Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қор активтерінің көлемі 130 миллиард доллардан асты

Жаңалықтар
view 75
news

Фото: Aқорда

Мемлекет басшысы еліміздің инфрақұрылымын жаңғыртуға, әлеуметтік маңызы бар нысандар салуға және өңірлердің дамуын жеделдетуге басымдық берілетінін мәлімдеді. Осы мақсатта 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу жоспарланып отыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның экономикалық әлеуеті ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, жан басына шаққандағы көрсеткіш 19 мың доллардан асады деп күтілуде. Сонымен қатар Қазақстан экономикасының көлемі бойынша әлемде 47-орынға көтеріледі деген болжам бар. Президент бұл көрсеткіш халық саны Қазақстаннан әлдеқайда көп бірқатар елдің экономикалық деңгейінен жоғары екенін білдіретінін атап өтті.

Өңдеу өнеркәсібі де тұрақты дамып келеді. Оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 14 пайыздан асқан. Бұл ұлттық экономиканы әртараптандыру бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесі ретінде бағаланды. Бұдан бөлек, еліміздің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 130 миллиард доллардан асқан. Ендігі міндет – осы экономикалық мүмкіндіктерді инфрақұрылымды жаңартуға және өңірлердің дамуына бағыттау.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы ауқымды құрылыс бастамаларын белсенді жүзеге асыруды тапсырды. Жоспар аясында ел бойынша аса қажетті әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын салу көзделіп отыр. Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. Бұл бастама елді мекендердегі инфрақұрылым сапасын арттыруға және халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталмақ.

Сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске қосу үшін биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастыру қажеттігі айтылды. Жоспарланған шаралар еліміздің экономикалық әлеуетін нақты жобаларға бағыттап, өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға және әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысын жандандыруға негіз болмақ.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *