Бес жылда Қосшы үлкен өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктер қаласына айналды
фотосурет: әкімдік
Қосшы - Қазақстандағы ең жас әрі ең жылдам өсіп келе жатқан қалалардың бірі. Елорда іргесіндегі шаһарға жыл сайын жаңа тұрғындар қоныстанып, тұрғын үйлер, әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар бой көтеріп жатыр. Қала халқының жыл сайынғы өсімі шамамен 10 пайызды қамтиды. Бұл көрсеткіш - өңірдегі өзге қалалармен салыстырғанда, әлдеқайда жоғары.
Алайда халық санының қарқынды өсуі қаланың инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымына да айтарлықтай салмақ түсіреді. Электр энергиясы, ауыз су, жылу, газ, жол, кәріз, мектеп, балабақша, медициналық қызмет пен қоғамдық көлікке деген қажеттілік жыл сайын артып келеді.
Қала мәртебесіне ие болған бес жыл ішінде Қосшыда қордаланған мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, жаңа инфрақұрылым қалыптастыру және қаланың болашақ даму бағытын айқындау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылды. 2038 жылға дейінгі Бас жоспар бекітіліп, денсаулық сақтау, тұрғын үй, энергетика, сумен жабдықтау, газдандыру, жол құрылысы, кәсіпкерлік және инвестиция бағытында ірі жобалар қолға алынды.
Осы жұмыстардың нәтижесі мен алдағы жоспарлар туралы Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышевпен кеңінен әңгімелестік. Сондықтан көзіқарақты оқырман осы сұхбат арқылы Қосшының өсіп-өркендеу жолы, даму қарқыны және алдағы асқақ мақсаттарымен тереңірек таныса алады.
- Азамат Есімұлы, Қосшы қаласының бүгінгі даму қарқынын өзіңіз қалай бағалайсыз?
Жалпы, бұл Қосшы - Ақмола облысында ғана емес, еліміз бойынша ішкі көші-қон көрсеткіші ең жоғары қалалардың бірі. Халық санының жыл сайынғы өсімі шамамен 10 пайызды қамтиды. Бұл - облыс орталығындағы 1,59 пайыздық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Халықтың мұнда көптеп қоныстануын Қосшының өмір сүруге қолайлы, елордаға жақын және болашағы зор қала ретінде қалыптасып келе жатқанының айқын бір көрінісі дер едім. Сонымен бірге бұл жағдай әкімдікке үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жаңа тұрғындарға тек баспана беру жеткіліксіз. Оларға тұрақты электр энергиясы, сапалы ауыз су, жылу, газ, жақсы жол, қоғамдық көлік, мектеп, балабақша, емхана, аурухана, спорттық және мәдени нысандар қажет. Сондықтан Қосшы қала мәртебесін алған сәттен бастап негізгі күш инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталды. Біз қаланың бүгінгі қажеттілігін ғана емес, алдағы 10-20 жылдағы өсімін де ескеруге тиіспіз. Қазір қабылданатын әрбір шешім Қосшының болашақ келбетіне әсер етеді.
ҚОСШЫНЫҢ ӨСУ ҚАРҚЫНЫ
Халық санының жыл сайынғы өсімі - шамамен 10 пайыз.
Бұл көрсеткіш Ақмола облысының орталығындағы өсімнен бірнеше есе жоғары. Халық саны көбейген сайын тұрғын үйге, мектепке, медицинаға және инженерлік инфрақұрылымға деген сұраныс та артып келеді.
- Қаланың жүйелі дамуын қамтамасыз ететін негізгі құжат - Бас жоспар ғой. Ал оның негізгі маңызы неде?
- Иә, 2025 жылы Үкіметтің қаулысымен Қосшы қаласының 2038 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Бұл - қаланың ұзақ мерзімді дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат. Бас жоспарда тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар, инженерлік желілер, өндірістік аумақтар, жол-көлік инфрақұрылымы, қоғамдық кеңістіктер мен абаттандыру бағыттары қамтылған.
Бұрын кейбір жобалар жеке-жеке қарастырылып келсе, енді қаланың дамуы біртұтас жүйеге негізделеді. Қай аумақта мектеп немесе аурухана салынатыны, жаңа жолдардың қай бағытпен өтетіні, электр, су, жылу және газ желілері қуатының қалай ұлғайтылатыны осы құжат аясында айқындалады.
Қосшының ерекшелігі - халық саны мен тұрғын үй құрылысының өте жылдам өсуінде. Сондықтан қала құрылысы саласындағы шешімдер бүгінгі күннің сұранысымен ғана шектелмеуі керек. Әрбір шағын аудан, жол, инженерлік желі мен әлеуметтік нысан болашақтағы халық санына есептелуі қажет деп ойлаймын.
Бұл ретте Бас жоспар бізге жобаларды ретімен іске асыруға, бюджет қаражатын тиімді бөлуге және қаланың бейберекет емес, жүйелі өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Түсінікті. Сонымен қатар қала тұрғындары үшін ең маңызды салалардың бірі – денсаулық сақтау бағытында қандай нақты нәтижелер бар?
- Өздеріңіз білетіндей, Қосшы қаласында тәулігіне 1000 адам қабылдайтын жаңа емхана салынып, 2026 жылдың басында пайдалануға берілді. Бұл нысан қалалықтардың алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігін арттырды. Бұрын тұрғындардың едәуір бөлігі медициналық қызмет алу үшін Астанаға немесе басқа елді мекендерге баруға мәжбүр болатын.
Сонымен қатар қазір 350 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарын биыл тамыз айында аяқтау жоспарланған. Ал бұл – Қосшы үшін аса маңызды әлеуметтік нысан. Ауруханада диагностикадан бастап, күрделі операцияларға дейінгі заманауи медициналық қызмет түрлері көрсетіледі деп күтіліп отыр.
Жобаның жалпы құны - 30 миллиард теңгеге жуық. Аурухана толық іске қосылған кезде 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Әрине, бұл тек медициналық қызмет сапасын жақсартатын жоба емес. Ол қалаға дәрігерлерді, орта медициналық қызметкерлерді және басқа да мамандарды тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Қосшының әлеуметтік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді деп айта аламыз.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Жаңа емхана: тәулігіне 1000 адам қабылдайды.
Көпбейінді аурухана: 350 орынға арналған.
Жобаның жалпы құны: 30 млрд теңгеге жуық.
Жаңа жұмыс орындары: 1000-ға жуық.
- Қазір мұнда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жағы қалай болып жатыр?
- Соңғы үш жылда Қосшы қаласында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 551 пәтер берілді. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, жетім балалар, толық емес отбасылар және басқа да әлеуметтік санаттарға жататын тұрғындар бар. Сонымен қатар 11 жылдан бері өз баспанасына қол жеткізе алмай жүрген 110 үлескердің мәселесі шешілді. Олар жаңа пәтерлерінің кілтін алды. Бұл мәселе тұрғындар үшін өте ауыр әрі ұзақ жылдарға созылған болатын. Сондықтан үлескерлерді баспанамен қамтамасыз ету - мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қолдау мен әкімдік, тиісті мемлекеттік органдар және құрылыс компанияларының бірлескен жұмысының нәтижесі.
«Альтаир СК 7» компаниясы салған 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы да толық аяқталып, ол нысан пайдалануға берілді.
Бұл ретте тұрғын үй мәселесі бір жылдың ішінде толық шешілмейтінін де ескеру керек. Дегенмен біз кезекте тұрған азаматтарды баспанамен кезең-кезеңімен қамтамасыз ету және ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған проблемалы нысандарды аяқтау жұмыстарын жалғастырамыз.
- Тұрғын үй мәселесі бір жылдың ішінде толық шешілмейтінін айтып қалдыңыз. Ал құрылысы ұзаққа созылған әлеуметтік және әкімшілік ғимараттар туралы не деуге болады?
- 280 орындық балабақшаның құрылысы 2020 жылы басталған. Қазір оның құрылыс жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Халық санының өсуіне байланысты балабақшаға деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан бұл нысанды аяқтап, балалардың игілігіне беру - біз үшін маңызды міндеттердің бірі.
Прокуратура ғимаратының негізгі қаңқасы да тұрғызылған еді. Қазір оның ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Инженерлік желілер толық тартылып, аумақты абаттандыру қолға алынған. Бақылау-өткізу пунктінің қаңқасы көтеріліп, ішкі жұмыстары жалғасуда.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының да қаңқасы көтеріліп, оған шатыр, су және жылу жүйелері тартылды. Нысанның құрылыс дайындығы шамамен 80 пайызды қамтиды.
Бұл әкімшілік ғимараттардағы жұмыстардың бір бөлігі мердігер ұйымдардың өз қаражаты есебінен орындалып жатыр. Ал нысандардың аяқталуы Қосшыда мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, тұрғындардың көптеген мәселе бойынша өзге қалаларға бару қажеттілігін азайтуға тиіс.
- Байқауымызша, қаланы газдандыру жұмыстары жаман емес сияқты...
- Иә, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Қосшы қаласын газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қазір жобаның бірінші кезеңі толық аяқталып отыр. Жоба аясында жалпы ұзындығы 333 шақырым газ құбыры салынады. Бүгінде жоғары және орта қысымды желілер толық аяқталған. Төмен қысымды желілердің шамамен 80 пайызы тартылды.
Жоспарланған 43 газ реттеу шкафы толық орнатылып, газ реттеу пункті де іске қосылды.
Жобалық кестеге сәйкес, екінші іске қосу кешенін биылғы 1 шілдеге дейін, ал үшінші іске қосу кешенін қыркүйекке дейін аяқтау көзделген. Қазір қаланы толық газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда.
Айта кетсек, қаланы толық газдандыру – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартатын маңызды жоба. Сонымен қатар табиғи газға көшу электр және жылу желілеріне түсетін жүктемені азайтып, орталық қазандықтың жұмысын да әжептәуір жеңілдетеді.
Қосшыдағы жеке тұрғын үйлердің саны көп. Сол себепті қыс мезгілінде электрмен жылыту жүйелерінің жүктемесі күрт артады. Сондықтан газдандыру қаланың жалпы энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге де ықпал етеді ғой.
ҚАЛАНЫ ГАЗДАНДЫРУ
Газ құбырының жалпы ұзындығы - 333 шақырым.
Жоғары және орта қысымды желілер толық аяқталған.
Төмен қысымды желілердің 80 пайызы салынған.
43 газ реттеу шкафы орнатылған.
- Оған қосымша Тайтөбе ауылындағы газдандыру жұмыстары туралы айтып өтсеңіз...
- Тайтөбе ауылын газдандыру құрылысы 2025 жылы басталды. Бүгінде онда алғашқы 15 шақырым газ желісі салынды. Жоспар бойынша, ол ауылды 2027 жылы табиғи газбен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жалпы, Тайтөбе - Қосшы қаласының әкімшілік аумағына кіретін маңызды елді мекен болғандықтан, ауылдағы инфрақұрылымдық мәселелер де қала мәселелерімен бірдей деңгейде қарастырылады. Газбен қатар, онда электр және сумен жабдықтау жүйелері де жаңартылып жатыр. Біздің мақсатымыз - ауыл тұрғындарына қала тұрғындарымен бірдей сапалы коммуналдық қызмет көрсету.
- Қаладағы электр энергиясының тапшылығы мен желілердің тозуы мәселесі қалай шешіліп жатыр?
- Ішкі кварталдық электр желілерін дамыту және жаңғырту жұмыстары жалғасын тапқан. Бірінші іске қосу кешенінің желілері «АРЭК» компаниясының балансына берілді. Бұл желілердің әрі қарай тұрақты қызмет көрсетуі мен жөнделуін қамтамасыз ету үшін қажет.
