ПРЕЗИДЕНТІМІЗ – ДИПЛОМАТИЯ ДАРАБОЗЫ
фотосурет:akorda
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВТЫҢ дипломатиядан басталған президенттікке жолы туралы
Қазақтың тарихында мемлекет пен ел тағдырына ықпал еткен, өз заманының көшбасшысына айналған тұлғалар аз емес. Солардың бірі, әрі бірегейі – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Көпшілік оны бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті ретінде таниды. Алайда, Қ.Тоқаевтың бүкіл болмысын толық ашып көрсететін қыры – оның терең тамыр жайған дипломатиялық тәжірибесі мен бітімгершілік тұлғасы. Шын мәнінде, ол ең алдымен әлемдік деңгейде мойындалған кәсіби дипломат, халықаралық қатынастардың нәзік иірімдерін жетік білетін майталман мәмілегер.
Дипломатия – кез келген мемлекеттің тірегі. Қазақстан үшін бұл саланың маңызы ерекше еді: тәуелсіздіктің алғашқы сәтінен бастап елді бейбіт жолмен таныту, сенімді әріптестер табу, жаңа шекараларды бекіту, ядролық қарусыздану жолын таңдау дипломатияның күшімен жүзеге асты. Осы жауапты тарихи кезеңде Қазақстан дипломатиясының іргетасын қалаған, оны әлемдік саясат сахнасына шығарған тұлғалардың алдыңғы қатарында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрды. Оның аты тек Қазақстанның Сыртқы істер министрлігімен ғана байланысты емес, бүкіл халықаралық қауымдастықтың есінде беделді мәмілегер ретінде сақталған. Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде сөйлеген сөздері, әлемдік қауіпсіздік мәселелері бойынша айтқан байыпты пікірлері, көпвекторлы саясатты ұстанудағы табандылығы оның шын мәнінде дипломатияның кәсіби мектебінен өткенін дәлелдейді.
Бүгінгі таңда жаһандық саясат алаңы бұрын-соңды болмаған сын-қатерлерге толы күрделі заманда Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық тәжірибесін Мемлекет басшысы ретінде жаңа деңгейде қолданып келеді. Әлемдік көшбасшылардың сеніміне ие болуы, ашық диалог орната білуі оның басты артықшылығы болып табылады. Қ.Тоқаевтың дипломат ретіндегі бейнесі – салқынқанды сабырлылық, тілдік дарын, мәдениеттерді терең түсіну қабілеті және келіссөз жүргізудің ерекше стилі. Ол үшін дипломатия – жай ғана кәсіби жол емес, халық алдындағы тарихи миссия, мемлекеттің болашағын бейбіт арнаға бұру аманаты. Сондықтан, оны дипломат ретінде бағалау Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін дұрыс түсіну үшін де, болашаққа бағдар алу үшін де аса маңызды.
Елімізді әлемге танытып, тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының іргетасын қалаған, алдымен еліміздің Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, содан соң екі мәрте Сыртқы істер министрі, Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, Парламент Сенатының Төрағасы, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, бүгінде ел басқарып, Президентіміз болып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан дипломатиясының дарабозы деп мақтанышпен айта аламыз. Себебі, әлемдегі ірі мемлекеттердің басшылары мен сыртқы саясат ведомстволарының жетекшілерінің көпшілігі дипломатиялық қызметке отыз-қырық жылдан астам уақытын арнай бермейді. Ал, Қасым-Жомарт Кемелұлының Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінде, кейіннен тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қызметінде жұмыс атқарғанына жарты ғасырға жуықтап қалды. Бұл – қазақ дипломатиясының кәсіби биігі, бір өмірге жинақталған сирек ұшырасатын тағдыр жолы.
Қасым-Жомарт Тоқаев – Кеңес одағы тұсынан бері тәжірибе жинақтаған кәсіби дипломат, мемлекет қайраткері, саяси ғылымдар докторы, бес тілді – қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерін еркін, француз тілін жетік меңгерген ірі мәмілегер, халықаралық қатынастар мәселелері жөнінде он шақты іргелі еңбектің авторы саналатын публицист. Сыртқы саясат қана емес, парламентаризм, үкімет басшылығы, көпжақты халықаралық дипломатия – оның қызметтік жолы осынша салада ұштасып жатыр. Ел Президенті ретіндегі бүгінгі жұмысының өзегінде де сол ұзақ жылғы дипломатиялық мектептің салмағы анық сезіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастық шағының ең шешуші кезеңі – Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында (ММХҚИ) оқуы. ММХҚИ қабырғасындағы студент кезінде ол халықаралық қатынастардың теориялық негізін ғана меңгеріп қоймай, әлемнің түрлі мәдениеттерін, саяси жүйелерін тануға мүмкіндік алды. Қасым-Жомарт ММХҚИ-да оқу барысында, бесінші курста 1974 жылдың тамыз айында Қытай Халық Республикасында, Бейжіңдегі КСРО Елшілігінде жарты жылдық дипломалды тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болды. Осы тағылымдамада ол Қытай елінің мәдениеті мен тұрмысын терең таныды. Бұл тәжірибе оның дипломатиялық көзқарасын кеңейтті. Қытай қоғамындағы тәртіп, еңбекқорлық, конфуцийшілдікке негізделген философия жас маманның дүниетанымына ерекше әсер қалдырды. Ол шығыс мәдениетінің сабырлылығын, мәмілегерлік әдіс-тәсілін өз бойына сіңірді. Кейін дипломатиялық қызметінде бұл тәжірибенің қаншалықты құнды болғаны анық байқалды.
Қ.Тоқаев үшін студенттік жылдары тек білім алу кезеңі емес, нағыз өмірлік бағдарын анықтайтын шақ болды. Ол дипломат болуды – ел тағдырына қызмет етудің миссиясы деп қабылдады. ММХҚИ-дағы білім алуы мен оқуы оны халықаралық аренада еркін қозғала білетін, әлемдік саясаттың заңдылықтарын жетік түсінетін, көп тілді меңгерген жас маман-дипломатқа айналдырды.
Сөйтіп, Мәскеудің дипломатиялық мектебінен өткен жас Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің болашақ кәсіби жолына сенімді де батыл қадам басты. Бұл – тек бір адамның тағдыры емес, тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық бағытына ықпал еткен үлкен тарихи дайындық кезеңі еді. Оның білімге деген құштарлығы, шығыс пен батысты тең меңгерген қабілеті – кейінгі дипломатиялық табыстарының берік іргетасы болды.
1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтын абыроймен бітірген түлекті Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігі бірден өз қатарына дипломат лауазымында қабылдап, Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек жолын бастады. Алғашқы тағайындау орны – экватор астындағы шағын, бірақ Оңтүстік-Шығыс Азияның сауда-экономикалық тіні саналатын ел Сингапур Республикасы болды. Мұнда КСРО Елшілігінде референт лауазымын атқарып, министрліктің ең төменгі сатысынан өзін білікті маман ретінде көрсете бастады. Сол жылдары Сингапур Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жаңа экономикалық жұлдызы ретінде көтеріліп келе жатқан, бірнеше мәдениеттің тоғысында тұрған, ағылшын тілі іс жүзінде халықаралық қатынас құралына айналған ерекше жер еді. Жас дипломат осы алуан түрлі ортада туған елінен мыңдаған шақырым жырақта төрт жыл бойы, 1979 жылға дейін қызмет атқарып, шетелдік ортаның салт-санасын, дипломатиялық протоколдың ішкі қалтарыстарын, әр сөздің салмағын меңгеріп шықты.
1979 жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәскеуге, Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратына қайтып оралды. Мұнда келесі төрт жыл ішінде ол аға референт, атташе, үшінші хатшы лауазымдарына реттілікпен сатылап көтерілді. Бұл – дипломатияда қалыпты жол: министрліктің ішкі тетігін, құжат айналымын, шетелдегі елшіліктер мен ортадағы үйлестіруші аппарат арасындағы байланысты тереңірек игеру тәжірибесі еді.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дейді халық. Қасым-Жомарт Кемелұлы үшін тіл – жай қарым-қатынас құралы емес, бір халықтың жан-дүниесіне ашылар есік болып саналды Осындай шет тілдерін үйреніп-білуге ықыласы артып, ол 1983 жылы Қытайға, Бейжіңдегі лингвистикалық институтқа он айлық тағылымдамаға аттанды. Бұл – дипломатиялық қызметтегі жай ғана біліктілікті арттыру курсы емес, бір тілді кәсіби деңгейде білуге жеткізетін терең шомылу болатын. Тағылымдамадан соң, 1984-1985 жылдары Қ.Тоқаев қайтадан КСРО Сыртқы істер министрлігінің Орталық аппаратында үшінші хатшы лауазымында қызмет атқарып, Қытай бағыты бойынша жұмыс жасап, сан-салалы құжаттарды дайындады. Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінде қызмет етуі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үшін үлкен дипломатиялық мектеп болды. Мұнда ол тәжірибелі дипломаттармен бірге жұмыс істеп, халықаралық қатынастар саласының ішкі құпияларына, қыр-сырына қанықты. Әлемдік саясаттағы теңгерім, ресми протоколдардың қатаң тәртібі, келіссөздердің әрбір деталі – бәрі жас маман-дипломаттың кәсіби шыңдалып, қалыптасуына зор ықпал етті.
Осындай қытай тілін жетік білетін тәжірибесі ескеріліп, Қ. Тоқаев 1985 жылы Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігіне ұзақмерзімді дипломатиялық қызметке екінші хатшы лауазымында жіберілді. Кеңес Одағының Бейжіңдегі Елшілігіндегі дипломатиялық жұмысының алғашқы жылдары – Қасым-Жомарт Кемелұлы үшін нағыз сынақ алаңы болды. Қытай тілін еркін меңгеруі оған жергілікті әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға жол ашты. Бұл қасиет кейін Қазақстан – Қытай екіжақты ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамытуда шешуші рөл атқарғанын уақыт дәлелдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес Одағының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінде үздіксіз алты жылдан аса – 1991 жылға дейін еңбек етіп, екінші хатшы, бірінші хатшы, ақыр аяғында кеңесші лауазымдарына дейін өсті. Осы жылдардағы ең шарықтаған шағы 1989 жылғы 15-18 мамырдағы Кеңес Одағының басшысы Михаил Горбачевтың Бейжіңге сапары болды. Отыз жыл бойы салғыласып келген екі алып мемлекеттің КСРО мен ҚХР-дың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарды қалпына келтірген тарихи жүздесуде Горбачев пен Дэн Сяопиннің бір-біріне: «Өткенді жабайық, болашаққа жол ашайық», – деп қол алысқан тұсында, аудармашы ретінде нақ Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Әлемдік саясаттың дәл сол сәтінде Орталық Азиядан шыққан қазақ жігітінің, жас дипломат-мәмілегердің ұлы екі мемлекеттің лидерлерінің сөзіне делдал болуы Қасым-Жомарт үшін тағдырдың сыйы еді.
Бейжіңде қызметінен 1991 жылы Мәскеуге оралысымен ол Кеңес Одағы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясының басшы дипломатиялық кадрлардың біліктілігін арттыру курсына түсті. Айналасы бірнеше ай ішінде Кеңес Одақ ыдырап, академия атауы жаңарып, Қ.Тоқаев оны 1992 жылы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясы ретінде бітіріп шықты.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң, тарих жаңа парақтарын ашты. Тәуелсіздігін жариялаған Қазақстанға сыртқы саясаттың мүлдем жаңа бағытын қалыптастыру міндеті тұрды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдары дәл дипломатия арқылы басталды. Әлем елдерімен дипломатиялық қатынастар орнату, жаңа мемлекетке сенім тудыру, халықаралық ұйымдарға мүше болу күн тәртібіндегі басты міндет еді. Сөйтіп, 1991 жылдың соңында Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған сәтте ел алдында ең әуелі өзін әлемге таныту міндеті тұрды. Мемлекеттің егемендігі заңды түрде мойындалғанымен, оның халықаралық жүйедегі орнын бекіту үшін үлкен дипломатиялық күш қажет еді. Бұл күрделі міндетті атқару үшін тәжірибелі әрі білімді мамандар қажет болды. Солардың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көзге түсті. Ол Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінде шыңдалған кәсіби дипломат ретінде жаңа мемлекетке қызмет етуге шақырылды. Еліміздің бүгінгі Президенті Қ.К.Тоқаев жас мемлекеттің іргетасы қаланып жатқанда сыртқы саясатқа сеніп шақырылған алғашқы кәсіби дипломаттардың бірі еді. Ол енді өз Отанына оралып, жаңадан құрылған Сыртқы істер министрлігінің негізін қалаушылардың бірі ретінде еңбек етті.
Сөйтіп, 1992 жылғы наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындады. Бұл тағайындау – отыз тоғыз жасар дипломат үшін үлкен сенім мен өсу, әрі үлкен сын мен жауапкершілік болды. Сонымен қатар, оның кәсіби жолындағы жаңа дәуірдің басталуы ғана емес, тұтас мемлекеттің тарихындағы бетбұрысты кезең еді. Министрлікте жұмыс жаңадан құрылып, қызметкерлер штаты толықтырылып, орталық аппарат пен болашақ елшіліктер жүйесі түптеп бір арнаға салынып жатқан шақ болатын. Қ.Тоқаев Азия-Тынық мұхиты, Қытай, Үндістан бағытындағы жұмыстарды қолға алып, бұған дейінгі мол тәжірибесінің арқасында ауыр салмақты иығына көтерді.
1993 жылы оған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымы сеніп тапсырылды. Осы екі-үш жылда Қ.К.Тоқаевтың тікелей қатысуымен қаншама халықаралық дегейдегі іс-шаралар тындырылды! Жас мемлекет Қазақстанның әлемнің жетекші мемлекеттерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуы, шетелдік елшіліктердің Алматыда ашылуы, өз кезегінде Қазақстанның шетелдерде елшіліктері мен консулдықтар торабын жайып, оған кадр жинақтауы, БҰҰ-ға толыққанды мүше ретінде енуі жөніндегі дайындықтар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесімен (ЕҚЫК) қатынастар орнату – мұның бәрі сол жылдардағы күнделікті жұмыс еді. Бұл орайда, Қ.К.Тоқаевтың кейіннен «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының атасы» атануының тамыры тура осы жылдардан тарап жатыр.
Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан дипломатиясының іргетасын қалауға өлшеусіз үлес қосты. Ол сыртқы саясат тұжырымдамасын жасауда, ядролық қарусыздануды жүзеге асыруда, халықаралық ұйымдардағы белсенділікті арттыруда және жаңа мемлекетті әлемге мойындатуда шешуші рөл атқарды. Оның тәжірибесі мен мәмілегерлік және дипломатиялық қабілеті Қазақстанды жаһандық саясат сахнасында бейбітшілік пен сенімнің символына айналдырды.
1994 жылы 13 қазанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Бұл Қазақстан сияқты жас мемлекеттің дипломатиялық мектебін құрудағы тарихи кезең еді. Тәуелсіздік алғанына үш жыл ғана болған Қазақстан үшін сыртқы саясатты жүйелеу, халықаралық аренада өзіндік орнын табу аса өзекті міндет болатын. Қ.Тоқаев министр ретінде ең әуелі ведомствоның құрылымын кәсіби деңгейге көтеріп, дипломатиялық қызметтің жаңа стандарттарын қалыптастыруға кірісті. Ол кадрларды даярлау ісіне ерекше көңіл бөлді: жаңа буын жас дипломаттарды шетелде оқыту, тәжірибеден өткізу арқылы кәсіби аппарат қалыптастыра білді.
Қ.Тоқаевтың дипломатиялық шеберлігі мен тәжірибесі Қазақстанның ядролық қарудан бас тарту процесінде ерекше маңызды болды. Ол халықаралық қауымдастықпен диалог жүргізіп, Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты келісімдер жасады. Бұл шешім Қазақстанның халықаралық аренада бейбітшілікті қолдаушы ел ретінде танылуына ықпал етті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломат ретіндегі қызметіндегі ең басты тақырыптарының бірі ядролық қарусыздану болды. Ол Қазақстанды ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан әлемдегі алғашқы мемлекеттердің бірі ретінде халықаралық қауымдастыққа таныстырып, осы бастаманы жүйелі түрде БҰҰ алаңдарында көтерді. Бұл қадам Қазақстанды бейбітшілікті ту еткен ел ретінде көрсетіп қана қоймай, оның жаңа тәуелсіз мемлекет ретіндегі беделін нығайта түсті.
