«Мерейлі отбасы» жеңімпазы Ілиясовтар әулеті дауыс берді

Қосшы жаңалықтары
view 26
news

Фото

Қосшы қаласында 2026 жылғы «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының жеңімпазы Ілиясовтар әулеті дауыс берді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Ілиясовтар – бірнеше буынның басын біріктірген, отбасы құндылықтарын берік ұстанып, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті өмір салтына айналдырған өнегелі отбасы.

Әулеттің алтын діңгегі – Қарлығаш әже. Ол – 4 баланың анасы, 12 немеренің әжесі, 33 шөберенің және 2 шөпшектің ардақты әжесі. 2013 жылдан бері оның шаңырағында үш буын – үлкен ене, келін және немере келін бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.

Қарлығаш әже – жасы ұлғайғанына қарамастан, белсенді, ізденімпаз жан. Әлеуметтік желілерді пайдаланып, YouTube арқылы тігін өнерін үйренеді, өз қолымен көрпеше, жастық және түрлі бұйымдар тігіп, жақындарына сыйлайды. Қазақ тіліндегі сканвордтар шешіп, есте сақтау қабілетін де үнемі жаттықтырады.

Әулетте білімге, еңбекке, үлкенді сыйлауға және кішіге қамқор болуға ерекше мән беріледі. Балалары мен немере-шөберелері білім, спорт және шығармашылық бағыттарында белсенді. Мектеп оқушылары олимпиадаларға қатысып, футбол, жүзу, сурет салу, кітап оқу секілді бағыттарда өз қабілеттерін дамытып келеді.

Әулеттің келіні Сұлуай Қуанышқызы – ұстаздық жолда абыройлы еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. 2025 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Ерен еңбегі» медалімен марапатталды. Оның еңбегі – білім мен тәрбиеге деген отбасы құндылығының жалғастығы.

Ілиясовтар шаңырағында бір дастарқан басына жиналу, үлкеннің батасын алу, кітап оқу, табиғатты аялау және қонақжайлық дәстүрлері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Қарлығаш әженің 85 жылдық мерейтойына орай қызы Бағила Саламатқызы «Өмір жолындағы отбасылық естеліктер» атты кітапша жазып, әулеттің тарихы мен естеліктерін кейінгі ұрпаққа аманат етті.

Ілиясовтар әулетінің басты байлығы – ұрпақтар сабақтастығы, өзара сыйластық, еңбекқорлық пен береке-бірлік. Осындай өнегелі шаңырақ – отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұлттық тәрбиені кейінгі ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *