Президент «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту жұмыстарын қолға алу қажеттігін айтты
Фото: Aқорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру, теміржол және автокөлік жолдарының инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Президенттің айтуынша, Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын артып келеді. Осыған байланысты жол инфрақұрылымын жақсарту, әсіресе солтүстік өңірлердегі көлік қатынасын дамыту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сонымен қатар елімізде бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізілуде. Мемлекет басшысы мұндай ауқымдағы жұмыстардың Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмағанын атап өтті. Арқалық қаласындағы әуежайды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Алдағы уақытта Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі әуежайларын іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, келесі жылы әлемдегі ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастау көзделген.
Автомобиль жолдарын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Президент «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту жұмыстарын қолға алу қажеттігін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы отандық автокөлік жүк тасымалдаушыларын қолдау маңызды екенін жеткізді. Оның мәліметінше, Қазақстан арқылы өтетін автомобиль транзитінің жартысынан астамы шетелдік тасымалдаушылардың үлесіне тиесілі.
Осыған байланысты Үкіметке саладағы мәселелерді реттеп, отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған тиісті шаралар қабылдау міндеті қойылды. Жалпы, көлік-транзит инфрақұрылымын дамытудағы негізгі мақсат – Қазақстанның халықаралық тасымал жүйесіндегі әлеуетін нығайту, жол қатынасын жақсарту және отандық кәсіпкерлердің табысын арттыру.
Пікірлер (0)