Жүз пайыз қазақы қала болатынына сенемін
фотосурет: дереккөз
Қосшы бүгін ғана бой көтерген жаңа қала емес. Бұл - Ақмола мен Қараөткелдің тарихи кеңістігін жалғап жатқан, талай дәуірдің ізі қалған қасиетті мекен. Қазақ даласының әрбір төбесі мен жотасы өткеннің үнін сақтап жатыр десек, солардың бірі - Тайтөбе. Бүгінде осы маңнан сақ, ғұн дәуіріне жататын археологиялық жәдігерлердің табылып жатуы бұл аймақтың мыңжылдықтар бойы адамзат өркениетінің бір тармағына айналғанын дәлелдейді. Демек, Қосшының тарихы кешегі күннен емес, тереңнен бастау алады.
Көне түркі заманынан бері бұл аймақ талай тарихи оқиғаның куәсі болды. Осы төңіректе ел тағдырын шешкен билер мен батырлардың ізі жатыр. Нияз би мен Қабанбай батыр кесенелерінің дәл осы маңда орналасуы да кездейсоқ емес. Бұл - қазақтың мемлекеттілігі мен елдік рухының белгісі. Сондықтан Қосшыны болашақтың қаласы ретінде ғана емес, тарихи жады сақталған киелі кеңістік ретінде қабылдауымыз қажет.
Мен Қосшының болашағына үлкен сеніммен қараймын. Географиялық орналасуы, табиғи мүмкіндігі, Астанаға жақындығы бұл қаланың уақыт өте келе ірі шаһарға айналатынын аңғартады. Алайда қаланың дамуы тек тұрғын үйлер мен жолдардың көбеюімен өлшенбеуі керек. Оның тарихи болмысы, табиғи ортасы, су көздері мен мәдени ландшафты да бірге сақталуға тиіс. Өйткені табиғатынан айырылған қала өзінің тарихи тамырынан да ажырайды.
Меніңше, уақыт өте келе қаланың атауы да тарихи негізге сүйенгені жөн. «Тайтөбе» атауы - осы өлкенің шынайы тарихи-географиялық болмысын танытатын, халық жадында сақталған көне атау. Ал «Қосшы» сөзі өзінің мәні жағынан «мойынсерік», «қосалқы шаруашылық» деген ұғымды білдіреді. Бұл – белгілі бір кезеңнің әлеуметтік сипатын аңғартатын атау болғанмен, болашақ ірі қаланың тарихи миссиясын толық аша алмайды. Сондықтан Тайтөбе атауының жаңғыруы тарихи әділеттіліктің де көрінісі болар еді.
Бұл аймақтың тағы бір ерекшелігі, оның ұлттық келбетін қалыптастыруға толық мүмкіндігі бар. Мен Қосшының жүз пайыз қазақы қала болатынына сенемін. Мұнда қазақ тілі қоғамдық өмірдің, білімнің, мәдениеттің және мемлекеттік басқарудың табиғи тіліне айналуы керек. Астанадағы тілдік ахуалды қайталамауға тиіс.
Сонымен бірге бұл қаланы Астананың қарапайым көшірмесі ретінде емес, өзіндік тарихи тұжырымдамасы бар шаһар ретінде дамыту қажет. Тайтөбе маңындағы тарихи қорымдарды, археологиялық мұраны, көне түркілік және Алтын Орда дәуірінің мәдени сабақтастығын ұтымды пайдаланып, қаланың сәулеттік келбетін ұлттық өркениет идеяларымен сабақтастыруға болады. Бұл - өткенді қайталау емес, тарихи жадымызды заманауи қала мәдениетіне үйлестіру деген сөз.
Тайтөбе - Қосшының ғана емес, күллі Сарыарқаның тарихи символына айналуға лайық мекен. Сондықтан болашақ қаланың даму философиясы оның тарихи тамыры мен ұлттық рухына негізделгенде ғана Қосшы шын мәнінде өзіндік келбеті бар, тарихын құрметтейтін, болашағына сеніммен қарайтын қазақ қаласына айналады.
Қала мәртебесін алғанына бес жыл толып отырған мерейтойы құтты болсын!
Тұрсын ЖҰРТБАЙ
жазушы, филология ғылымдарының докторы
Пікірлер (0)