Алматыда Назарбаевтар резиденциясы мен Кенсай зираты маңында қозғалыс шектелді
www.caravan.kz
16 күні таңертеңнен бастап Алматыдағы Дулати көшесінің бойында, әсіресе Тұңғыш Президент саябағынан жоғары орналасқан аумақта қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Назарбаевтар әулетіне тиесілі резиденция маңында полицейлер әр 200 метр сайын тізіліп, көлік қозғалысын шектеп, түсірілім жасауға қатаң тыйым салған, деп хабарлайды janabastau.kz тілшісі Ozgeris.info порталына сілтеме жасап.
Кешеден бері бұл маңда арнайы қызмет өкілдері бақылау жүргізіп жүрген болса, бүгін олардың қатары едәуір көбейген. Жергілікті тұрғындар мобильді байланыс сапасының күрт нашарлап кеткенін айтып отыр.
Оқиға орнынан репортаж дайындаған «ORDA» тілшісі резиденция жаққа бағыт алған қаралы кортежге ұқсас көлікті байқап қалған. Журналистер күзетшілерге жақындаған сәтте, олар қысқа әрі қатаң жауаппен шектелген:
— Не істейсің? Ішінде адам бар. Айта алмаймын.
Сол мезетте Кенсай зиратының айналасынан бірнеше патруль көлігі көрінген. Бұл — белгілі қоғам қайраткерлері мен елге танымал тұлғалар жерленетін орын.
«ORDA» тілшілерін полицейлер тоқтатып, барлық түсірілім материалдарын дереу жоюды бұйырған. Ал қалалық полиция департаменті әзірге ешқандай ресми түсініктеме берген жоқ.
Пікірлер (0)