Президент: Мемлекеттік көмек шын мұқтаж азаматтарға берілуге тиіс
Фото: Aқорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік әлеуметтік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттау, реформаларды мұқият саралау және әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы кез келген өзгеріс азаматтардың жағдайын ескере отырып жүзеге асырылуы керектігін жеткізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, мемлекеттік көмектің кімдерге және қандай тәртіппен көрсетілетіні – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта әлеуметтік қолдау мәселелері қоғамда кеңінен талқыланып, азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық көтеріп келеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы күрделі мәселелерді асығыстыққа салынбай, байыппен шешу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, реформаларды жүзеге асыру барысында артық әрекетке жол бермей, әрбір шешімнің ықтимал салдарын алдын ала бағалау маңызды.
Сонымен қатар кез келген реформа терең сарапталып, мұқият зерттеліп, азаматтардың әлеуметтік жағдайы барынша ескеріле отырып жүргізілуге тиіс. Президент әлеуметтік көмектің жаңа тетіктері мен оларға қатысты ақпараттық жүйелердің жұмысын алдын ала тексерудің маңыздылығына да тоқталды. Мұндай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі дәлелденгеннен кейін ғана кең көлемде қолдану ұсынылды. Мемлекет басшысы әлеуметтік мемлекеттің негізгі мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін Халыққа арналған кезекті Жолдауында атап өтті.
Осы ретте адам капиталының сапасын жақсарту және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай қалыптастыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді.
Пікірлер (0)