Ал 2012 жылдан бері аяқталмай тұрған екінші кешеннің электр желілері сот шешімімен коммуналдық меншікке өтті. 2025 жылы бұл желілерді жөндеуге 250 миллион теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды.
Қаланың оңтүстік аумағындағы 19 және 20-шағын аудандарды қамтитын төртінші кезектің құрылысы былтыр басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңгеге жуық. Бас мердігер - «ИНСЕКТ» компаниясы.
Құрылыс жұмыстары екі жылға жоспарланған. Алайда қаржыландырудың болмауына байланысты, қазір құрылыс-монтаж жұмыстары уақытша тоқтап тұр. 2026 жылы қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жолданды. Енді жоба толық жүзеге асқанда, 2 мыңнан аса абонентті тұрақты электр желісіне қосуға мүмкіндік береді.
«Лесная поляна» тұрғын алабындағы 17 көпқабатты үйді тұрақты электр желісіне қосу жобасының дайындығы 100 пайызға жетіп, нысан пайдалануға берілді.
Тайтөбе ауылындағы жарықтандыру және электр желілері де толық көлемде қосылды. Қазір абоненттерді желіге қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен бірге «Энерджи-Тараз» компаниясының бұрын орындаған жұмыстары бойынша анықталған ескертулерді жою жұмыстары жалғасуда.
- Ауыз судың сапасы да Қосшы тұрғындарын алаңдататын өзекті мәселе екенін білесіз. Оның шешімі табылды ма?
- Рас, қала тұрғындарынан ауыз судың сапасына қатысты шағымдар жиі түседі. Бұл мәселенің бар екенін мойындаймыз және оны кезең-кезеңімен шешуге күш салып жатырмыз.
2026 жылға арналған жергілікті бюджетте сумен жабдықтау қуатын арттыру және су сапасын жақсарту жобаларын толық қаржыландыру мәселесі қолдау таппады. Соған қарамастан облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінді. Оның 26 миллион теңгесі 21 ұңғыманы тазартуға бағытталды. Ал 74 миллион теңгеге бес жаңа ұңғыма бұрғыланады. Бұл қаражатқа құбыр тарту, электр желілерін жүргізу және сорғы қондырғыларын орнату жұмыстары да кіреді.
Тағы 100 миллион теңге таза су резервуарларын тазартуға бөлінді. Бұл жұмыстар ауыз судың сапасын жақсартуға, қолданыстағы жүйенің қуатын арттыруға және жаз мезгіліндегі су тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Бір айта кетерлігі, сумен жабдықтау мәселесін тек жаңа ұңғыма бұрғылаумен шешу мүмкін емес. Қазір бізге суды өндіру, тазарту, сақтау және тұрғындарға жеткізу жүйесін тұтас жаңарту қажет.
Тайтөбе ауылын сумен жабдықтау нысанының құрылыс дайындығы – 100 пайыз. Қазір мердігер ұйым су құбыры құдықтарына фасондық бөлшектер мен өрт гидранттарын орнатып жатыр.
АУЫЗ СУ САПАСЫН ЖАҚСАРТУҒА – 200 МЛН ТЕҢГЕ
26 млн теңге - 21 ұңғыманы тазартуға;
74 млн теңге - бес жаңа ұңғыманы бұрғылауға;
100 млн теңге - таза су резервуарларын тазартуға бағытталды.
- Орталықтандырылған кәріз жүйесін салу мәселесі қалай шешілмек?
- Қосшыдағы кәріз жүйесінің жағдайы - қаланың ең күрделі инфрақұрылымдық мәселелерінің бірі. Бас жоспарға сәйкес, қазір Қосшы қаласында орталықтандырылған кәріз жүйесін салу жобасы әзірленіп жатыр. Бұл нысан Астана агломерациясын дамыту жоспарына енгізілді.
Сонымен қатар Қосшы қаласының ішкі кәріз желілерінің өткізу қуатын арттыру үшін жеке жоба дайындалды. Құжаттар мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Енді қаржыландыру мүмкіндігіне қарай, құрылыс жұмыстарын келесі жылы бастау жоспарланып отыр.
Кәріз жүйесінің құрылысы тек құбыр тартумен шектелмейді. Оның құрамына магистральдық және ішкі желілер, сорғы стансалары, коллекторлар және тазарту жүйелері кіреді. Сондықтан бұл жобаны техникалық талаптарды сақтап, кезең-кезеңімен және ұзақ мерзімді есеппен жүзеге асыру қажет.
- Өткен жылыту маусымы қалай өтті және жылу тапшылығын жою үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?
- Қосшы қаласында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымы жоспарлы әрі тұрақты аяқталды. Қазір келесі жылу беру маусымына дайындық жұмыстары басталды.
Қаладағы орталық қазандыққа резервтік электр желісі салынды. Бұл негізгі электр желісінде ақау болған жағдайда қазандықтың жұмысын тоқтатпауға мүмкіндік береді.
Қосшыдағы жылу энергиясының тапшылығын азайту мақсатында бір қазандықты ауыстырып, оның жобалық қуатын 37 гигакалорияға дейін арттыру ұсынылып отыр. Қазіргі нақты қуаты - 32 гигакалория.
Осылайша, жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде қосымша 20 гигакалория жылу энергиясы өндіріледі. Бұл қазіргі 10 гигакалория көлеміндегі тапшылықты толық өтеуге және қосымша 10 гигакалория резервтік қуат қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны - 1,4 миллиард теңге.
Сонымен қатар 2027-2028 жылдары қалған қазандықтарды кезең-кезеңімен ауыстырып, олардың қуатын арттыру жоспарланып отыр. Сөйтіп, жылу орталығын толық жаңғырту нәтижесінде оның жалпы қуатын 160 гигакалорияға дейін жеткізу көзделген.
ЖЫЛУ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ
Қазіргі жылу тапшылығы - 10 Гкал.
