Құжаттарсыз, тіркеусіз және шлемсіз: Ақмола облысында «Мотоцикл» рейдтері өтті

Жаңалықтар
view 21
news

Фото ресми дереккөзден

Ақмола облысының аумағында «Мотоцикл» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Оның негізгі мақсаты – мотоциклдер мен өзге де мотокөлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру.

Рейд барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен, Шортанды ауданының Бозайғыр ауылында патрульдік полиция қызметкерлері «Bullet 200» мотоциклін тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушінің көлік құралын басқару құқығын растайтын жүргізуші куәлігін ешқашан алмағаны, ал мотоциклдің мемлекеттік тіркеуден өтпегені және мемлекеттік нөмірсіз жүргені анықталды. Аталған факті бойынша құқық бұзушыға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.

Тағы бір заң бұзушылық Бурабай ауылында тіркелді. Полицейлер «TF Moto 500-2A» квадроциклін тоқтатып, жүргізушінің жолаушыны қорғаныс мотошлемінсіз тасымалдағанын анықтады. Мұндай әрекет жолаушының өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жол қозғалысы талаптарын сақтамау тек жүргізушінің өзіне ғана емес, жолаушылар мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларына қауіп төндіреді. Әсіресе демалыс орындарында мототехниканы қауіпсіздік талаптарын сақтамай пайдалану жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады.

«Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету аясында облыс аумағында 7-9 тамыз аралығында күшейтілген рейдтік іс-шаралар өткізілді. Полиция қызметкерлері мотоцикл, мопед және квадроцикл иелерін жолға шығар алдында көлік құралдарының тіркеу құжаттарын, техникалық жай-күйін тексеруге, сондай-ақ қорғаныс мотошлемдерін міндетті түрде пайдалануға шақырады.

Жол қозғалысы ережелерін сақтау – әрбір жүргізушінің ортақ қауіпсіздікке қосқан үлесі. Қарапайым талаптарды орындау жолдағы қайғылы жағдайлардың алдын алып, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *