Қосшы және Қосшығұловтар

Қосшы жаңалықтары
view 29
news

Коллажды жасаған: Зәуреш СМАҒҰЛ

Қалалардың да тағдыры адам тағдыры сияқты. Бірінің тарихы ғасырлар қойнауынан басталса, енді бірі аз ғана уақыт ішінде елдің еңселі мекеніне айналады. Бүгін бес жылдық белесті бағындырып жатқан Қосшы – сондай қалалардың бірі. Әкімшілік мәртебесі жаңа болғанмен, бұл аймақтың тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Сондықтан Қосшының өткені туралы сөз қозғағанда, кезінде Арқа даласындағы ең дәулетті, ең іскер қазақ әулеттерінің бірі – Қосшығұловтардың өмірімен, кәсібімен және қонысымен тікелей байланысты тарихты айналып өту әсте мүмкін емес.

Еске сала кетсек, қазіргі Қосшы қаласы орналасқан аумақ ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Баймұхамбет Қосшығұловтың жазғы жайлауы болған. Оның мыңғырған малы осы жерде бағылды. Малшы біткен осы маңға қоныстанып, Баймұхамбет те осында келіп, жаз бойы шаруасын бақылап, жергілікті жұртпен бітеқайнаса өмір сүрген.

Жалпы, Қосшығұловтар дәулетінің негізін қалаған Баймұхамбет Қосшығұловтың өмір жолы – қазақ кәсіпкерлігі қалыптасу тарихының айқын беттері. Жетімдік көріп өскен ауыл баласы саудаға ерте араласып, татар көпестерінің жанында жүріп тәжірибе жинаған. Іскерлігі мен еңбекқорлығының арқасында ол аз уақыт ішінде Ақмоладағы ең ықпалды кәсіпкерлердің біріне айналды. Халық оны байлығы үшін ғана емес, жомарттығы мен елге жақындығы үшін «Байкөп» деп атаған.

Ол дәуірде қазақ байларының көбі дәстүрлі мал шаруашылығымен ғана шектелсе, Баймұхамбет жаңа заманның талабын ерте түсінді. Мал өсірумен қатар, өндіріс пен сауданы қатар дамытты. Ақмолада кірпіш зауыты, тері өңдеу цехы, арба мен шана жасайтын шеберханалар ашып, тұрмыстық бұйымдар шығарды. Алыс-жақын шетелден жеткізілетін тауарларды саудалап қана қоймай, өз өндірісін де жолға қойды. Ал ол дегеніміз қазақ даласында капиталистік қарым-қатынастың қалыптасуына қосылған елеулі үлес болатын.

Қосшығұловтардың ең үлкен жетістіктерінің бірі Ақмолада ашылған кондитер фабрикасы еді. 1895 жылы іске қосылған ол кәсіпорын қазақ жеріндегі алғашқы дайын өнім шығаратын өндірістердің бірі саналады. Онда шоколад, кәмпит, зефир, печенье, пряник, сухарь секілді әртүрлі тәтті өнім өндірілді. Сол заманның өзінде фабрика өнімдері Ақмола өңірінен асып, Ресейдің көршілес губернияларына тарады. Кейін оған «Ресей император сарайына өнім жеткізуші» мәртебесінің берілуі өндірістің сапасын ғана емес, қазақ кәсіпкерлерінің кәсіби деңгейін де көрсетіп тұрды.

Әрине, Баймұхамбеттің кәсіпкерлік ауқымы тек бір фабрикамен шектелмеді. Керек десеңіз, Ақмоладағы әйгілі «Ақ жапа» аталған сауда қатарларында Қосшығұловтардың бақандай 16 дүкені жұмыс істеген! Олар қант-шайдан бастап, мұнай өнімдері, ыдыс-аяқ, шаруашылық құралдары, түрлі өндірістік тауарларды сатты. Санкт-Петербургте жарық көрген сауда-өнеркәсіп анықтамалықтарында Баймұхамбет Қосшығұлов есімінің тұрақты жарияланып отырғаны оның Ресей империясы көлемінде кеңінен танылған кәсіпкер болғанын айғақтайды. Ал 1911 жылы оған берілген бірінші гильдиялы көпес атағы халықаралық сауда жасауға мүмкіндік берген ең жоғары мәртебелердің бірі еді.