Қосымша өндірілетін қуат - 20 Гкал.
Қалыптасатын резерв - 10 Гкал.
Жобаның жалпы құны - 1,4 млрд теңге.
Болашақтағы жалпы қуат - 160 Гкал.
- Ал қаладағы тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмысы қалай ұйымдастырылған?
- Қосшы қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды шығарумен «Олжа Капитал Групп» компаниясы айналысады. Оның жұмысы әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда. Қалдықтарды уақтылы шығармау, контейнерлердің толып қалуы, контейнер алаңдарының жағдайы және кейбір аумақтардың тазалығы бойынша мердігерге тиісті талаптар қойылады. Тұрғындардан түсетін шағымдар мен ұсыныстар ескеріледі.
Сонымен қатар тазалық мәселесі тек коммуналдық қызметтің міндеті емес. Құрылыс қалдықтарын тұрмыстық контейнерлерге тастамау, белгіленбеген жерлерге қоқыс шығармау және ортақ аумақты таза ұстау - әрбір тұрғынның жауапкершілігі.
Алдағы уақытта қалдықтарды сұрыптау, контейнер алаңдарын талапқа сай жабдықтау және қызмет көрсету сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
- Қаланы абаттандыру және көгалдандыру бойынша қандай жұмыстар жоспарланған?
- Биыл 3 балалар ойын алаңы мен 2 футбол алаңын салу бойынша конкурстық рәсімдер басталды. Сонымен қатар қаладағы 2 сквердің құрылысы жалғасып жатыр. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында да Қосшы қаласының аумағында санитарлық және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған кешенді іс-шаралар өткізілді. Көгалдандыру мақсатында 1200 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Әрине, көшет отырғызумен жұмыс аяқталмайды. Оларды суару, күтіп-баптау және жерсіндіру маңызды. Сондықтан отырғызылған ағаштардың сақталуы да тұрақты бақылауда болады.
Маусымдық дезинсекциялау жұмыстары уақытында басталды. Қазір жұмыстың бірінші кезеңі толық аяқталып, екінші кезеңіне дайындық жүргізіліп жатыр.
- Ішкі жолдардың жағдайы мен жаңа жол құрылысы жөнінде не айтасыз?
- Қосшы қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанынан тұрғындар хабардар. Бәрі көз алдарында жасалып жатыр.
Биыл «Қосшы қаласының ішкі қалалық жолдарын салу» жобасының үшінші кезеңі іске асырыла бастады. Жоба аясында жалпы ұзындығы 4 580 метр жаңа жол салу және өтпелі нысандардағы жұмыстарды аяқтау көзделген.
Оның ішінде:
Тоныкөк көшесі - 1 100 метр;
Арқалық көшесі - 1 380 метр;
Күлтегін көшесі - 1 100 метр;
Махмұд Қашғари көшесі - 1 000 метр.
2025 жылы аталған жобаны іске асыруға 4,2 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 12 учаскеге жалпы ұзындығы 8,6 шақырым жол салынды. Жобаның жалпы құны - 15,8 миллиард теңге. Қазір игерілуі қажет қаржы көлемі 6,9 миллиард теңгені қамтиды. Қалған қаражат аясында жалпы ұзындығы 16,4 шақырым болатын 15 көшедегі жол құрылысын аяқтау жоспарланған. Бас мердігер - «АБК Автодор НС» компаниясы.
Сонымен қатар ұзындығы 6,1 шақырым болатын Республика көшесіне орташа жөндеу жұмыстары мамыр айында басталды. Жоба аясында асфальт жабыны ауыстырылады, жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолы жаңартылады және көше жарықтандыру жүйесіне жөндеу жүргізіледі. Бұл жобаның жалпы құны – 3,2 миллиард теңге. Мердігер ұйым - «Энергодор» ЖШС.
Сәуір айында қоғамдық көлік маршруттары бойына 5 жаңа аялдама орнатылды.
Жол салу кезінде тек асфальт төсеумен шектелмей, жаяу жүргіншінің қауіпсіздігіне, көше жарығына, су бұру жүйесіне және қоғамдық көлік қозғалысына да назар аударылады.
ЖОЛ-КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ
2025 жылы: 12 учаскеде 8,6 шақырым жол салынды.
Жалпы жоба құны: 15,8 млрд теңге.
Алдағы жұмыс: 15 көшеде 16,4 шақырым жол.
Республика көшесі: 6,1 шақырым.
Орнатылған жаңа аялдамалар: 5.
- Қала бюджетінің орындалуы мен қаржы тәртібі туралы да біле отырсақ...
- 2026 жылдың басынан бері экономика және қаржы бөлімі бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау бағытында жұмыс жүргізді.
2025 жылғы бюджеттің орындалуы аяқталып, 2026 жылға арналған бюджеттік өтінімдер мен мемлекеттік сатып алу жоспары бекітілді. Мәслихат отырыстарында бюджетті бекіту, қаланы дамыту және әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты шешімдер қабылданды.
Сәуір айында салық түсімдері жоспардан 97,7 пайызға артық орындалып, 4 миллиард теңгені қамтыды. Ал жалпы бюджет қаражатының игерілуі 3 миллиард теңге немесе 99,8 пайыз болды.
Есепті кезеңде 9 тендер өткізіліп, 14 келісімшарт жасалды.
Былтыр 24 желтоқсанда Қосшы қаласының 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспары бекітілген болатын. Бұл құжат қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін, басым жобаларын және бес жылдық даму міндеттерін айқындайды.
«Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында 31 маманға жалпы сомасы 13 миллион теңге төленді.
2026 жылдың маусым-тамыз айларында жалпы сомасы 26 миллион теңгені қамтитын 3 бюджеттік несие беру жоспарланған.
Бізде осылай қала бюджетінің ашықтығы, қаражаттың тиімді жұмсалуы және жобалардың уақытында орындалуы – басты талаптардың бірі.
