Өсіп-өркендеген қала - өскен ұлттың айғағы
фотосурет: дереккөз
«Өсіп-өркендеген қала - өскен ұлттың айғағы» деген қанатты сөздің мәнін Қосшы қаласының бүгінгі келбетін көрген сайын тереңірек түсінемін. Менің Қосшыда тұрғаныма он екі жылдан асты. Ең алғаш көшіп келген кезімде бұл елорда іргесіндегі шағын ғана ауыл еді. Сол уақытта тұрғындарды толғандырған мәселелер аз болған жоқ: аурухана жетіспеді, балаларды қай мектепке береміз деп алаңдадық, ал қарттар мен жастардың серуендеп, бос уақытын өткізетін қоғамдық орындары саусақпен санарлық еді.
Бүгінде сол Қосшыны тану қиын. Аз ғана уақыт ішінде қала адам танымастай өзгерді. Заманауи мектептер мен балабақшалар, жаңа денсаулық сақтау нысандары, кең көшелер, тұрғын үй кешендері, саябақтар, спорт және мәдениет орталықтары бой көтерді. Қала күн сайын жаңарып, қарқынды дамып келеді. Осындай тарихи кезеңнің куәсі болып, еліміздің ең жас қалаларының бірінің тұрғыны екенімді мақтан тұтамын.
Әрине, бұл жетістіктер өздігінен келген жоқ. «Қаланың жүрегі - оның еңбекқор адамдары» дегендей, Қосшының әрбір жетістігінің артында мыңдаған азаматтың адал еңбегі жатыр. Қаланың ресми мәртебеге ие болуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихи шешімі негіз болды. Ал осы шешімнің сапалы әрі жүйелі жүзеге асуына Ақмола облысының әкімдігі мен Қосшы қаласы әкімдігінің сіңірген еңбегі зор. Мемлекеттік органдардың, құрылысшылардың, ұстаздардың, дәрігерлердің, кәсіпкерлердің және қарапайым тұрғындардың ортақ еңбегі бүгінгі Қосшының келбетін қалыптастырды.
Бес жыл - тарих үшін қас-қағым сәт. Алайда осы қысқа мерзімнің өзінде атқарылған жұмыстарға көз жүгірткенде, үлкен істің жүзеге асқанына куә боламыз. Зәулім ғимараттар, жаңа әлеуметтік нысандар, қолайлы қоғамдық кеңістіктер, инженерлік инфрақұрылым - мұның бәрі Қосшының болашағына қаланған берік іргетас.
Әрине, қала - тірі ағза. Халық санының қарқынды өсуіне байланысты түрлі мәселелердің туындауы заңдылық. Бірақ, бастысы - олар назардан тыс қалмайды, жүйелі түрде қаралып, кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.
Мен Қосшы қаласының тұрғыны әрі Қоғамдық кеңесінің төрағасы ретінде туған қаламыздың одан әрі көркейіп, гүлденуіне өз білімім мен өмірлік тәжірибемді жұмсап, бар күш-жігерімді салуды азаматтық парызым деп білемін.
Қосшының алғашқы бес жылдық мерейтойы құтты болсын! Қаламыз көркейіп, тұрғындарының ырысы мен ынтымағы арта берсін!
Рауан ҚАЛИЕВ
Қосшы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы
Пікірлер (0)