдігі бірігіп, Абай мұрасына қатысты үлкен жоба бекіткенін мәлімдеді.

Ресми мәліметке сай, ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына 305 шара белгіленгенін, оның әрқайсысын: 7 халықаралық, 44 республикалық, 254 өңірлік екенін даралап айтты. Қазақ халқының адамзат руханиятына берген алыбы, әлемдік асқан ұлы ақындардың қатарында айтылуы анық Абай хакімнің жыр дариясын, ілімін бұқаралық сипатта халықтың санасына сіңіре беруге бағытталған іс-шараларды халыққа насихаттауға баспасөз құралдарынан бөлек әлеуметтік желілер толықтай қамтылмақшы.

Ресми билік өкілі Рустам Али мырза мәжіліс құрған қауымды сүйінішті хабармен қуантты.  Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасымен Абай Институтын құру мәселесі бойынша Сыртқы істер министрлігі қызу іске кірісіп жатқаны құлаққа аса жағымды естілді. Бұл бағыттағы оң істермен ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілі Данияр Қадіров айналысып жатыр. Италияда Рим қаласында Абайдың кеуде мүсін-ескерткіші бюджеттен тыс қаржы қарастырылып орнатылуы соның бір айғағы болуы қисынды.  

Сонымен қатар Абай Институты құрылымында тек қазақ тілін үйретумен шектеліп қалмайды, мәдени және ғылыми, әдеби бағыттар қоса қамтылатын болады. Бұл жобаға мемлекет тарапынан үлкен қаржы қажеттігі айқын. Біздің отанымыздың әлеуеті артқан сайын болуы тиіс рухани құбылыстардың өзегінде елдік қасиетті өзгелерге таныту, адамзатқа ортақ әдеби мұрамен бөлісу мұраты жатады. Қазақ тілінің әуезін, көркемдігін басқа халықтарға танытуға Димаштың қосқан үлесі аз емес. Демек шетелде Абай Институтына тіл үйренуге келетін қауым аз болмас деген асыл үміт бар.

Ақын сөзі – өзі. Абай ұлттың рухани көсеміне айналып, асыл мұрасын айқындайтын классикалық поэзия, данышпандық болмыс-бітімі, идеялары сыртқы әлемге таныла беру үшін келешекте Абай Институттарының маңызы зор болмақ. Ұлттық академиялық кітапханада болып өткен дөңгелек үстел Астанамен шектелмей, апта соңында Алматы қаласында да өткізілмек.

Дөңгелек үстелде сөз алған ғалымдар тақырыпқа орай нақты және биік деңгейде сөз сөйлеуімен қатысушылардың ықыласын шашыратпай ұстап отырды.  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Махсат Алпысбесұлы Абайдың өз кезінде қазақ қоғамына қалай әсер еткені және оның мемлекет қайраткері ретінде елге жасаған қоғамдық қызметіне, «Қазақтың қайдан шыққаны туралы» шежірелік деректердің маңызына баса тоқталды. Тарихшы ғалым ел Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан тарихын біз жаһан тарихы деп көрсетуіміз керек деген жүйелі ойына ой қосып, қазақ халқы түрік қағанатынан Қарлық-Қарахан мемлекетіне қалай өтті, Жошы ұлысынан Алтын Орда дәуіріне қатысты тарих қазақтың қария сөздерінде сақталып қалғанына, қазақ халқының руханиятының алтын өзегі Иассауилік жол арқылы Абайға дейін жалғасқанына және Абай жолы тоқтамайтынына, әрбір қазақ адамының санасына Абайдың құнды ойларын жеткізіп беру біздің міндетіміз екеніне мән берді.

Абайдың ұрпағы Ләйлә Баймағамбетқызы Абай хакім туған халқына өшпес рухани қазына сыйлағанына, Абай мұрасы тәлім-тәрбие мен адамшылықтың қайнар көзі екеніне тоқталды.   

ZOOM алаңы арқылы шыққан тарих ғ.д., профессор Әбдуақап Қара Стамбулда Абай тұлғасы қалай ұлықталып келе жатқанын, алып қаладағы Абай көшесінде бір үлкен мектепті ұлы ақын атына берілуіне ұсыныс жасап, оның қабылданғанын, Зейтүнбұрну ауданынының ең көрнекті жеріне Абай бюсті орнатылғанын, 175 жылдық қарсаңында Абайдың шығармаларын түрік тіліне аударуға әріптестерімен бірге үлес қосқаны үлкен абырой болғанын мәлімдеді. Ол Ұлттық академиялық кітапхана ұжымының басшылығына, қатысып отырған әріптестеріне алғысын білдірді. Дөңгелек үстелді ҰАК басшысының көмекшісі Аслан Ғафуров жүргізіп отырды.

Назарбаев Университетінің Жаратылыстану әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры Гүлтас Құрманбай «Абай ұлағаты: азаматтық жауапкершілік және көшбасшылық қабілет»  атты баяндама жасап, бүкіл қазақ халқы Абайды шын мәнінде танып білсе біз көгерген ел болар едік деп айтты. Гүлтас ханым Абай Крыловтан аударған мысалдардың өміршеңдігіне тоқталды, мектеп бағдарламасына кіргізсе деп ұсынды.  

Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов М.Әуезов қайтқаннан кейін Абайдың 11 жинағы жарық көргенін, Абайдың 175 жылдығында жарық көрген үш томдық академиялық толық жинағы тағы да 3000 данамен жарыққа шығаруға дайын екенін айтты. Бұл энциклопедиялық жинақта әр өлеңге бес-алты бет текстологиялық түсініктеме берілген. Бұл үш томдық ашық ресурсқа қойылған, «Абайдың электронды кітапханасы» сайтында тұр. Әдебиет және өнер институты Ұлттық академиялық кітапханамен тығыз байланыста.  

Будапешт қаласынан онлайн қатысып, қазақ тілінде жатық сөйлеген белгілі түрколог ғалым, қыпшақтанушы, Ph.D, Мажарстан Ғылым академиясы, Гуманитарлық ғылымдар орталығы, Этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Дәуіт Шомфаи Кара ұстазы профессор Қоңыр Иштван Мандокидің жолын жалғастырушы. Ол Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы 1956 жылы жарық көргенімен қазір өте сирек кітап екенін, осы кітапты қайта шығару керектігін айтты. Егер бұл басылым 69 жыл бұрын басылса, онда Леонид Соболевтің тәржімасы болып шығады. Мұрат Әуезов Анатолий Кимге роман-эпилогияны қайта аудартқаны белгілі.

Дәуіт Шомфаи Кара демеушілер табылса венгр тіліне Абай өлеңдері мен қара сөздерін өзі аударуға ықылысты екенін білдірді. Мұндай мүмкіншілікті құр жібермеу керек, өйткені бәрі біздің қазақ руханиятының игілігі үшін, мұндайда кәсіби маманның маңызы үлкен екені айдан анық.

ЕҰУ-ның Журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, филология ғ.к. , белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлы байлаусыз уақыт алға озған сайын Абай қазақтың темірқазығы болып қала берерін, Еуразия Ұлттық университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Майдан хаттары» атты жинақ жарық көріп, онда Абайдың немере-шөберелерінің 10-нан астам хатары жарияланғанын айтты. Абайдың 9 ұрпағының 7-еуі қан майданнан оралмаған. Қуғын-сүргінге ұшырап, әр жерде шашылып кеткен, жағдайы өте ауыр болған Абай ұрпақтарының көпшілігі қасіретті жылдарда опат болып кеткені орны толмас ащы ақиқат.

    Абайтанушы, фил.ғ.к., доцент, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір күнделікті өмірде Абай мұрасын зерттеумен айналысып келе жатқан орталық екенін айта келе, арнайы 15 сериядан тұратын кітаптарды үзбей жарыққа шығарып келе жатқандарын, бірақ олардың таралымы аз екенін айтты. Академия мерейтойға орай «Абай даналығы» деген альбомды үш тілде даярлап жатыр. Абай мұрасын насихаттауда жасөспірімдер аудиториясы маңызды. Жандос Әубәкір Абайтану пән ретінде мектепке енгізсе Абайды біліп шыққан балалар өскенде ел мүддесіне адал болады деп сөзін түйіндеді.

      М.Рудомино атындағы Шетел әдебиеті жөніндегі Бүкілресейлік мемлекеттік кітапхананың кітапханатану және кәсіби өзара әрекеттесу орталығының жетекшісі Дарья Белякова қазақстандық барша жобаларға қосылып жұмыс істеп отырғандарын, осы мекеме қорында Абай дүниесіне байланысты қанша әдебиет барына толық тоқталды.  Қорда 27 кітап, соның ішінде Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» туындысының бірнеше тілде аудармасы сақтаулы. Қазақ әдебиетін зерттеуші қауым тарапынан үлкен сұранысқа ие кітап академик Зәки Ахметовтың 1984 жылы жарық көрген кітабы көрінеді.

Венгрияда ұзақ жылдар Сегед университетінде оқытушылық қызмет атқарған, фил.ғ. канд., Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің сениор лекторы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы «Абай» медалінің иегері Раушангүл Мұқышева Абайды тану қазақтану екеніне мән беріп, «Абай Құнанбайұлы мұрасының Мажарстанда насихатталуы» туралы тиянақты мағлұматтар берді. Оның нақты деректері Дәуіт Шомфаи Карамен бір толқында шықты, әлбетте, екі ғалым да қазақ-мажар мәдениетінің тереңдей түсуіне адал еңбек етіп жүргендіктен.  Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман...» атты өлеңі мажар тіліне сәтті аударылғаны, ал «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңнің тәржімәсі түпнұсқаның дыбыстық ырғағын сақтағаны сүйінішті. Раушангүл өлеңді венгр тілінде келтіріп отырды.

Кей аудармаларды жолма-жол аударуға Қоңыр Иштван Мандоки атсалысқан. Академик Дъерд Хазаи Абай жаңалық әкелді деп жазған. Торма Йозеф Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға...» атты өлеңін мажар-қыпшақтарының шығу тегімен байланыстырған.  

Ресей Ұлттық кітапханасының Ұлттық әдебиеттер бөлімінің меңгерушісі Шушана Жабко әрдайым Абайға қатысты көрме ұйымдастырып, қазақ ақынының мұрасын насихаттау жолға қойылғаны, Абай қоры туралы дерек айта келе Абайдың махаббат лирикасы таңғажайып жырлар екеніне назар аударды.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» ммелекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының директоры Ұлан Сағадиев музейдің облыс бойынша 10 музейдің басын біріктірген іргелі құрылым екенін, былтыр музейге 100 000-нан астам туристер келгенін, Минскіге көрме жоспарлап отырғанын, мерейтой қарсаңында қызу даярлық жүріп жатқанына есеп берді.

Өскемендегі Абайтану ғылыми-зерттеу институтының директоры, фил.ғ.д.Айжан Картаева Абайды білу үшін Абай өмір сүрген заманды, қоғамды білу керектігіне мән берді. Абайда парсы-шағатай сөздері өте көп, түсініксіз сөздер жастар үшін қиындық туғызады. Біз Абайдың тілін білуіміз керек әрі оның мұрасына сақ болу керек. Біздің қоғам Абайға бет бұрып келеді. Ол Абай энциклопедиясын қайта шығару туралы ой салды. 

Абайтанушы, ҚР Судьялар одағының мүшесі, белгілі заңгер, ардагер Марат Азбанбаев «Абайтанудың өзекті мәселелері» атты баяндамасында Абайдың мемлекетшілдік мінезі қалыптасуына әкесі Ағасұлтан Құнанбай қажының ықпалы туралы және Абайды тану үшін  Шоқантануды да білу керектігін айтты.

«Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Абай институтының басшысы, Ph.D докторы Ләйлә Демесінова Абайтану мәселесін шетелде де айту көзделіп отырғанын, Абай институты 8 онлайн курс өткізгенін мәлім етті.  Омбыда қазақтар ана тілін үйреніп жатыр, бұл үрдіс жалғасады.

Қорытынды сөз ҰАК директоры Күміс Сеитоваға берілді. Ол іс-шараның өте сәтті өткеніне, жан-жақты ғылыми мәлімдемелер жасалғанына ризашылық білдіріп, кітапханада Абайға қатысты шаралар тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын, Абай залы той қарсаңында демеушілер тауып, күрделі жөндеуден өткізілмекші екенін мәлімдеді.

Ірі мемлекеттерде Абай Институты ашылса Тәуелсіздік тартуы әрі қазақтың ұлттық мүддесінің бір бөлшегі десе артығы жоқ. Конфуций,  Сервантес, Гете Институттары туған халқының мәдениеттерін таратуда зор рөл атқарады. Мысалы, Алматы Гете-Институты неміс әдебиетімен қатар қазақ әдебиетіне байланысты бірталай ірі жобаларды жасады.

 Айгүл Кемелбаева

26-27. 06.2025.

 

 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *