Он айда Қазақстанда 1,6 млрд жолаушы тасымалданды
Фото
2026 жылғы қаңтар–қазан айларында Қазақстанда көліктің барлық түрімен 1,6 млрд жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға көп, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Есепті кезеңде жолаушылар айналымы 80,3 млрд жолаушы-километрді (жолаушылар айналымы – тасымалданған барлық жолаушының жүріп өткен жалпы қашықтығын көрсететін көрсеткіш) құрап, өткен жылдың қаңтар–қазан айларымен салыстырғанда 8,1%-ға өсті. Барлық қатынас түрлері бойынша жолаушылар тасымалынан түскен кіріс 1,4 трлн теңгеге жетті. Жолаушылар тасымалының негізгі үлесі автомобиль және қалалық электр көлігіне тиесілі. Он айда аталған көлік түрлерін 1,6 млрд жолаушы пайдаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9%-ға көп. Осы көлік түрлерінің жолаушылар айналымы 9,5%-ға өсіп, 38,8 млрд жолаушы-километрді құрады.
Әуе көлігімен 13,8 млн жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға көп. Жолаушылар айналымы 10,7%-ға өсіп, 28,2 млрд жолаушы-километрді құрады. Әуе тасымалынан түскен кіріс 852,1 млрд теңгеге жетті. Ішкі су көлігімен 267,7 мың жолаушы тасымалданды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,8%-ға көп. Жолаушылар айналымы 10,8%-ға артып, 5,2 млн жолаушы-километрді құрады.
Теңіз және жағалау көлігімен 46,8 мың жолаушы тасымалданды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Теміржол көлігін 15,7 млн жолаушы пайдаланды. Жолаушылар айналымы 13,3 млрд жолаушы-километрді құрады. Ең көп жолаушы Алматы қаласында – 394,8 млн, Астанада – 285,6 млн және Қарағанды облысында – 122,2 млн адам тасымалданған. Өткен жылмен салыстырғанда тасымалданған жолаушылар саны Шымкент қаласында – 27,1%-ға, Астанада – 10,3%-ға, Қарағанды облысында – 9,2%-ға және Жетісу облысында – 8,4%-ға өсіп, айтарлықтай жоғары көрсеткішке ие болды.
Жолаушылар айналымының ең жоғары көрсеткіштері Алматыда – 24,7 млрд жолаушы-километр, Астанада – 15,1 млрд және Шымкентте – 6,4 млрд жолаушы-километр көлемінде тіркелді.
Пікірлер (0)