Келесі жыл «Халықтық құрылыс жылы» деп жарияланды
Фото: Aқорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылды "Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы" деп жариялауды ұсынды. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде, облыс орталықтарынан бастап аудандар мен елді мекендерге дейін әлеуметтік және азаматтық инфрақұрылым нысандарын салу және жөндеу жұмыстары қолға алынбақ, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллект дәуіріндегі жаһандық өзгерістерге берілетін ортақ жауаптың бірі – құрылыс жұмыстарын жандандырып, елдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру. Осыған байланысты жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің құрылысын бастау көзделіп отыр. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталықтарын салуға басымдық беріледі.
Бұдан бөлек, барлық өңірде шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар бой көтеруі тиіс. Тұрғын үй құрылысын дамыту да маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Президент бұл бастамалардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға және елді мекендердегі өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалғанын жеткізді. Осы ретте қолға алынатын ауқымды құрылыс жұмыстары ел игілігіне қызмет етіп, әсіресе өскелең ұрпақтың болашағына қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталмақ.
Жалпы, Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы бастамасы әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыруға, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғыртуға және елдің экономикалық әлеуетін нығайтуға негіз болмақ.
Пікірлер (0)