1994-1998 жылдар кезеңінде Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміздің сыртқы саясатында көпвекторлы бағыт нақты іске асып, Қазақстан көршілерімен де, Батыс елдерімен де теңгерімді қатынас орнатты. Министрдің салқынқанды стилі мен тілдік қабілеті күрделі келіссөздерде өз жемісін берді. Қазақстан үшін, әсіресе 1998-1999 жылдар оңай болмады. Шығыс-Азиядағы қаржы дағдарысы экватор асып, Ресей рублі тұралап, шикізаттық экспортқа сүйенген елдер баға құлдырауынан зардап шеккен сын сағатта ел Президенті ең білімді де білікті дипломат Қ.К.Тоқаевты сыртқы саясат ведомствосынан Үкімет жұмысына ауыстырды. 1999 жылғы наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
1999 жылғы қазан айында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент келісімімен, Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Премьер-министрі болып тағайындалды. Сол шақта оның жасы небәрі қырық алтыда еді. Дипломатиялық саладан Үкімет басшысына көтерілген маман тарихта сирек ұшырасады. Көбіне Үкімет басшысына экономист, шаруашылық қайраткері, өнеркәсіп саласынан шыққан мамандар келетіні рас, ал Қ.Тоқаев – таза дипломатиялық мектептен өсіп, министрлер кабинеттің төріне шыққан санаулы адамдардың бірі.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан Республикасының Премьер-министрі қызметіне тағайындалуы оның дипломатиялық жолдан ішкі саяси басқару жүйесіне нақты қадам жасаған тұсы болды. Бұл кезең – Қазақстан үшін экономикалық қиындықтардан өтіп, тұрақтылыққа жету жолындағы шешуші сәттердің бірі. Үкімет басшысы ретінде Қ.Тоқаев әлеуметтік-экономикалық салаларды қайта құрылымдау, инвестициялық ахуалды жақсарту, халықаралық келісімдердің орындалуын қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жүргізді.
Оның дипломатиялық дағдысы бұл тұста да айқын көрінді. Ол мемлекет ішіндегі түрлі мүдделі топтармен келісімге келудің, жанжалсыз жол іздеудің, байыпты және ұзақмерзімді шешім қабылдаудың шебері екенін көрсетті. Министрлер кабинетіндегі жұмыс стилі жауапкершілік пен үйлестіру мәдениетіне негізделді. Қ.Тоқаев басқарған Үкімет кезінде мемлекеттік институттардың кәсібилігін арттыру, сыртқы байланыстарды ішкі саясатпен біріктіру тәжірибесі күшейе түсті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Премьер-министр лауазымында екі жылдан асқан уақыт қызмет атқарды. 2002 жылдың қаңтары оның қызметтік өміріндегі тағы бір өсу баспалдағы болды. Ол Премьер-министр лауазымынан өз еркімен кетіп, Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалды. Бұл жолы оның басты миссиясы Қазақстанның халықаралық беделін нығайту еді. Ол аймақтық бастамаларды ілгерілетіп, Қазақстанды Орталық Азиядағы тұрақтылықтың тірегіне айналдыруға ат салысты. Екі мәрте министр болғанымен, әр кезеңде Қ.Тоқаев сыртқы саясаттағы сабақтастықты сақтап, Қазақстан дипломатиясын жаңа деңгейге көтере білді. Оның еңбегі тұрақтылыққа, кәсібилікке және ел мүддесін қорғауға негізделген дипломатия мектепке айналды.
2003 жылдың маусымынан 2007 жылдың қаңтарына дейін ол сыртқы саясат ведомствосын таза Министр мәртебесінде басқарды. Сөйтіп, Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі лауазымында болған жалпы өтілі он жылды құрады (1994–1999 жылдар және 2002–2007 жылдар) – бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекорд десек дұрыс болар еді. Сыртқы істер министрі болған кезеңдерінде Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық дипломатияны да жаңа деңгейге көтерді. Қазақстан үшін шетелдік инвестициялар тарту – экономиканы тұрақтандырудың басты шарты болды. ҚТоқаевтың бастамасымен энергетикалық жобаларға шетелдік компаниялар тартылып, мұнай-газ секторында ірі келісімдер жасалды. Осы арқылы Қазақстан халықаралық аренада сенімді әрі тұрақты серіктес ретінде таныла бастады.
Қ. Тоқаевтың министр ретіндегі айрықша ірі еңбегінің бірі – Азиядағы өзара іс-қимыл мен сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК, ағылшынша CICA) дамыту болды. Сыртқы саясаттың рухани арнасы да назардан тыс қалған жоқ. 2003 жылғы 23-24 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының тұңғыш съезі шақырылды. Оның министр ретіндегі ең шарықтаған дипломатиялық жеңістерінің бірі – Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) 2010 жылы Қазақстанның төрағалық етуге үміткерлігі. 2006 жылғы 3-4 қазанда ол ресми сапармен Германияның астанасы Берлинге барып, Еуропалық парламенттің Сыртқы істер комитеті алдында сөз сөйледі. Дәл сол сапарда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылық етуге үміткер ретінде ұсынылғаны еуропалық қауымдастыққа ресми түрде жеткізілді. Кейіннен 2007 жылы Мадридте өткен ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстанның төрағалығы туралы шешім қабылданды.
2007 жылдың 11 қаңтарда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы лауазымына сайланды. Кәсіби дипломат ретінде сыртқы саясатпен айналысып келген мәмілегер енді заң шығарушы биліктің жоғары басшысы лауазымын алды. Бұл – мемлекет басшылығы Қ.Тоқаевтың тек шетел залдарында ғана емес, өз елінің ішкі парламенттік жұмысында да парасатты, ұстамды басшы бола алатынына кәміл сенген тұс еді. Сенат Төрағасы лауазымында ол депутаттардың дайындаған заңдарын талқылау, қаралған заң жобаларын Мәжіліспен үйлестіру, парламенттік дипломатияны дамыту секілді кешенді істерді қолға алды.
2008 жылы Қ. Тоқаев ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Вице-Президенті болып сайланды. Бұл Қазақстанның Еуропадағы беделді ұйымның жоғары үйіндегі дауысы күшейгенін көрсеткен оқиға еді. Сол шақта Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындалып, парламенттік арна арқылы да Еуропа кеңістігімен жұмыс жүргізу күн тәртібіне қойылған-тын. Қ. Тоқаев Парламенттік Ассамблеяның сессияларында, Тұрақты комитеттің отырыстарында, Киев, Вена, Астана секілді жиналыс орындарында Қазақстанның ұстанымын білдіріп, еуроатлантикалық және еуроазиялық кеңістіктер арасындағы байланыс кірпішін қалауға атсалысты. 2010 жылы тарихта ТМД кеңістігінен шыққан тұңғыш мемлекет ретінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға басшылық етуі – соның ішінде Астана саммитінің өткізілуі – оның министр және Сенат Төрағасы ретінде жасаған дайындық жұмыстарының заңды жалғасы болды.
2011 жылғы 12 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Хатшысы Пан Ги Мун Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты БҰҰ Бас Хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, әрі Бас Хатшының Қарусыздану жөніндегі Конференциядағы жеке өкілі етіп тағайындау туралы шешімін жария етті. Бұл бағытқа дейін БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін негізінен еуропалық мемлекеттерден шыққан дипломаттар басқарып келген. Қ.Тоқаев – осынау биік лауазымға қол жеткізген Азия құрылығынан шыққан тұңғыш азамат. Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық мансабындағы ең биік белестердің бірі – осы Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде Бас хатшының орынбасары лауазымына тағайындалуы. Бұл – қазақстандық дипломатия тарихындағы үлкен жетістік қана емес, бүкіл Орталық Азия аймағынан шыққан дипломаттың әлемдік деңгейде мойындалуы еді. Осындай жауапты қызметке тағайындалуы оның кәсібилігіне, бай тәжірибесіне және халықаралық беделіне берілген сенімнің айқын көрінісі болды.
Осы кезеңде ол әлемдік дипломатиялық ортада үлкен сенімге ие болды. Әріптестері оны байыпты ойлайтын, көптілді, мәдениетаралық түсінігі жоғары тұлға ретінде бағалады. БҰҰ-дағы жұмысы оған халықаралық шенеунік ретінде мол тәжірибе жинауға мүмкіндік берді. Ол тек Қазақстанды емес, бүкіл аймақты бейбітшілікке бағытталған бастамаларымен таныта білді. Қ.Тоқаевтың Женевадағы қызметі қазақстандық дипломатия мектебі үшін ерекше маңызға ие болды. Оның тәжірибесі кейінгі буынға үлгі болып қалды: кәсібилік, салқынқанды мәмілегерлік, прагматизм мен бейбітшілікке деген адалдық – жас дипломаттар үшін негізгі құндылыққа айналды. Осы арқылы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік деңгейдегі тұлға дәрежесіне көтеріліп, Қазақстанның халықаралық беделін жаңа биікке шығарды. Осылайша, Женевағы жұмысын абыроймен жүргізген Қ.К.Тоқаев 2013 жылғы 16 қазанда оны ойдағыдай аяқтап, елге оралды.
