Тоқаев, Трамп және Си Цзиньпин Дженсен Хуангтың Nvidia компаниясына қайта оралуына қолдау білдірді
Фото: Ашық дереккөзден
23 қарашада Nvidia компаниясының директорлар кеңесі Дженсен Хуангты компания президенті және бас атқарушы директоры қызметтеріне қайта тағайындау туралы шешім қабылдағанға дейін Қазақстан мен АҚШ президенттері ол туралы көпшілік алдында пікір білдірген болатын. Сонымен қатар Дональд Трамптың айтуынша, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин де Хуангтың қабілетіне жоғары баға берген, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
19 қарашада Астанада өткен III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның америкалық NVIDIA технологиялық компаниясымен ынтымақтастығын жоғары бағалады. Президент екіжақты байланыстың нәтижелі сипатын атап өтіп, Дженсен Хуангқа Астанаға келгені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ оны көрнекті инженер және нағыз аңыз тұлға деп атады.
АҚШ президенті Дональд Трамп өз кезегінде Хуангтың Nvidia компаниясының басшысы қызметіне қайта оралуын ашық қолдады. Ол 16 қарашаның өзінде мұндай шешімге қарсы болмайтынын мәлімдеп, кәсіпкердің болған жағдайдан маңызды сабақ алғанына сенім білдірген еді.
20 қарашада Трамп Хуангқа тағы да қолдау көрсетіп, компанияны оның кешірімін қабылдауға және жұмысына қайта оралуына мүмкіндік беруге шақырды. АҚШ президенті кәсіпкердің елдің технологиялық саласы үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп, оның екінші мүмкіндікке лайық екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Трамп Қытайға сапары барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен Дженсен Хуанг туралы сөйлескенін айтты. Америка президентінің сөзінше, Қытай басшысы да кәсіпкердің қабілетін жоғары бағалап, оны талантты адам деп сипаттаған.
Ал 23 қарашада Nvidia компаниясының директорлар кеңесі Дженсен Хуангты корпорация президенті және бас атқарушы директоры қызметтеріне қайта тағайындау туралы шешімді бірауыздан қабылдады.
Пікірлер (0)