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, кейін үлкен ұлы Құрманғали Қосшығұлов әке ісін жаңа деңгейге көтерді. Санкт-Петербургте білім алған жас кәсіпкер Еуропаның өндірістік мәдениетін көзбен көріп, жаңа технологиялардың болашағын ерте бағалады. Ол Қазақстандағы жоғары экономикалық білім алған алғашқы қазақтардың бірі. Құрманғали үшін кәсіп дегеніңіз тек жеке табыс табудан гөрі, елді өркендетудің құралы болатын. Оның есімі қазақ даласына келген алғашқы автомобиль тарихымен де тікелей байланысты. Санкт-Петербургте жүрген кезінде жүргізуші куәлігіне қол жеткізіп, жарыста жеңіп алған автокөлігін Ақмолаға әкелді. Кейін осында тағы бірнеше автомобиль жеткізіп, оларды басқа кәсіпкерлерге сатқан. Дерекке сүйенсек, кейін алғашқы автокөлік иелері атанған Ақмоланың белгілі көпестері ол көліктерді дәл осы Құрманғалидан сатып алған. Нақты айтқанда, қазақ даласына автомобильді алғаш танытқан адам – Құрманғали Қосшығұлов.

Бірақ оның арманы мұнымен шектелген жоқ. 1913 жылы Құрманғали Германиядағы «Опель» компаниясымен келісім жасап, Ақмолада автомобиль зауытын салуды қолға алған. Неміс инженерлері келіп, осында құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Егер Бірінші дүниежүзілік соғыс басталмағанда, қазақ жеріндегі алғашқы автомобиль зауытының дәл осы Ақмола өңірінде бой көтеруі әбден мүмкін еді. Өкінішке қарай, соғыс салдарынан шетелдік мамандар елдеріне қайтып, тәп-тәуір жоба аяқсыз қалды. Осылайша, бұл қазақ өнеркәсібі тарихында жүзеге аспай қалған ең ірі бастамалардың бірі болып қалды.

Құрманғали Қосшығұловтың тағы бір үлкен арманы – Ақмоланы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналдыру еді. Ол теміржолдың болашақтағы маңызын өзгелерден бұрын түсінді. Сондықтан 1913 жылы Түмен – Ақмола – Ташкент және Орск – Ақмола – Семей теміржол магистральдарын салуға арналған акционерлік қоғамның жұмысына қаржы құйған бастамашылардың бірі болды. Теміржолдың келуі өңірдің саудасын бірнеше есе ұлғайтып, қазақ кәсіпкерлеріне жаңа нарықтарға жол ашатынын жақсы білді. Алайда бұл жоспар да дүниежүзілік соғыс пен одан кейінгі төңкерістердің салдарынан «жөргегінде тұншықты».

Баса айта кетер бір жайт, бұл ретте Қосшығұловтар әулетінің ерекшелігі – олар тек байлық жинаумен ғана айналыспаған. Керісінше, қазақ қоғамына жаңа экономикалық мәдениет әкелді. Еуропаның өндірістік тәжірибесін меңгеріп және шетелдік компаниялармен серіктестік орната отырып, ел тұрмысына жаңа технологияларды енгізді. Сол дәуірдің «Зингер», «Саламандра», «Якорь» сияқты әйгілі брендтерімен жұмыс істеп, олардың өнімдерін саудалады әрі өндірістеріне инвестиция салды. Әрине бұл, бүгінгі тілмен айтқанда, халықаралық серіктестік құрып, шетелдік инвестиция тартудың алғашқы үлгісі еді.

Сонымен қатар Қосшығұловтар мәдениет пен ағартушылыққа да айрықша көңіл бөлді. Ақмолада мешіт пен медресе салуға қаржы жұмсады, өнер адамдарын қолдады. Ахмет Жұбанов өз еңбегінде Қосшығұловтардың шақыруымен қалаға әншілер келіп, грампластинкаға ән жазғанын, олардың ұйымдастыруымен өнер бәйгелері өткенін жазады. Осының өзі-ақ сол кезеңдегі қазақ кәсіпкерлерінің мәдени өмірге де бейжай қарамағанын аңғартса керек.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш қозғалысының идеялары Қосшығұловтарға да жақын болды. Ұлттық мемлекеттілік, экономикалық дербестік, білім мен кәсіпті дамыту жөніндегі ұстанымдар олардың өмірлік мақсатымен үндесті. Мысалы, архивте Құрманғали Қосшығұловтың Алаш қайраткерлеріне қаржылай қолдау көрсетіп, олардың жиындары мен бастамаларына демеушілік жасағаны туралы деректер сақталған. Өйткені ол кезінде қазақтың саяси тәуелсіздігі экономикалық тәуелсіздікпен қатар жүруі керек екенін жақсы түсінді. Алайда тарих беті басқа арнаға бұрылған-ды.

Кеңес өкіметінің орнауы Қосшығұловтар әулетінің тағдырын түбегейлі өзгертті. Алғашқы жылдары кәсіпорындары мемлекет қарамағына өткенмен, кейін тәркілеу науқаны басталып, барлық дүние-мүлкі тартып алынды. Бір кезде жүздеген адамға жұмыс берген фабрикалар мен дүкендер жабылды. Құрманғали өмірінің соңына дейін қуғын көріп, туған өлкесінен жырақта ғұмыр кешті. Оның бауырлары мен балалары да қуғын-сүргіннің ауыр зардабын тартты. Қысқасы, қазақ кәсіпкерлігінің көшбасшысы болған әулет осылайша тарих сахнасынан күштеп шеттетілді.

Дегенмен тарихты түбегейлі өшіру мүмкін емес. Қазіргі Астана қаласындағы көптеген орын кезінде Қосшығұловтардың еңбегімен байланысты болған. Олардың фабрикасы, сауда орындары, тұрғын үйлері, мешіттері мен медреселері қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыруға қызмет етті. Өкінішке қарай, кеңестік кезеңде сол ғимараттардың басым бөлігі сүріліп кетті. Соған қарамастан, архивтік деректер мен ел жадында бұл әулеттің ізі сақталып қалды.

Демек, бүгінгі Қосшы қаласының бес жылдық мерейтойы – бір ғасырдан аса уақыт бұрын осы аймақта еңбек етіп, кәсіп жүргізіп, қазақ даласына жаңа экономикалық ойлау мәдениетін әкелген Қосшығұловтар әулетінің еңбегін де тағы бір еске алатын сәт.

Иә, Қосшымыз – қазір қарқынды дамып келе жатқан жас қала. Жаңа мектептер, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, халық саны жылдан-жылға артып келеді. Шүкір. Бірақ қаланың бәрінен де басты байлығы – төл тарихы. Сол тарихтың өзегінде осы жерді мекен етіп, қазақ кәсіпкерлігінің жаңа дәуірін бастаған Қосшығұловтардың тағдыры жатыр. Себебі олар өз заманының озық ойлы тұлғалары еді. Тұтас бір әулет сауда мен өндірісті ұлт өркендеуінің негізі деп білді. Қазақ баласының қалада тұрып, кәсіппен айналысып, өндіріс ашып, білім алып, әлемдік экономикаға араласуына болатындығын өз өмірлерімен дәлелдеді. Егер уақыттың аумалы-төкпелі кезеңі олардың бастамаларын тоқтатпағанда, қазақ кәсіпкерлігінің тарихы мүлде басқа арнамен өрбуі де ықтимал еді.

Бүгінгі Қосшының өсіп-өркендеуі көңілге сол үзілген сабақтастықтың қайта жалғасқанындай әсер қалдырады. Қала дамыған сайын оның атауының қайдан шыққанын, осы өлкенің өткенін, Қосшығұловтар әулетінің ел тарихындағы орнын кейінгі ұрпақтың білуі – тарихи жадымызға, ұлттық кодымызға деген құрметтің белгісі. Неге десеңіз, кез келген қаланың шынайы құндылығы оның ғимараттарының биіктігімен немесе көшелерінің кеңдігімен ғана өлшенбейді. Қаланы қала ететін – оның жады. Өткені ұмытылмаған мекен ғана болашағын сенімді қалыптастыра алады.

Сонымен, биыл бес жасқа толған Қосшы қаласының алдында әлі талай алар асу мен бағындырар белес бар. Әр асудан асып, әр белеске көтерілген сайын жас қала өзінің тарихи тамырынан қуат алып отырса, оның дамуы да, рухы да, болашағы да баянды болады деген сенімдеміз.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ 

Фотосуреттер e-history.kz, egemen.kz, mnu.kz сайттарынан алынды

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *