«Ақ пен қара» фотокітабының таныстырылымы
Жаңалықтар
194
2023 жылғы 3 қазан күні, сағат 11:00-де, Астана қаласындағы ( Астана қ., Достық көшесі, 11-үй) ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында, қазақстандық фотожурналистика негізін қалаушылардың бірі, белгілі фототілші Сайлау Пернебаевтың 85-жылдығына арналған «Ақ пен қара» атты фотокітабының таныстырылымы және мерейтойлық жеке шығармашылық фотокөрмесінің ашылуы өтеді.
Шынайы өмірде «Тосыннан түсіргенде» деген атпен ел есінде қалған фототілшінің олжа салмаған жанры кемде кем еді. «Ақ пен қара» атты бұл кітапта қазақ фотожурналистикасын дамытуға елеулі үлес қосқан, бар ғұмырын осы салаға арнаған Сайлау Пернебаевтың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында ел шежіресін фотоөнермен өрнектеген іріктелген туындылары беріліп отыр. Кітап көпшілік оқырманға арналған.
Осы шара аясында өтетін фотокөрмеге автордың жарты ғасыр бойы түсірген еңбектерінен жалпы саны 60 фото іріктеліп қойылады.
Сайлау Пернебаев (1939-2007) «Қазақстан мұғалiмi», «Социалистiк Қазақстан» (қазiргi «Егемен Қазақстан») республикалық басылымдарында, сонымен қатар 1981 жылдан зейнеткерлiкке шыққанға дейiн «Қазақ әдебиетi» газетiнде фототілші қызметін атқарды. Сайлау Пернебаевтың фотосуреттері Одақтық газет-журналдардың байқауларында 16 рет Бас жүлденi жеңiп алды. Оның әралуан тақырыптарды қамтыған көптеген фотосуреттерi әр жылдары «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Труд», «Литературная газета» газеттерiнде жиі жарияланып тұрды. Сондай-ақ, Францияның, Кубаның, Германияның газет-журналдарында бірнеше рет жарық көрді. Сайлау Пернебаев Қазақстан Журналистер одағының және Республикалық Кәсiподақтар комитетiнiң сыйлығымен бірнеше мәрте марапатталды.
Шараны ұйымдастырушылар - Қазақстан Жазушылар одағы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі және Сайлау Пернебаевтың отбасы. Серіктестері - Түркістан облысының әкімдігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Журналистер одағы.
Ақпараттық демеушілері - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы «Abai» телеарнасы мен «Қазақ әдебиеті» газеті.
Альбом-кітап «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, таралымы 1000 данамен «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Құрастырушылары: Асылхан Әбдірайымұлы, Айнұр Сайлауқызы. Кітапқа енген суреттер Сайлау Пернебаевтың отбасылық мұрағатынан алынды.
Ұйымдастыру алқасы
Тел: + 7 777 216 27 81, +7 7075489505
Оқи отырыңыз
Жаңалықтар
ШӘМШІ ҚАЛДАЯҚОВТЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:
Жаңалықтар
Тоқаев жаңа заңға қол қойды
Пікірлер (0)