Қосшының дамуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз
Фотосурет: дереккөз
Құрметті қосшы қаласының тұрғындары және қала қонақтары! Қадірлі жерлестер! Баршаңызды жас қаламыздың 5 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бес жыл – тарихи өлшеммен алғанда, қысқа мерзім болғанмен, елдің бірлігі мен жасампаз еңбегі тоғысқанда үлкен белестерді бағындыруға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы аз ғана уақыт ішінде Қосшы еліміздің ең қарқынды дамып келе жатқан қалаларының біріне айналып, өзіндік келбеті қалыптасқан, болашағына сенім мол шаһар ретінде танылды.
Әрине, қарқынды өсіп келе жатқан қаланың өзіне тән күрделі мәселелері де бар. Халық санының жыл сайын артуы әлеуметтік инфрақұрылымға, инженерлік желілерге, жол қатынасына және коммуналдық жүйелерге түсетін жүктемені күшейтуде. Бұл мәселелерді кезең-кезеңімен шешу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Қосшы қалалық мәслихаты депутаттарының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тиімді шешімдер қабылдау, тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескере отырып, қаланың орнықты дамуына ықпал ету.
Біз әрбір бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы жүзеге асуына, білім беру, денсаулық сақтау, балалар алаңдары, мәдениет және спорт нысандарының көбейіп, қолжетімді болуына, инженерлік және көлік инфрақұрылымының дамуына тұрақты депутаттық бақылау жасап келеміз.
Мұның барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың нәтижесі екені сөзсіз. Қаланың дамуы тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір тұрғынның азаматтық жауапкершілігіне де байланысты.
Бірлігі жарасқан, еңбекқор, бастамашыл тұрғындар бар жерде кез келген мақсатқа қол жеткізуге болады. Сондықтан Қосшының бүгінгі жетістігі – осы қалада тұратын әрбір азаматтың адал еңбегі мен ортақ іске қосқан үлесінің жемісі. Алдағы уақытта да Қосшының заманауи, жайлы әрі тұрғындарға қолайлы қала ретінде дамуы үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.
Жаңа әлеуметтік нысандар салынып, инженерлік желілер жаңартылып, жолдарымыз жақсарып, қаланың экономикалық әлеуеті арта беретініне сеніміміз мол. Құрметті жерлестер! Қосшы қаласының 5 жылдық мерейтойы – өткенге есеп беріп қана қоймай, келешекке жаңа мақсаттар қоятын айтулы белес. Берекесі мен бірлігі бекем, өсіп-өркендеген, тұрғындары бақытты әрі бақуатты Қосшыны бірге қалыптастыра берейік.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Қаламыздың гүлденіп, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ орнасын! Қосшының келешегі кемел, болашағы баянды болсын!
Пікірлер (0)