Дәл сол күні, 2013 жылдың 16 қазанында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы лауазымына екінші рет сайланды. Сөйтіп, туған елінде Отаны үшін бел шеше еңбек ету үшін ол Астанаға қайтып келді. Қазақстан Республикасының Конституция бойынша Сенат Төрағасы – мемлекеттегі екінші тұлға, Президент болмаған сәтте оның міндетін атқарушы. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық аренада жинаған игі тәжірибесін ел ішінде тиімді қолданып, ішкі саясат пен заң шығару үдерісіне жаңа саяси мәдениет әкелді. Бұл кезең оның кәсіби портретін тек дипломат емес, саяси жүйені басқаруға қабілетті реформатор ретінде де айқындай түсті. Міне, осындай аса жауапты да мәртебелі жоғары лауазымда ол 5 жыл 5 ай өз міндетін мүлтіксіз, адал, абыроймен атқарды.
Тарих өзінің беттерін кейде күтпеген тосын жағдайда ашатыны рас екен. 2019 жылдың 19 наурызында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің ұзақ жылғы мемлекет басшысы өкілеттігін өз еркімен тапсыратыны туралы мәлімдеме жасады. Конституция бойынша оның өкілеттіктері Парламент Сенатының Төрағасы Қ.К.Тоқаевқа көшті. Ал, ертеңіне, 20 наурызда Қасым-Жомарт Кемелұлы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында ант беріп, Қазақстан Республикасы Президентінің міндетін атқарушы лауазымына кірісті.
2019 жылғы 9 маусымда өткен кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 70,96 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті. Осы жылдың 12 маусымында ол ҚР Конституциясының 42-бабына сәйкес ант беріп, ресми түрде сайланған Президент ретінде Мемлекет басшысының лауазымына кірісті.
2022 жылдың 20 қарашасында өткен қайталама кезектен тыс президенттік сайлауда дауыс беруші сайлаушылардың 81,31 пайызы оған сенім білдірді. Бұл кәсіби дипломатияда ширек ғасырдан астам уақыт еңбек етіп, мемлекет басына көтерілген азаматқа берілген халықтың салмақты бағасы еді. 2022 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы Президентін салтанатты ұлықтау рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің салтанатты ұлықтау сәтіндегі сөзінен бастап-ақ Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты сабақтастықты сақтайтынын, алайда жаһандық сын-қатерлерге бейімделе отырып, жаңа басымдықтар енгізуге дайын екенін атап өтті.
Президент ішкі саясатта әлеуметтік-экономикалық саладағы халықтың қамы үшін кезек күттірмейтін реформаларды жасады. Атап айтқанда, өлім жазасын толық жойды, шағын кәсіпкерлерге қолдау, жалақы мен зейнетақыны өсіру, аз қамтылған отбасылардың кредиттік қарызын есептен шығару, зейнақты төлемдерді жалпыхалықтық қолданысқа енгізу секілді істер бір-бірінен үзілмей жалғасты. 2022 жылғы 15 маусымнан Президент жанындағы Ұлттық Құрылтайдың Төрағасы лауазымдарын қоса атқарды. Ал, сыртқы саясатта Қ.Тоқаев өзі негізін салған көпвекторлық бағытты үзбей жалғастырды.
Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыруда, көпвекторлы сыртқы саясаттың негізін қалауда, бейбітшілік пен ынтымақтастық құндылықтарын дәріптеуде оның үлесі орасан зор. Ол еліміздің ядролық қарусыздану жолындағы таңдауы мен халықаралық ұйымдардағы белсенділігін жаңа деңгейге көтере алды. Бірнеше мәрте Сыртқы істер министрі, Премьер-министр, Парламент Сенатының төрағасы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Мемлекет басшысы қызметтерінде жүріп, Қасым-Жомарт Кемелұлы тек кәсіби дипломат ретінде ғана емес, терең саяси тәжірибесі бар ұлт қайраткері ретінде қалыптасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев – тек мемелекет басқарған саясаткер ғана емес, сонымен қатар жоғары дәрежелі дипломат. Оның дипломатиялық қызметі мен жетістіктері Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтып, елдің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдаушы ел ретінде танылуына ықпал етті. Қ.Тоқаевтың әлемдік қауымдастықпен әріптестік орнатудағы үлесі оның дипломатиялық шеберлігінің, тәжірибесінің және ел мүддесін жоғары қоя білуінің нәтижесі. Президенттік қызметінде де оның дипломатиялық тәжірибесі мен шеберлігі ерекше байқалады. Ол халықаралық деңгейде Қазақстанның бейбітсүйгіш және теңгерімді сыртқы саясатын жалғастыруда. Оның басшылығымен Қазақстан халықаралық ұйымдарда белсенді қатысып, өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық, экология, климаттық өзгерістер мәселелеріне ерекше назар аударды. Бүгінгі таңда Қ.Тоқаевтың сыртқы саясаттағы бастамалары мен жетістіктері Қазақстанның тұрақты дамуы мен халықаралық аренадағы орнын нығайтуда маңызды рөл атқаруда.
Қ. Тоқаевтың туған елі мен шетел мемлекеттері тарапынан алған наградаларын айта кеткенді де жөн көрдік. Қазақстан Республикасының «Парасат» (1996), «Барыс» ордендерінің иегері, Ресейдің «Достық» (2004) және «Құрмет» (2017) ордендерімен, Украинаның ІІІ дәрежелі Дана Ярослав орденімен (2008), Жапония, Германия, Корея, Венгрия, Польша, Италия, Франция, Беларусь, Әзірбайжан, Грузия, Қырғызстан, Армения, Қытай Халық Республикасы, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Иран және басқа да ондаған мемлекеттің ең жоғары марапаттарымен наградталған. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың «Жыл адамы» лауреаттарының тізіміне енген.
Қасым-Жомарт Тоқаев – әлемдік дипломатиялық қауымдастықта үлкен сенімге ие болған сирек көшбасшылардың бірі. Оның есімі халықаралық аренада тек Қазақстанның Президенті ретінде ғана емес, беделді дипломат ретінде де қабылданады. Ол БҰҰ мінберінен бастап, жаһандық форумдар мен саммиттерде сөйлеген әр сөзінде жауапкершілік пен парасаттылықтың үлгісін көрсете білді. Оны әлемдік көшбасшылар – Қытай, Еуропа, АҚШ, Түркия мен Орталық Азия елдерінің басшылары сенімді, болжамды, прагматикалық серіктес ретінде бағалайды. Бұл – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан кәсіби беделі мен абыройының нәтижесі.
Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінде референттіктен бастап, Сингапур, Бейжің, Алматы, Астана, Женевада қызметтік сатылардан өтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына дейін көтерілген қазақ дипломатиясының алға оза шауып шыққан дарабоз тұлғасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев – қазақтан шыққан дүниежүзілік деңгейге көтерілген дипломатия өкілдерінің бірі. Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде туған Отанының сыртқы саясатын қалыптастыруға зор үлес қосып, оны әлемнің ірі мемлекеттері арасында тең дауысты ел санатына шығарып, бүгінде «Әділетті Қазақстан» атты жаңа жобаның басында тұрған мәртебелі Президентімізге еліміздің игілігі жолындағы кәсіби қызметіне толағай табыстар, зор денсаулық пен амандық, ел алдындағы абырой-беделінің арта беруін тілеймін.
Қазақ дипломатиясының дарабоз тұлғасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің көп жылдық тәжірибесімен, парасатты ұстанымымен, тікелей дипломатиялық шеберлігімен алдағы уақытта да Қазақстанды жаңартып, халқымыз армандаған игі мұраттар мен биік мақсаттарға қол жеткізетініне сеніміміз мол.
Гүлсім Еңсепова,
ҚР Сыртқы істер министрлігінің І сыныпты кеңесші-дипломаты,
ҚР Дипломатиялық қызметіне еңбегі сіңген қайраткер,
«Құрмет» орденінің иегері, Филология ғылымдарының кандидаты.
Пікірлер (0)