Ауылдың қала мәртебесін алуына біз ықпал еттік
фотосурет: дереккөз
Қосшының қала мәртебесіне ие болуы - бір күннің немесе бір ғана шешімнің нәтижесі емес. Бұл - ел бірлігі мен халықтың ортақ талпынысының, азаматтардың жанашырлығы мен табанды еңбегінің жемісі.
Сол кезде Қосшы қоғамдық кеңесінің мүшелері бас қосып, ортақ мәмілеге келдік. Халықтың атынан Қосшыға қала мәртебесін беру туралы ұсыныс хатты аудандық мәслихатқа жолдадық. Бұл бастаманы аудандық мәслихат депутаттары қолдап, облыстық мәслихатқа ұсынды. Кейін облыстық мәслихат мәселені орталық мемлекеттік органдарға жолдап, нәтижесінде 26 шілде күні мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойып, Қосшы ресми түрде қала мәртебесіне ие болды.
Бүгінде Қосшының қалыптасып, қарқынды дамуына осы өңірде адал еңбек етіп жүрген азаматтардың маңдай тері мен тұрғындардың ауызбіршілігі ерекше үлес қосып келеді. Осы игі іске атсалысқан барлық азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Еңбектеріңіз әрдайым жемісті, ел игілігі жолындағы қызметтеріңіз берекелі болсын.
Алдымызда тұрған міндет те ауқымды. Қосшының одан әрі көркейіп, заманауи әрі жайлы қалаға айналуы үшін әрбір тұрғын өзінің азаматтық үлесін қосуы қажет. Қаламыздың жасыл желекке бөленуі, инфрақұрылымының жетілуі, ауыз су, табиғи газ, өнеркәсіп және өзге де әлеуметтік нысандардың көбейіп, халықтың өмір сүру сапасының артуы - бәріміздің ортақ мақсатымыз.
Қосшы - бәріміздің ортақ шаңырағымыз. Оның бүгінгі жетістігі де, ертеңгі жарқын келешегі де әрқайсымыздың жанашырлығымызға, ынтымағымызға және адал еңбегімізге тікелей байланысты. Сондықтан туған қаламыздың өркендеуі жолында бірлігімізді сақтап, жұмыла еңбек етейік.
Ыбырай қажы ҚАЗАНҒАПОВ
Қосшы қаласының төбе биі
Пікірлер (0)