Мұғалім-оқушыға жауапты емес
Фото: Aқорда
Оқу-ағарту саласындағы реформалар мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуге және артық жүктемесін азайтуға бағытталуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеп, ұстаздардың кәсіби міндетін орындауына кедергі келтіретін артық жұмыстарды тоқтатуды тапсырды. JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі хабарлағандай, Президент оқу-ағарту саласындағы өзгерістерге қатысты қоғамда көтеріліп жүрген мәселелерге назар аударды.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұрын мұғалімдер қағазбастылықтан зардап шексе, қазір есептердің басым бөлігі түрлі цифрлық платформалар мен ақпараттық жүйелерге көшкен. Алайда бұл өзгерістер ұстаздардың жүктемесін толық жеңілдетіп отырған жоқ. Президент мұғалімнің негізгі міндеті – балаға сапалы білім беру, сауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу екенін атап өтті. Сондықтан осы мақсатқа кедергі келтіретін, кәсіби қызметіне қатысы жоқ артық жұмыстарды қысқарту қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысы мектептерде мұғалімдердің абырой-беделін қорғау мәселесін көтерді. Оның сөзінше, соңғы уақытта оқушылардың ұстаздарға дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлары да кездеседі. Осындай оқиғалар кезінде мектеп әкімшілігінің мұғалімге қысым көрсетуі де дұрыс емес екені айтылды.
Президент әрбір жағдайды асығыс шешім қабылдамай, мұқият әрі жан-жақты қарастыру қажеттігін атап өтті. Мұндай мәселелерге ата-ана, оқушы, мұғалім және мектеп әкімшілігі бірдей жауапкершілікпен қарауы керек.
Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрлігіне бұл бағыттағы жұмысты жіті бақылауда ұстауды тапсырды.
Пікірлер (0)