Қазақстан қоғамдық қауіпсіздік деңгейі бойынша әлемдегі 50 елдің қатарына енді
Фото: Ресми дереккөзден
Қазақстан қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі бойынша 143 ел мен аумақтың ішінде 41-орынға тұрақтады. Мұндай деректер World Justice Project (WJP) халықаралық ұйымының 2026 жылғы зерттеуінде жарияланды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Соңғы төрт жылда Қазақстан осы көрсеткіш бойынша өз позициясын біртіндеп жақсартып келеді. 2023 жылы ел 44-орында болса, 2024 жылы 43-орынға, 2025 жылы 42-орынға көтерілді. Ал биыл 41-орынға жайғасты.
Сарапшылар нені бағалады?
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші халықтың қылмыстық әрекеттерден, терроризм қаупінен, қарулы қақтығыстардан және саяси зорлық-зомбылықтан қорғалу деңгейін қамтиды. Сонымен қатар жеке дауларды шешу кезінде зорлық-зомбылықтың қаншалықты жиі қолданылатынына да назар аударылады.
Бұл бағытта Қазақстан Франция, Италия, Португалия, Грузия, Түркия және Ресей секілді бірқатар Еуропа мен Азия елдерінен озып тұр.
Қазақстан жалпы рейтингте нешінші орында?
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік көрсеткіші World Justice Project ұйымының Құқық үстемдігі индексіне кіреді. Аталған индекс сегіз бағыт бойынша бағалау жүргізеді.
Қауіпсіздіктен бөлек, зерттеуде азаматтардың негізгі құқықтарының сақталуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік органдардың ашықтығы, сот жүйесінің жұмысы және заңнаманың орындалуы қарастырылады.
Жалпы рейтингте Қазақстан 143 ел мен аумақтың ішінде 67-орынға ие болды.
Зерттеу халық арасында және тиісті сала мамандары арасында жүргізілген сауалнамаларға негізделген. Бағалау 44 көрсеткіш бойынша қалыптасты.
2026 жылғы Құқық үстемдігі индексінің жалпы рейтингінде Дания бірінші орынға шықты. Одан кейін Норвегия, Финляндия, Швеция және Люксембург орналасқан.
Пікірлер (0)