- Қосшыдағы кәсіпкерлік пен инвестициялық ахуалды қалай бағалайсыз?
- Қосшыда кәсіпкерлікті қолдау шаралары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Кәсіпкерлерге гранттар, жеңілдетілген несиелер және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі.
Қалада 5 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. 2026 жылы жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың жоспарланған жалпы көлемі – 85 миллиард теңге. Соның нәтижесінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Есептік деректерге сәйкес, бөлшек сауда көлемі 3 миллион 218 мың теңгені, көтерме сауда көлемі 539 мың теңгені қамтыды.
Жалпы, Қосшының елордаға, халықаралық әуежайға және негізгі көлік дәліздеріне жақын орналасқанын жақсы білесіздер. Ал ол дегеніміз – сауда, қызмет көрсету, логистика, құрылыс және өндіріс салаларын дамытуға қолайлы жағдай жасайды деген сөз.
- Қалада нақты өндіріс орындарын ашу бағытында қандай жобалар бар?
- Өндіріс саласында «Сивка-Бурка» шаруа қожалығы құны 250 миллион теңгені қамтитын еттен жасалатын жартылай фабрикаттар өндіру кешенін салды. Бүгінде бұл нысан бойынша қабылдау-тапсыру актісі рәсімделді. Қазір ішкі жұмыстар мен жабдықтарды орнату жалғасып жатыр.
Кәсіпорынды биыл қыркүйекте ашу жоспарланған. Сол сәтте осы жоба аясында 10 жаңа жұмыс орны құрылады.
- Қосшыдағы индустриялық аймақтың болашағы қандай?
- Мемлекет басшысы өз Жолдауында ел экономикасын жаңғырту, өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау мәселесін басым бағыт ретінде атап өтті. Осы тапсырмаларды орындау аясында Қосшы қаласында индустриялық аймақ құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қаланың Бас жоспарына сәйкес, Тайтөбе аумағынан индустриялық аймақ үшін жалпы көлемі 209 гектар жер қарастырылды. Қосшы қаласы әкімдігінің қаулысымен аталған жер учаскесі мемлекеттік қажеттілікке алынды. Инженерлік инфрақұрылымға қажетті техникалық шарттар да бар.
Суға деген қажеттілік - тәулігіне 50 текше метр.
Электр энергиясына қажеттілік - 4,9 мегаватт.
Газбен қамтуға тәулігіне 1000 текше метр көлемінде өтінім жолданды.
Бюджеттік өтінім мақұлданған жағдайда инженерлік желілер құрылысын 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Индустриялық аймақта жалпы құны 292 миллиард теңгені қамтитын 7 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Олардың нәтижесінде 3 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілып отыр.
Негізгі жобалардың қатарында көпсалалы өндірістік кешен, шыны өңдеу өндірісі, өндірістік база, көкөніс пен жемісті сақтау және өңдеу кешені, сүт өнімдері мен ірімшік өндіру жобалары бар. Бүгінде бірқатар жоба бойынша жер бөлу және құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚ
Жер көлемі 209 гектар.
Жобалардың жалпы құны 292 млрд теңге.
Инвестициялық жобалар саны - 7.
Жоспарланған жұмыс орындары - 3 мыңнан асады.
Электр қуатына қажеттілік - 4,9 МВт.
- Туризм саласында қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
- Қосшы қаласындағы «Ерзо Парк» демалыс орнының аумағында ат спорты манежінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның жалпы ауданы – 2580,8 шаршы метр. Құрылыс учаскесінің көлемі - 0,77 гектар. Нысан аумағы толық қоршалды.
Жобаның алдын ала құны - 590,9 миллион теңге. Қазір қажетті құрал-жабдықтарды орнату және монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде электр жарығын жүргізу, инженерлік инфрақұрылымды реттеу және аумақты абаттандыру жұмыстары қамтылған.
Нысанды 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жоба Қосшыдағы туризм саласын дамытуға, ұлттық ат спорты дәстүрлерін насихаттауға және қаланың туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
- Әлеуметтік көмек пен жұмыспен қамту саласындағы көрсеткіштер қандай?
- 2026 жылдың басынан бері Қосшы қаласында 348 адамға жалпы сомасы 23 миллион теңге әлеуметтік көмек төленді. Атаулы әлеуметтік көмекпен 263 отбасы қамтылды. Қазір осы көмекті 62 отбасы алып отыр.
Қалада 510 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оларды қажетті құрал-жабдықтармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуге 114 миллион 47 мың теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Сондай-ақ Мансап орталығына 383 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген.
Жыл басынан бері қалада 346 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл көрсеткіш жылдық жоспардың 23,9 пайызын қамтиды.
Жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы 62 адам қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына және жастар тәжірибесіне жолданды.
Былтыр 20 азамат жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алды. Бір гранттың мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 миллион 572 мың 800 теңге.
Қазір Enbek.kz порталына Қосшы қаласы бойынша 49 бос жұмыс орны жарияланған. Сонымен қатар Мансап орталығында 93 бос жұмыс орны ұсынылып отыр.
Бұл ретте жұмыссыз азаматтарды тек есепке қоюмен шектелмей, оларды нақты жұмысқа орналастыру, қайта оқыту және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау маңызды. Енді индустриялық аймақ, жаңа аурухана және инвестициялық жобалар іске қосылған кезде қалада тұрақты жұмыс орындарының саны айтарлықтай артады деп сенеміз.
ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ
Әлеуметтік көмек алғандар: 348 адам.
Төленген қаражат: 23 млн теңге.
Атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылғандар: 263 отбасы.
Жаңа жұмыс орындары: 346.
Мемлекеттік грант алғандар: 20 азамат.
- Көпшілікті толғандырған тағы бір сұрақ: Қосшыдағы мектеп және балабақша тапшылығы қалай шешілмек?
- Қалада мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді 43 мектепке дейінгі ұйым жүзеге асырады. Қазір Қосшының орта білім беру жүйесінде 8 мектеп жұмыс істейді. Оның жетеуі – мемлекеттік жалпы білім беретін, біреуі – жекеменшік мектеп.
Мемлекеттік мектептердің жалпы жобалық қуаты - 7 260 орын. Алайда 2025-2026 оқу жылының басында қала мектептеріндегі оқушылар саны 13 098-ге жетті. 1-сыныпқа 1 529 оқушы қабылданды. 11-сыныпта 580 оқушы білім алды. Олардың 20-сы «Алтын белгіге», 39-ы үздік аттестатқа үміткер болды.
Бұл көрсеткіштер мектеп тапшылығының қаншалықты өзекті екенін көрсетеді. Оқушылар саны мектептердің жобалық қуатынан едәуір жоғары. Сондықтан жаңа мектептер салу, қолданыстағы білім нысандарының мүмкіндігін кеңейту және жекеменшік білім беру ұйымдарын тарту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Жаңа мектеп салумен қатар, оған апаратын жол, көше жарығы, жаяу жүргіншілер өткелі, жылу, су және электр желілері бірге қарастырылуы керек.
Сонымен қатар 280 орындық балабақшаның құрылысын аяқтау да мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы кезекті азайтуға мүмкіндік береді.
БІЛІМ БЕРУ
Қалада 43 мектепке дейінгі ұйым бар.
Мектеп саны - 8.
Мемлекеттік мектептердің жобалық қуаты - 7 260 орын.
Оқушылардың нақты саны - 13 098.
Бірінші сынып оқушылары - 1 529.
- Қаланың мәдениеті мен бұқаралық спортын дамыту бағытында қандай нәтижелерге қол жеткізілді?
- Қоғамдық мәдени-спорт кешені Қосшы қаласындағы негізгі мәдени және спорттық орталықтардың біріне айналды. Бүгінде оның қызметін 70 мыңнан аса тұрғын пайдаланған.
Қалада 80 мыңға жуық көрерменді қамтыған 400-ге жуық мәдени-рухани іс-шара өткізілді.
Қосшы қаласының өнерпаздары халықаралық, республикалық, аймақтық және облыстық байқауларда табысты өнер көрсетіп, жалпы саны 47 жүлделі орынға ие болды.
«Өнер - халық қазынасы» дәстүрлі облыстық халық шығармашылығы байқауында Қосшы қаласы үшінші мәрте бас жүлде - автокөлікті жеңіп алды. Бұл - қаламыздағы мәдениет қызметкерлерінің, шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың үлкен жетістігі.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында қала тұрғындары үшін 20 спорттық турнир ұйымдастырылды. Бұл жарыстар республикалық, облыстық және қалалық деңгейде өтіп, ересектерді, балаларды, жасөспірімдерді және қала тұрғындарын қамтыды.
Қосшы спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда спорттың әр түрінен 20-дан аса алтын, 12 күміс және 8 қола медаль жеңіп алды.
Бұқаралық спортты дамыту - тұрғындардың денсаулығын жақсартудың және жастарды саламатты өмір салтына тартудың маңызды тетігі. Сондықтан жаңа футбол алаңдары, спорттық алаңдар және ат спорты манежі сияқты нысандарды көбейту жұмыстарын жалғастыра береміз.
- Ішкі саясат, қоғамдық келісім және жастарды қолдау бағытында қандай жұмыстарды атап өтер едіңіз?
- Ішкі саясат саласында ана мен бала денсаулығын сақтау, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бағытында ақпараттық-түсіндіру шаралары жүргізілді. Қазір қаладағы қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.
Қосшы - әртүрлі өңірлерден көшіп келген азаматтар мекендейтін жас қала. Сондықтан қоғамдық келісім, өзара құрмет және ортақ қалалық мәдениет қалыптастыру аса маңызды.
Дін саласында заң талаптарын түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу және тұрғындардың діни сауатын арттыруға бағытталған жұмыстар атқарылды.
«Жасыл ел» жобасы Қосшы қаласында төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып отыр. 2026 жылы бұл жоба аясында 100 жасқа жұмыс орны бөлінді.
Сонымен қатар Қосшыда түрлі этнос пен әлеуметтік топ өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Біз үшін әр тұрғынның өзін осы қаланың толыққанды азаматы ретінде сезінуі де маңызды. Қаланың қоғамдық өміріне араласу, ұсыныс айту, ортақ бастамаларды қолдау, өз ауласы мен көшесіне жауапкершілікпен қарау - жаңа қалалық мәдениетті қалыптастыратын негізгі құндылықтар.
Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Дегенмен тұрақтылық өздігінен қалыптаспайды. Оның негізінде тұрғындармен ашық сөйлесу, көтерілген мәселелерге дер кезінде жауап беру және шешім қабылдауда қоғамдық пікірді ескеру жатыр. Сондықтан қоғамдық тыңдаулар, азаматтарды жеке қабылдау, үкіметтік емес ұйымдармен, қоғамдық кеңес мүшелерімен, ардагерлермен, жастармен және белсенді азаматтармен кездесулер тұрақты өткізіліп келеді.
Жаңа айтылған дін саласына толығырақ тоқталсақ, бізде тұрғындардың діни сауатын арттыру, зайырлылық қағидаттарын түсіндіру, діни экстремизм мен радикалды идеологияның алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта теологтар, дінтанушылар, құқық қорғау органдарының мамандары және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істейді.
Жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені Қосшы - тұрғындарының орташа жасы салыстырмалы түрде төмен, балалары мен жастары көп қала. Жастарымызды тек мерекелік іс-шараларға қатыстырумен шектелмей, оларды еңбекке, кәсіпкерлікке, қоғамдық белсенділікке, шығармашылық пен спортқа бағыттауымыз қажет.
