NVIDIA компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізеді

Жаңалықтар
view 90
news

Фото: Aқорда

Мемлекет басшысы  "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Жолдауында ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізу, суармалы егіншілікті дамыту және агроөнеркәсіп кешенінің өнімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды.  Заманауи технологияларды тиімді пайдалану Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы әлеуетін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, Астанаға іссапармен келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізу қажеттігі жөнінде пікір білдірген. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты орынды деп бағалап, оны жедел жүзеге асыру керектігін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, егер Қазақстан осы бағытта айтарлықтай нәтижеге қол жеткізсе, жаһандық азық-түлік тапшылығы жағдайында Еуразия құрлығын азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталықтардың біріне айналуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан, суармалы егіншілікке пайдалануға болатын ауқымды жер алқаптары бар екенін атап өтті. Бұл аумақтарды тиімді игеру дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2–2,5 есе арттыруға ықпал етуі мүмкін. Алайда жаңа алқаптарды игеру барысында су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс. Президент су үнемдеудің озық әдістері мен агрохимиялық технологияларды кеңінен қолданудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы елімізде аталған бағыттағы жұмыстардың тиімділігі әлі де төмен екенін жеткізді. Жалпы, ауыл шаруашылығын цифрландыру, жасанды интеллектіні өндірістік үдерістерге енгізу және су үнемдеу технологияларын дамыту Қазақстанның аграрлық әлеуетін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға жол ашуы мүмкін.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *