Менің де тағдырым Қосшымен сабақтас
Фотосурет: дереккөз
Құрметті Қосшы қаласының тұрғындары мен қадірлі қонақтары! Баршаңызды Қосшы қаласының айтулы мерекесі – қала мәртебесін алғанына бес жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бес жыл – тарих үшін қас-қағым сәт болғанмен, қала үшін маңызды белес. Осы уақыт ішінде Қосшы қарқынды дамып, келбеті жаңарып, болашағына нық қадам басқан шаһарға айналып келеді.
Алда бұдан да биік белестер мен жарқын жетістіктер күтіп тұрғанына кәміл сенемін. Қосшының қала мәртебесін алғанына бес жыл ғана болғанмен, бұл өлкенің тарихы әлдеқайда тереңде жатыр. Осы қасиетті топырақтан елге еңбегі сіңген, есімі ел жадында қалған талай ардақты тұлға шыққан. Олардың өмір жолын насихаттап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету – баршамыздың маңызды міндетіміз.
Кезінде Целиноград облысының орталығы болған кезеңде елорданы Қосшы азық-түлікпен, жеміс-жидекпен және көкөніспен қамтамасыз еткен еңбекқор аймақ еді. Бүгінде 100 мыңға жуық тұрғыны бар қала Астананың дамуына өз үлесін қосып, елорданы еңбекқор азаматтарымен қамтамасыз етіп отырған маңызды серіктеске айналды.
Менің Қосшымен тағдырым 2010 жылдан бері сабақтас. Сол уақыттан бері осы жердің тұрғыны ретінде оның әрбір өзгерісіне куә болып келемін. Сондықтан өзімді Қосшының байырғы тұрғындарының бірі деп есептеймін. Біз судың да, жылудың да тапшылығын көрген кезеңдерді бастан өткердік. Бүгінде қала толықтай табиғи газбен қамтылды. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған үлкен жетістік. Жаңадан салынған сапалы жолдар, жарықтандырылған көшелер, заманауи инфрақұрылым – мұның бәрі Қосшының күн сайын көркейіп келе жатқанын айқын көрсетеді.
Алдағы уақытта қаланың айналасындағы жасыл белдеу кеңейіп, өндіріс орындары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылса, Қосшы елорданың серіктесі ғана емес, экономикалық әлеуеті жоғары өндірісті қалаға айналары сөзсіз. Оның барлық мүмкіндігі бар. Бүгінде Қосшыда жаңа мектептер, әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтары бой көтеріп жатыр.
Әсіресе, заманауи мәдениет орталығы тұрғындардың рухани өміріне серпін беретін маңызды орынға айналды. Мұнда концерттер мен кездесулер ғана емес, балалардың шығармашылығын дамытатын түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Сонымен қатар, кітап қоры мол заманауи кітапхана – білімге ұмтылған жастар үшін үлкен мүмкіндік.
Осындай игі бастамалар жалғасын тауып, жоспарланған жобалар толық жүзеге асса, Қосшының болашағы бұдан да жарқын боларына сенімім мол. Біздің қаламыздың ең үлкен байлығы – оның тұрғындары. Елорданың іргесіндегі Қосшы мәдениеттің, білімнің, тазалық пен тәртіптің үлгісіне айналуға тиіс.
Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың туған қаласына деген сүйіспеншілігін арттырып, оны таза ұстауға, жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу – баршамыздың парызымыз. Қосшының ертеңіне сенейік, оның дамуына әрқайсымыз өз үлесімізді қосайық.
Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті болса, Қосшымыздың мерейі әрдайым үстем боларына сенемін.
Нұрлан ӨНЕРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қосшы қаласының тұрғыны:
Пікірлер (0)