Жастар тәжірибесі, қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындары, мемлекеттік гранттар мен кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы да жас қосшылықтардың білімін, қабілетін және іскерлік бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беріліп отыр. Алдағы уақытта жастардың ұсыныстарын жинақтайтын ашық пікірталас алаңдарын көбейтіп, мәдени, зияткерлік және шығармашылық жобаларды қолдауға басымдық береміз.
Ішкі саясаттың тағы бір маңызды бағыты - қаланың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру. Ақпараттық саясат дегеніміз тек әкімдіктің атқарған жұмысын жариялау емес. Оның басты міндеті - тұрғындарға шынайы әрі жедел ақпарат беру, күрделі мәселелерді кәсіби тұрғыдан түсіндіру, қоғамдағы түрлі пікірге орын беру және билік пен халық арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету.
Қала мәртебесін алғаннан кейін Қосшының өзіндік ақпараттық алаңын қалыптастыру қажеттілігі туындады. Осы мақсатта Қосшы қаласының «Jana Bastau» әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси газеті ашылды. Сонымен қатар бүгінде республика көлемінде танылып үлгерген janabastau.kz ақпарат агенттігі жұмыс істеп тұр. Бұл екі ақпарат құралы Қосшының күнделікті тыныс-тіршілігін хабарлаумен ғана шектелмей, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын, инфрақұрылымдық жобаларын, қоғамдық мәселелерін, мәдениеті мен тарихын сараптамалық тұрғыдан көрсетуге үлес қосып отыр.
Бұл - қоғам мен билік арасындағы байланыстың маңызды тетігі. Өйткені кейбір күрделі мәселені қысқа хабарламамен түсіндіру мүмкін емес. Оның себептерін, қаржыландыру жолдарын, техникалық ерекшеліктерін және орындалу мерзімін тұрғындарға жан-жақты әрі түсінікті жеткізу қажет. Мұндай жағдайда кәсіби журналистика мен сараптамалық материалдардың маңызы арта түседі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 5 қаңтарда мерзімді баспасөзге берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр», – деп атап өтті. Президент әлеуметтік желілер үстемдік құрған кезеңде сапалы баспасөздің адамның ойлау мәдениетін сақтаудағы маңызына назар аударды. Бұл пікір қазіргі ақпараттық қоғам үшін өте өзекті. Әлеуметтік желі ақпаратты жылдам жеткізгенмен, онда тексерілмеген мәлімет, үстірт пікір, арандатушылық мазмұн мен жалған ақпарат жиі кездеседі. Ал кәсіби баспасөз деректі тексеріп, мәселенің мәніне үңіліп, оқырманға ой қорытуға мүмкіндік береді.
Келер жылы, яғни 2027 жылы Қосшы қаласының ақпараттық саясатын бес жыл бойы жүйелі әрі сараптамалық негізде насихаттап келе жатқан «Jana Bastau» басылымына бес жыл толады. Бұл - бір редакцияның ғана емес, Қосшы қаласының ақпараттық кеңістігінің қалыптасуындағы маңызды белес. Сондықтан басылымның бес жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді жоспарлап отырмыз.
Қазір баспасөз бен цифрлық медианы бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Керісінше, газеттің тереңдігі мен ақпарат агенттігінің жеделдігін үйлестіре білу қажет. «Jana Bastau» газеті сараптамалық, тарихи және қоғамдық маңызы бар материалдарды жүйелі түрде ұсынса, janabastau.kz ақпарат агенттігі қаланың тыныс-тіршілігін жедел жеткізіп, оның ақпаратын республика аудиториясына таратады.
Қосшының қоғамдық келісімі мен тұрақтылығы тек ресми іс-шаралармен өлшенбейді. Ол тұрғындардың бір-біріне құрметінен, жастардың қала өміріне белсенді қатысуынан, мемлекеттік органдардың ашықтығынан және ақпарат құралдарының жауапкершілігінен көрінеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасады.
- Бір жүйеге келтіріп айтқанда, Қосшы қаласының алдағы кезеңдегі негізгі басымдықтары қандай болады?
- Бірінші басымдық - инженерлік инфрақұрылымды халық санының өсу қарқынына сәйкестендіру. Бұл бағытта электр желілерін жаңғырту, сумен жабдықтау қуатын арттыру, газдандыруды толық аяқтау, кәріз жүйесін салу және жылу көздерін жаңарту қажет.
Екінші басымдық - әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Жаңа мектептер, балабақшалар, медициналық, мәдени және спорттық нысандар салу қажет.
Үшінші бағыт - жол-көлік инфрақұрылымы. Жаңа жолдар салу, қолданыстағы көшелерді жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын, жарықтандыруды және қоғамдық көлікті дамыту жалғасады.
Төртінші бағыт - тұрақты жұмыс орындарын ашу. Бұл үшін индустриялық аймақты дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және кәсіпкерлікті қолдау қажет.
Бесінші бағыт - қалалық ортаның сапасы. Қосшы тұрғындар үшін таза, қауіпсіз, жасыл және жайлы қала болуы керек.
Әрине, бес жылдың ішінде барлық мәселені толық шешу мүмкін емес. Қосшының кейбір инфрақұрылымдық проблемалары қала мәртебесін алғанға дейінгі кезеңнен бері жинақталған. Бірқатар инженерлік желі кезінде толық аяқталмаған, коммуналдық меншікке берілмеген немесе халықтың қазіргі санына есептелмеген. Қазір біз осы мәселелерді заңдық, техникалық және қаржылық тұрғыдан кезең-кезеңімен шешіп жатырмыз.
Тұрғындарға жалпылама уәде емес, нақты нәтиже керек. Сондықтан әр жобаның мерзімі, жауапты мердігері және қаржыландыру көзі айқын болуға тиіс деп есептеймін.
ҚОСШЫНЫҢ НЕГІЗГІ БАСЫМДЫҚТАРЫ
- инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту;
- қаланы толық газдандыру;
- ауыз судың сапасын жақсарту;
- орталықтандырылған кәріз жүйесін салу;
- электр және жылу қуатын арттыру;
- жаңа мектептер мен балабақшалар салу;
- медициналық қызметтің қолжетімділігін кеңейту;
- жолдар мен қоғамдық көлікті дамыту;
- индустриялық аймақ құру;
- тұрақты жұмыс орындарын көбейту;
- қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру.
- Міне, қазір Қосшы қаласының қала мәртебесін алғанына бес жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай тұрғындарға қандай тілегіңіз бар?
- Құрметті Қосшы қаласының тұрғындары! Баршаңызды Қосшы қаласының қала мәртебесіне ие болғанына бес жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бес жыл тарих үшін қысқа ғана кезең болуы мүмкін. Бірақ Қосшы үшін бұл - үлкен өзгерістерге, жауапты шешімдерге, күрделі сынақтар мен жаңа мүмкіндіктерге толы уақыт.
Осы бес жылдың ішінде Қосшы елорда іргесіндегі шағын елді мекеннен республика көлемінде танылған, халқы жыл сайын өсіп келе жатқан жас қалаға айналды. Қала мәртебесін алу Қосшының тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Дербес бюджет қалыптасты, жеке мемлекеттік басқару жүйесі құрылды, қаланы дамытудың Бас жоспары бекітілді.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ірі жобалар қолға алынды. Газ құбырлары тартылып, электр желілері жөнделді, жаңа ұңғымаларды бұрғылау мен су резервуарларын тазарту жұмыстары басталды.
Жолдар салынып, көшелер жөнделіп жатыр. Жаңа аялдамалар, балалар мен спорт алаңдары, скверлер және қоғамдық кеңістіктер пайда бола бастады.
Тәулігіне 1 мың адам қабылдайтын жаңа емхана ашылды. 350 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр.
Әлеуметтік осал санаттағы жүздеген отбасы баспаналы болды. Он жылдан аса уақыт бойы пәтерін күткен үлескерлердің мәселесі шешілді.
Қаланың жылу жүйесін жаңғырту, кәріз жүйесін салу, электр қуатын арттыру және толық газдандыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қосшының экономикалық дербестігін қалыптастыру үшін индустриялық аймақ құру қолға алынды. Жалпы құны жүздеген миллиард теңгені қамтитын инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға негіз қаланып отыр.
Мәдениетіміз бен спортымыз да дамып келеді. Қосшылық өнерпаздар республикалық және халықаралық сахналарда жүлде алып, спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғауда.
Осының барлығы - бір күнде немесе бір адамның еңбегімен жасалған жұмыс емес, мемлекет қолдауының, облыс басшылығының, мәслихат депутаттарының, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпкерлердің, қоғамдық ұйымдардың және бастысы, қала тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі.
Қосшының басты байлығы - оның тұрғындары. Демек, қаланың әрбір жетістігінің артында ұстаздардың, дәрігерлердің, құрылысшылардың, коммуналдық сала мамандарының, кәсіпкерлердің, мәдениет және спорт қызметкерлерінің, тәртіп сақшыларының, жастардың, ардагерлердің еңбегі тұр.
Қосшыда еліміздің әр өңірінен келген азаматтар тұрады. Барлығымыздың туған жеріміз әртүрлі болуы мүмкін, бірақ бізді біріктіретін ортақ мекен - Қосшы. Сондықтан қаламыздың болашағы да біздің бірлігімізге, өзара түсіністігімізге және ортақ жауапкершілігімізге байланысты.
Әрине, шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Ауыз судың сапасы, электр желілерінің тұрақтылығы, кәріз жүйесі, мектеп тапшылығы, жолдар мен абаттандыру мәселелері тұрғындарды алаңдататынын біз жақсы білеміз және бұл мәселелерді жасырмаймыз. Әрқайсысын кезең-кезеңімен шешуге бар күш-жігерімізді саламыз.
Қосшының өсу қарқыны бізден бұрынғыдан да жедел, нақты және жауапты шешімдерді талап етеді.
Алдағы бес жылда инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, индустриялық аймақты іске қосу, тұрақты жұмыс орындарын ашу және Қосшыны жайлы қалаға айналдыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Біздің ортақ мақсатымыз - Қосшыны тек елордаға жақын орналасқан қала емес, өз экономикасы, өндірісі, мәдениеті, білім беру және әлеуметтік жүйесі қалыптасқан заманауи шаһарға айналдыру.
Қосшы - жас қала. Оның қала ретіндегі тарихы енді жазылып жатыр. Бұл тарихты әкімдік те, құрылыс компаниялары да жеке жаза алмайды. Қаланың шынайы тарихын осында өмір сүріп, еңбек етіп, бала тәрбиелеп, кәсіп ашып, ел игілігіне қызмет етіп жүрген тұрғындар түгел жазады. Сондықтан әрбір қосшылықты қаламыздың тазалығына, тыныштығына, қоғамдық тәртібіне және дамуына жауапкершілікпен қарауға шақырамын. Ортақ үйімізге жанашырлық танытып, жақсы бастамаларды бірге қолдап, кемшіліктерді бірлесіп түзеткенде ғана Қосшы шын мәніндегі үлгілі қалаға айналады.
Әр шаңыраққа амандық, денсаулық, молшылық пен береке тілеймін. Балаларымыз білімді, жастарымыз талапты, үлкендеріміз абыройлы болсын! Қаламызда әрдайым тұрақтылық, келісім мен татулық орнасын. Қосшының көшелері көркейіп, экономикасы нығайып, әлеуметтік нысандары көбейіп, тұрғындарының тұрмыс сапасы арта берсін. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз өнімді, болашағымыз жарқын болсын!
Қосшының алғашқы бес жылы - үлкен жолдың бастауы. Алдымызда атқарылатын жұмыс та, бағындыратын белес те көп.
Баршаңызды Қосшы қаласының бес жылдығымен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Қосшымыз көркейе берсін!
Қаламыздың мерейі үстем, болашағы баянды болсын!
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Еркеғали Бейсенов
Пікірлер (0)