Назар аударыңыз!
Фото: Ресми дереккөзден
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Досбол Жақсыбаев 2026-2027 жылдардағы жылыту кезеңінің өту барысы туралы өзекті ақпарат берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Синоптиктердің болжамына сәйкес, түнгі уақытта ауа температурасының минус мәндерге дейін төмендеуіне байланысты пешпен жылыту жүйелері мен электр құрылғыларын қарқынды пайдалану салдарынан өрт шығу және иіс газынан улану қаупі артады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жылыту кезеңі басталғалы бері облыс аумағында 23 өрт тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,5%-ға төмен. Былтыр осы аралықта 40 өрт оқиғасы болған. Материалдық шығын көлемі шамамен 51 млн теңгені құрап, 24%-дан астамға азайған.
Оқиғалардың негізгі себептері - электр жабдықтарын орнату және пайдалану талаптарын бұзу, ол жағдайлардың 78%-ында тіркелген, сондай-ақ тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Мамандар 10 мыңнан астам тұрғын үйді қамтып, халықпен кездесулер өткізді және 850 түтін мұржасын тазалады. Әлеуметтік осал топтарға ерекше көңіл бөлінуде. Олардың үйлеріне 536 автономды иіс газы мен түтін датчигі орнатылды.
Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін қазірдің өзінде 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 9-ына жалпы сомасы 194 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Ауа райы суыған кезеңде құтқарушылар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ұсынады. Тұтанғыш сұйықтықтарды от жағу үшін пайдалануға, жағылып тұрған пештер мен қосулы электр құрылғыларын қараусыз қалдыруға, электр желілеріне шамадан тыс күш түсіруге болмайды.
Сондай-ақ түтін мұржаларын уақтылы тазалап отыру қажет. Иіс газының белгілері байқалған жағдайда бөлмені дереу желдетіп, «112» нөмірі арқылы жедел қызметтерге хабарласу керек.
Сонымен қатар облыс аумағында «Ата-анаңның үйін тексер!» республикалық акциясы жалғасуда. Бастама азаматтарды қарт туыстарына көңіл бөліп, олардың үйлеріне барып, пешпен жылыту жүйелерінің, түтін мұржалары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеруге шақырады.
Құтқарушылар ақмолалықтарды жақындарының қауіпсіздігіне бейжай қарамай, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Пікірлер (0)