«Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында өңірлерде жаңа әлеуметтік нысандар салынады

Жаңалықтар
view 97
news

Фото: Aқорда

Президент Жолдауында Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы басым міндеттерді атады. Мемлекет басшысы ел көлемінде жүзеге асырылатын ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Президенттің айтуынша, Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен оны пайдалану арасында теңгерім сақталуы қажет. Қаражат қоғамға барынша пайда әкелетін жобаларға бағытталып, әрбір жұмсалған теңгенің экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы тиіс. Мемлекет қаражатын игерудің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Осыған байланысты тиісті жобаларды жүзеге асыруға материалдық-техникалық базасы қалыптасқан және тәжірибесі мол жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту көзделіп отыр. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының барысы қатаң бақылауға алынбақ. Жоспар бойынша, бірінші кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған спорт залдары бар.

Бұдан бөлек, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Мемлекет басшысы мұндай әлеуметтік маңызы жоғары нысандардың құрылысын жедел бастап, қысқа мерзімде пайдалануға беру қажеттігін атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына да қомақты қаражат бөлінеді. Жоба аясында көптеген елді мекенге табиғи газ бен таза ауыз су жеткізу жоспарланып отыр.

Үкімет жыл соңына дейін жүзеге асырылатын нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуге тиіс. Бұл тізім еліміздің барлық өңірін қамтуы қажет. Мемлекет басшысы бастаманың негізгі мақсаты халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, кәсіпкерлікті дамыту және ұлттық экономиканы жандандыру екенін жеткізді. Осы орайда ұсынылып отырған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ел тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобалардың біріне айналуы мүмкін.

Президенттің пайымынша, бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Оның игілігін бүкіл халық, әсіресе өскелең ұрпақ көреді деп күтілуде. Осылайша, «Халықтық құрылыс» бастамасы әлеуметтік нысандарды көбейтуге, елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *