Ақмола облысында сотталғандарға мамандық алуға қалай көмектесіп жатыр
Фото: Ресми дереккөзден
Бүгінде Ақмола облысында 800-ге жуық сотталған адам ресми түрде жұмыспен қамтылған. Өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 50-ден астам кәсіпкер өндіріс орындарын ашқан. Бизнестің жұмыс орындарын құруға қалай ықпал етіп жатқаны және сотталғандарды жұмыспен қамтудың «Заң және тәртіп» қағидатымен байланысы облыстың Кәсіпкерлер палатасында талқыланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Мұндағы әрбір жұмыс орны тек жалақы ғана емес. Сотталған адам үшін бұл кәсіп меңгеруге, еңбек дағдыларын сақтауға және бостандыққа шыққаннан кейін қажет болатын тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте жұмыстың ресми болуы және еңбек жағдайларының заң талаптарына сай келуі маңызды. Осы бағытты облыс прокуратурасы қадағалайды. Прокурорлық қадағалау жаңа жұмыс орындарын құруды ғана емес, оларды ұсынудың заңдылығын да қамтиды.
«Біз үшін кәсіпкерлердің алдында туындайтын мәселелердің шешімсіз қалмауы маңызды. Салалық кеңес мемлекеттік органдармен және бейінді ұйымдармен тікелей талқылап, нақты шешу жолдарын табуға мүмкіндік береді», – деді Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры міндетін атқарушы Расул Сыздықов.
Бүгінде өңірдегі ҚАЖ мекемелерінде бизнестің қатысуымен құрылған өндіріс орындары жұмыс істейді. Кездесу барысында сотталғандар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін жобалар да таныстырылды.
«Заң және тәртіп» қағидатының практикалық мәні де осында: адам жасаған құқық бұзушылығы үшін жауап беруі тиіс, сонымен қатар заң аясында еңбек етуге және кәсіп меңгеруге мүмкіндігі болуы қажет. Бұл оны бостандыққа шығуға дайындауға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.
Кездесуде мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзгерістер де талқыланды. 2027 жылдан бастап балабақшалар лицензиялауға көшуі тиіс. Кәсіпкерлерге алдағы уақытта ескерілетін талаптар түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушылар салық саласындағы өзгерістер мен IT-компанияларға арналған мүмкіндіктерді талқылады. Қызылжар ауылындағы «Ана жүрегі» ерекше балаларды қолдау және дамыту орталығының әлеуметтік жобасы да таныстырылды.
Кездесудің негізгі өзегінде сотталғандарды заң талаптарына сай жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру және белгіленген талаптардың сақталуына бизнес пен мемлекеттің жауапкершілігі мәселелері тұрды.
Пікірлер (0)